Популярные тэги

Трамптың қолпашы, Тоқаевтың уәдесі: Қазақстан Газаға қатысты қандай міндеттеме алды

Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің отырысы тосын мәлімдемелерге толы болды.


20/02/2026
00:24 57 0

«Қазақстан – өте бай әрі керемет ел»

 

Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында сөз алған АҚШ президенті Дональд Трамп кеңес мүшелерінің әрқайсын таныстырып, қысқаша анықтама берді.  Кезек Қазақстан басшысына келгенде ол:

«Қазақстан президенті Тоқаев. Көп рахмет! Қазақстан қандай ел деген сұрақтарыңыз болса, айтайын, бұл керемет әрі өте бай мемлекет. Бүгін мұнда бақуатты адамдар жиналды», – деді.

 

Ақ үй басшысы Қазақстан президентіне алғыс айта отырып, Қазақстанның Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыру үшін бейбітшілік миссиясын жіберуге келіскенін мәлімдеді.

 

Оның сөзінше, Қазақстанмен қоса Индонезия, Марокко, Албания, Косово сынды елдер де Газада тұрақтылық орнату үшін әскерилер мен полиция қызметкерлерін жіберуге әзір.

 

Қазақстан Газаға қандай көмек көрсетеді

 

Отырыста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сөз сөйледі. Ол АҚШ-тың бейбітшілік бастамаларын қолдап, Қазақстанның Газаға және өзге өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

 

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан беделі жоғары халықаралық компаниялар арқылы қалпына келтіру және құрылыс үдерістеріне қатысуға ниетті. Қазақстан Үкіметі қаржыландыратын бағдарлама аясында инфрақұрылым, тұрғын үйлер мен тұрғын кешендер, мектептер, ауруханалар және өзге де маңызды азаматтық нысандар салынбақ. Сондай-ақ, аумақты тазарту жұмыстары да қамтылады.

 

«Әлемдегі ірі бидай өндіруші елдердің бірі ретінде Қазақстан Газа аймағы мен өзге өңірлерде азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған электронды үкімет саласындағы тәжірибесімен және цифрлық шешімдерімен бөлісуге әзір. Елдің ISF-ті қолдау мақсатында әскери және медициналық бөлімшелерді жіберуге, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына байқаушылар ұсынуға дайын», – деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан алдағы бес жыл ішінде палестиналық студенттерге грант бөлетіні айтылды.

 

«Алдағы бес жыл ішінде палестиналық студенттерге Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу үшін 500 грант бөлу жоспарланып отыр», – деді президент.

 

Бейбітшілік кеңесі қандай ұйым?

 

Еске салайық, Бейбітшілік кеңесі – Газадағы жағдайды реттеу үшін Трамп бастамасымен құрылған ұйым. Оның Жарғысына Қазақстан, Өзбекстан, Венгрия және Армения тәрізді 18 ел қатысты. 

 

Бұл кеңесті құру туралы идея өткен жылдың қыркүйек айында айтыла бастады. Сол кезде АҚШ билігі президент Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған 20 тармақтан тұратын жоспарын жариялады. Онда ұрыс қимылдары аяқталып, кепілге алынғандар босатылғаннан кейін аймақты қалпына келтіру басталатыны көрсетілген.

 

Ұрыс тоқтап, кепілдегілер үйіне оралған соң Трамп Газа секторын басқаруды Палестина комитетіне тапсырды. Көп ұзамай комитет қызметін үйлестіру және оны қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында Бейбітшілік кеңесі құрылды.

 

16 қаңтарда АҚШ билігі Бейбітшілік кеңесіне екі құрылым бағынатынын мәлімдеді. Олар – атқарушы кеңес және Газа жөніндегі атқарушы комитет. Екі құрылым өкілдерінің басым бөлігі АҚШ-тың лауазымды тұлғалары. Мәселен, Атқарушы кеңес мүшелерінің тізімінде:

 

· АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио;

 · АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф;

 · Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер;

 · Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр;

 · Apollo Global Management инвестициялық қорының бас директоры Марк Роуэн;

 · Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга;

 · АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Роберт Габриэль бар.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

20/02/2026 00:24
57 0

Уведомление