Тікелей эфирдегі наразылық: «Пропагандаға сенбеңдер. Бұл жерде өтірік айтады»

Ресейдің «Бірінші арнасының» тікелей эфирінде Украинадағы соғысқа қарсы наразылық акциясы болды


15/03/2022
10:53 31105 0

Ресейдің «Бірінші арнасындағы» «Время» бағдарламасының тікелей эфирінде Украинадағы соғысқа қарсы наразылық акциясы болды. 

 

Тікелей эфир кезінде болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Онда бағдарлама жүргізушісі Екатерина Андреева үкіметтің батыс санкцияларының салдарын азайтуға байланысты жоспарлары жөнінде айтып отырады. Сол уақытта студияға белгісіз әйел жүгіріп шығып, «Соғыстың тоқтатыңдар, пропагандаға сенбеңдер. Бұл жерде өтірік айтады» айтады деген плакатты ұстап тұрып, «Соғысты тоқтатыңдар!», «Соғысқа жол жоқ!» деп ұрандатады. Бірнеше секундтан кейін режиссер эфирді үзіп, басқа сюжетті қойып жібереді. 

 

 

Кейіннен бұл акцияны «Бірінші арнаның» редакторы Марина Овсяникованың ұйымдастырғаны, бұған дейін оның Украинадағы соғысты айыптап, Ресейдің арандатушы ел екенін айтқан, Путинді сол арандатуға жауап беретін адам деп атаған видеоүндеу жариялағаны белгілі болды. 

 

Бұдан бөлек, ол үндеуінде әкесі украин, шешесі орыс екенін, осы уақытқа дейін «Бірінші арнада» пропагандамен айналысқанына өкінетінін және соғысқа қарсы қорықпай митингке шығу керек екенін айтқан. 

 

Наразылық акциясынан кейін Марина Овсяникованы полиция ұстап әкеткен. Адвокаттары оған әлі кіргізілмеген. 

 

Ресей әскері Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Сол уақыттан бері Ресейдің бірнеше қаласында соғысқа қарсы наразылық акциялары өтіп, 15 мыңға жуық адам қамауға алынған. Заң бойынша соғысқа қарсы шыққандарға айыппұл салынады немесе қылмыстық іс қозғалады. 

 

Украинада соғыс жалғасып жатыр...

Поделиться

Нет комментариев.

15/03/2022 10:53
31105 0

Уведомление