Тоқаев айтқан референдумның мәні және АЭС салу қаншалықты қауіпсіз?

«АЭС салынса Балқаш өледі»


01/09/2023
15:11 9613 0

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа жасаған жолдауында атом электр станциясын салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығару қажеттігін айтты. 

 

– Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз, – деді ол жолдауында. 

 

Тоқаев 2019 жылы АЭС салуға байланысты «қажет болса, бұл мәселе бойынша референдум өткіземіз» деп мәлімдеген. Бірақ биыл жазда энергетика министрлігі «референдум өтпейтінін» айтқан. Осыдан кейін экобелсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері «билік неге уәдесін орындамайды?» деп наразылық білдірген. 

 

САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ ӨЗГЕРМЕСЕ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ МӘНІ ЖОҚ

 

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт АЭС салуға байланысты референдум өткізу үшін қазіргі Орталық сайлау комиссиясы мен аймақтық сайлау комиссия мүшелерін одан шеттету қажет дейді. Өйтпеген жағдайда оны өткізудің ешқандай мәні жоқ. 

 

– АЭС салу бойынша референдум былтырғы 5 маусымдағы «референдум» сияқты өтсе, оның еш мәнісі жоқ. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы және аймақтық сайлау комиссияларының қазіргі мүшелерін референдумнан шеттету қажет. Олардың орнына әр аймақтың абыройлы азаматтарын таңдау керек. Оларды репутациясы былғанбаған жергілікті қоғамдық және саяси белсенділер, ешбір саяси партияда жоқ заңгерлер, зейнеттегі және биліктің «кампанейщиналарына» араласпаған ЖОО оқытушылары қатарынан табуға болады. Референдум күні учаскелерде бюллетеньдерді бірден есептейтін сканерлерді орнатуды, учаскелерді камералар арқылы тікелей эфирде бақылауды, әр учаскенің протоколдарының скан-көшірмесін референдум күні ортақ сайтқа жариялауды қамтамасыз ету қажет, – дейді ол. 

 

Оның сөзінше, әлем тарихында АЭС салуда халықтың қарсы шығып, жеңіске жеткен мысалдары болған. Ол үшін елге дұрыс таңдау жасауға ашық мүмкіндік берілуі тиіс. 

 

– Әлем тарихында АЭС салу бойынша өткен референдумда халық көп жағдайда қарсы шығып, жеңіске жеткен. Мысалы, Италия, Австрия, Швейцария, Литва, Болгария, Швеция секілді елдерде өткен референдумда халық АЭС салуды тоқтатқан. Ең бастысы, бұл мемлекеттерде сайлаушылардың АЭС-тің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы барынша мол ақпарат алып, саналы түрде таңдау жасауға мүмкіндігі болған.Қазақстандықтарға да ашық әрі әділ референдумда саналы таңдау жасауға дәл сондай мүмкіндік берілуі тиіс– дейді Нұрсейіт.

 

АЭС-ТІҢ ЗИЯНЫ ЖОҚ

 

22 тамызда АЭС салынады деп белгіленген Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында (Балқаш көлінің жағасында орналасқан) жария талқы өткен. Онда ауыл тұрғындары мен жергілікті билік АЭС салуды қолдап, экобелсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері оған қарсы шығып, бір мәмлеге келе алмаған. Жиында төрағалық еткен Бағдәулет Үстенов Үлкен ауылы тұрғындарының пікірі маңызды екенін, жария талқының қоғамдық талқыдан айырмашылығы сонда екенін айтқан. 

 

Ядролық физика институтының директоры Саябек Қуанышбекұлы атом электр станциясын салудан қорқудың қажеті жоқ дейді. Оның сөзінше, Қазақстанның «су-су атом реакторын» пайдалануда тәжірибесі мол және атом электр станциясының қоршаған ортаға зияны жоқ. 

 

– 56 жыл бұрын Қазақстанда «су-су зерттеу реакторы» ашылды. Біз қазір Қазақстанда «су-су энергетикалық реакторын» таңдап отырмыз. Бұл соның нағыз прототипі. Халықаралық МАГАТЭ ұйымының талаптарын осы уақытқа дейін Қазақстан қанағаттандырып келеді, – дейді Қуанышбеков. 

 

АЭС САЛУ ҮЛКЕН ҚАУІП

 

Austausch e.V халықаралық үкіметтік емес ұйымының климат және экология бөлімінің басшысы Феликс Айтнердің сөзінше, Қазақстанға атом электр станциясын салуды таңдаудың қажеті жоқ. Себебі Қазақстанның баламалы энергия көздерін пайдалануда мүмкіндігі жоғары. 

 

– Біріншіден, атом электр станциясын салу үлкен қауіп және тәуекелді қажет етеді. Екіншіден, ол өте үлкен қаржылай шығындарға алып келеді. Менің ойымша, ұзақ мерзімге жұмыс істейтін, баламалы энергетикалық жобаларға қаржы салу қажет. Атап айтқанда, жасыл сутегі, күн панельдері мен жел энергиясына. Бұл жерде Қазақстанның потенциалы өте жоғары. Оның үстіне бұл елді атом (уран) шикізатына тәуелді етпейді, – дейді Айтнер. 

 

Оның сөзінше, АЭС толыққанды қауіпсіз жұмыс істемейді. Оған Украинадағы Чернобыль, Жапониядағы Фукусима атом электр станцияларында болған апаттар дәлел. 

 

– АЭС толыққанды қауіпсіз жұмыс істемейді. Біз бұны Украинадағы Чернобыльде, Жапониядағы Фукусимада көрдік. Бұл Қазақстанда да орын алуы мүмкін. АЭС-тің экологиялық салдары бірнеше мың жылға созылуы мүмкін. Сол себепті мен қазақстандық экобелсенділердің жанайқайын түсінемін, – дейді Айтнер.

 

Феликс Айтнердің пікірінше, АЭС салу су мәселесіне де әсер етеді. Себебі атом электр станциясының реакторын суытып тұру үшін көп мөлшерде су қажет және пайдаланылған суды төгетін арнайы полигон қажет. Оның барлығы қоршаған ортаға кері әсер етеді. 

 

АЭС САЛЫНСА БАЛҚАШ ӨЛЕДІ

 

Эколог Мэлс Елеусізов атом электр станциясын салу Балқаш көліне қауіпті екенін айтады. Оның сөзінше, Балқаштың суы жыл сайын төмендеп барады. Болашақта бұл үрдіс жалғаса беріп, оның үстіне АЭС салынатын болса Балқаштың суы біржола тартылып қалуы мүмкін. 

 

– Егер атом электр станциясын салатын болса, Балқаш өледі. Біз қазір АЭС салу емес, Балқашты аман алып қалуды талқылауымыз қажет. Оның суы жыл өткен сайын төмендеп жатыр. Мұздықтардың 40 пайызы еріп кетті. Ертең Іле өзені тартылып, сусыз қалады. Бұл ертегі емес, нақты мәселе. Біз оны шешуді қазір ойлауымыз қажет, – дейді Елеусізов. 

 

Қазақстанда атом электр станциясын салуға байланысты мәселе бірнеше жылдан бері дау болып келеді. Азаматтық қоғам өкілдері «АЭС-ті Ресей салады, Мәскеуге кіріптар боламыз» деп қарсы шықса, экобелсенділер «АЭС экологиялық қауіптер алып келеді» деп есептейді. Бірақ осының барлығына қарамастан билік ауық-ауық атом электр станциясын салу бастамасын ауық-ауық көтеріп тұрады. 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

01/09/2023 15:11
9613 0

Уведомление