Тарихи жетістік, рекордтық сыйақы: Рыбакина US Open чемпионы атанды

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің жеңімпазы атанды. «Үлкен дулыға» турнирінің финалында ол Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді.


13/09/2026
08:16 0

ЖЕҢІСКЕ ЖОЛ

 

Рыбакина үшін бұл «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші және осы маусымдағы екінші чемпиондық атақ болды.

 

Финалдық кездесу үш сетке созылды. Алғашқы партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте Соболенко таразы басын теңестіріп, 7:5 есебімен басым түсті.

 

Шешуші партияда Рыбакина қарсыласынан сенімді ойнап, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

 

Осылайша, финалдың қорытынды есебі – 6:4, 5:7, 6:2. Жеңіс Қазақстан теннисшісінің еншісінде.

 

 

РЫБАКИНА – ҮШ ДҮРКІН «ҮЛКЕН ДУЛЫҒА» ЧЕМПИОНЫ

 

Елена Рыбакина енді «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін чемпионы атанды. Ол алғашқы чемпиондық атағын 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алған.

 

2026 жылы қазақстандық теннисші алдымен Australian Open турнирінде топ жарса, енді US Open чемпионы атанды. Осылайша, Рыбакина бір маусымда төрт «Үлкен дулыға» турнирінің екеуінде жеңіске жетті.

 

Сонымен қатар, WTA турнирлерінің финалдарында Соболенкоға қарсы өткізген кездесулер бойынша Рыбакинаның басымдығы артты. Енді олардың өзара есебі – 5:2.

 

ӘЛЕМНІҢ БІРІНШІ РАКЕТКАСЫ

 

Нью-Йорктегі жеңіс Рыбакинаға тағы бір тарихи жетістік әкеледі. Дүйсенбі күні қазақстандық теннисші WTA рейтингінде Соболенконы басып озып, мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанады.

 

Бұған дейін Қазақстанның бірде-бір өкілі әйелдер арасындағы WTA жекелей сында әлемдік рейтингті басқармаған еді.

 

5,5 МЛН ДОЛЛАР СЫЙАҚЫ

 

Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі жеңісі үшін 5,5 млн доллар сыйақы алды. Бұл – кәсіби теннис тарихындағы бір турнир чемпионына берілген ең ірі жүлде.

 

Финалда қазақстандық теннисші Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанды. Нью-Йорктегі жеңіс Рыбакинаға «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атағын ғана емес, рекордтық сыйақыны да алып келді.

 

US Open-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 108 млн долларды құрады. Бұл өткен жылғы 90 млн доллармен салыстырғанда 20 пайызға көп. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында жеңімпаздарға 5,5 млн доллардан табыстау көзделген.

 

Теңгеге шаққанда, Рыбакинаның жүлдесі шамамен 2,48 млрд теңге болады. Бұл – салықтар ұсталғанға дейінгі сома.

 

ТЕННИСШІ ӨЗ РЕКОРДЫН ЖАҢАРТТЫ

 

US Open-ге дейін Рыбакина ең ірі сыйақысын 2025 жылғы WTA қорытынды турниріндегі жеңісі үшін алған. Қазақстандық теннисші сол кезде бес кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, 5,235 млн доллар иеленген. Ол кезде бұл әйелдер теннисіндегі рекордтық сыйақы болатын.

 

US Open финалисі Соболенко 2,8 млн доллар алды. Бұл чемпионның жүлдесінен шамамен екі есе аз.

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/09/2026 08:16
0

Уведомление