Тосыннан тексеру: 1 ақпаннан бастап білім беру ұйымдары неге дайын болуы тиіс?
Бүгін үкімет «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекітті. Бағдарлама аясында қандай іс-шаралар атқарылатынын Masa media тілшісі тарқатады.
фото: Sputnik
Үкімет басшысының дерегінше, бүгінде Қазақстанда 7 млн бала бар. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын, нақты айтсақ – 34 пайызын балалар құрайды. Сондықтан президент Ұлттық құрылтайда жас ұрпақ тәрбиесіне баса тоқталып, «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Тұжырымдама дайын. Оны бүгін үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі таныстырды. Бағдарламада білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған.
Тосыннан кіріп келу
Олжас Бектеновтің айтуынша, 1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымдарына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі.
– Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты. Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.
Зиянды тағамдарға тәуелділік
Үкімет отырысында жасөспірімдер фастфуд пен энергетикалық сусындарға тәуелділігі де сөз болды. Премьер-министр Денсаулық сақтау министріне шектеу шараларын енгізуді тапсырды.
– Ақмарал Шәріпбайқызы балалардың ішіп-жейтін тамағы – маңызды мәселе. Бізде өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдердің көбісі фастфудқа, энергетикалық сусындарға құмар. Тіпті кей кезде оған тәуелді болып қалады. Осы қауіпке бәріміз бүкіл ел болып, қоғам болып тойтарыс беруіміз керек. Бұл – өте қауіпті жағдай. Ұсыныстар енгізіңіздер, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Зорлық-зомбылықтан қорғау
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинеті ашылады. Бұл туралы бүгін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
– Бүгінде елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен «111» байланыс орталықтары енгізілген. Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланды, – деді министр.
Оның айтуынша, бұзушылық фактілерінің алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық шара әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруінің негізі саналады.
– Жалпы алғанда, соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігін жақсарту үшін бірқатар жүйелі шара қабылданды. Білім беру мекемелері техникалық қауіпсіздік жабдықтарымен толық жабдықталған. Жазғы лагерьлердің қызметін лицензиялау 2026 жылдың 1 сәуірінен, ал мектепке дейінгі мекемелерді 2027 жылға жоспарланған. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау шараларының бірі – заңсыз мазмұндағы ақпаратты жоймағаны үшін онлайн платформаларға жаза күшейтілді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ерекше балаларды оңалту
Премьер-министрдің сөзінше, елімізде балалардың сапалы медициналық көмек алу мәселесі жақсарғанымен, мамандардың, дәрілік заттардың жетіспеушілігіне, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар аз емес.
– Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың бірқатар жаңа тетіктері енгізілді. Бірақ оны тиімді іске асыру үшін тиісті жағдайлар мен арнайы мамандар – дефектологтар, логопедтер, сурдологтар қажет. Ал бізде мұндай мамандар жетіспейді, – деді Олжас Бектенов.
Ауыл балаларына назар
Балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалып жатқаны жасырын емес. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айырылып отыр.
– Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруға тиіс, – деді үкімет басшысы.
14:49
238
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.