Тоқаев орыс тілін қолдау жөніндегі халықаралық ұйым құру жобасын мақұлдады

Президент ТМД саммитінде орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қоюды «тарихи шешім» деп атаған


18/10/2023
17:26 8041 0

Фото: Азаттық радиосы 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құру туралы келісім жобасын мақұлдады.  

Қазақстанның нормативтік актілер сайтында жарияланған құжатта «келісім мемлекетаралық қатынас тілі және қарым-қатынас құралы ретінде орыс тілін сақтау және дамыту мәселелері бойынша жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін жағдай жасауға негізделгені» жазылған. 

Құжатта орыс тілі БҰҰ, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуразия экономика одағы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының ресми әрі/немесе жұмыс тілі екені атап көрсетілген. 

«Ұйымның мақсаты: келісімге қол қойған тараптар арасында достық, тату көршілік, өзара түсіністік және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту және нығайту; мемлекетаралық қатынас тілі және қарым-қатынас құралы ретінде орыс тілін сақтау және дамыту мәселелері бойынша қатысушы мемлекеттердің жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастығын нығайту» деп жазылған ұйым жарғысында. 

Ұйымның міндеттерінің бірі ретінде «орыс тілінде білім беру сапасын қолдау»«орыс тілі және әдебиет» және «орыс тілі шет тілі ретінде» бағыттары бойынша педагогика және ғылыми кадрларды дайындауға атсалысу, сонымен бірге «Орыс тілі» және «Орыс әдебиеті» пәндерінің оқулықтары мен оқу нұсқаулықтарына сараптама жүргізу бойынша тәжірибе алмасу; мемлекетаралық қатынас құралы ретінде орыс тілін қолдау және танымал етуді көздейтін шығармашылық жобаларға грант байқауларын бекіту» деп жазылған. 

Құжатқа қол қоюы тиіс елдер ретінде Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан мен Украина деп жазылған.

13 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері арасындағы қатынаста орыс тілінің «ерекше рөлі» туралы айтқан. Бішкектегі ТМД жетекшілерінің саммитінде ол орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қоюды «тарихи шешім» деп атаған. 

Тоқаев бұл ұсынысын Ресейде Қазақстандағы орыс халқы мен орыс тілінің жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген тұста жасаған еді.

Ресейлік саясаткерлер «Қазақстан орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деп оқтын-оқтын мәлімдеме жасап, Қазақстандағы қазақ тілді белсенділердің әрекетін және тілге қатысты заңдарды жиі сынға алады.

Былтыр 25 қазанда Тоқаев Республика күніне орай өткен жиында «қазақ тілі мәңгілік тұғырында болатынын айта келе», тіл мәселесінен «саяси құрал жасауға болмайды» деген.

Бішкектегі саммитте Тоқаев «Қазақстан қазақ тілінің мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді» деп те мәлімдеген.

Кейінгі уақытта қазақстандықтар қоғамдық орындарда, кафелерде, қызмет көрсету салаларында тұтынушы ретінде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ете бастағаны байқалады.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

18/10/2023 17:26
8041 0

Уведомление