Тергеу изоляторындағы белсенді Санавар Закирова карцерге қамалды

Тұтқын бұған дейін мекеме басшылары әлдекімдерді өзіне қарсы айдап салатынын мәлімдеген


18/09/2020
18:12 47523 0

Фото: informburo.kz

 

Алматыдағы тергеу изоляторында отырған Санавар Закирова карцерге қамалды. Бұл туралы оның қызы, құқық қорғаушы Малика Закирова Азаттыққа хабарлады. 

 

Малика Закированың айтуынша, анасы «өзіне дәретханада тиіскен үш әйелге тойтарыс берген». 

 

Тергеу изоляторы қызметкерлері Санавар Закированың карцерге бес тәулікке қамалғанын растады. Олар «Закирова үш камераласын ұрып-соқты» деп отыр. 

 

Тұтқынның адвокаты Жанар Балғабаева қорғауға алған адамымен кездескенін айтты. 

 

— Біз сағат 18:00-де қоштастық, содан кейін Санавар Закирова прокурормен кездеспек болды. Біздің кездесуімізден кейін карцерге түскенін бүгін қызынан білдім. Санавар Закирова тамыздың ортасынан бері мекеме басшылығы сотталғандарды маған қарсы арандатып, өміріне қауіп төндіретінін үнемі айтатын. Карантинге байланысты біз, адвокаттар, қорғаудағы адамдарымызбен алдын ала жазылып қана кездесеміз. Енді мен онымен тек сейсенбіде жолыға аламын, — деді Балғабаева.

 

Қамаудағы Закирова 24 тамызда Алматы прокурорына хат жазып, изоляторда өліп қалса, бұған мекеме басшыларын кінәлауды өтінген еді. Одан үш күн бұрын прокурормен кездесуді талап етіп аштық жариялады. 

 

Закирова тергеу изоляторында Алматы қалалық сотынан өзінің апелляциялық шағымына жауап күтіп отыр. Медеу аудандық соты тамызда оған 12 ай бас бостандығынан айыру жазасын берген. Закирова «39 жастағы әйелдің денсаулығына бұзақылық ниетпен орташа ауыр деңгейде қасақана нұқсан келтірді» деп айыпталды. Жәбірленуші — Nur Otan партиясы мүшесінің қызы. 

 

Закирова — былтыр Nur Otan шағымы бойынша сотталып, өтемақы төлеуге мәжбүр болған үш азаматтың бірі. Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп атайды. 

 

Саяси тұтқындар деген кімдер? Олардың босатылуын кім және неге талап етіп жүр?

 

Поделиться

Нет комментариев.

18/09/2020 18:12
47523 0

Уведомление