Тоқаев: «Қарағанды металлургия комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылады»


12/12/2023
14:46 11574 0

Фото: Ақорда

 

12 желтоқсанда «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтары иегерлерін марапаттау рәсімінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында инвесторы ауысқан Қарағанды металлургия комбинатына байланысты мәлімдеме жасады.

 

– Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компания меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады, – деді Тоқаев.

 

Ұзақ жыл үндістандық миллиардер меншігінде болған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жақында қазақстандық кәсіпкерге берілді. Оған «Allur Group» компаниясы акционерінің бірі Андрей Лаврентьев иелік етеді.

 

«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының атауы Қарағанды металлургия комбинаты болып өзгеріп, қысқаша «Қармет» деп аталмақ.

 

Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко шахтасында 28 қазанға қараған түні апат болып, салдарынан 46 адам қаза тапқан. Апат болған кезде жер астында 252 шахтер болған. 206 адам жер бетіне шығып үлгерген де, қалғандары шахтада қалып қойған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан шыққан өрт себеп болған. Бұл қоғамда наразылық туғызып, президент оқиға орнына барып, компанияны мемлекет иелігіне қайтару жөнінде айтқан. 

Поделиться

Нет комментариев.

12/12/2023 14:46
11574 0

Уведомление