Талдықорғандағы азаптау ісі. Күдікті полицейлер бостандықта жүр

Жәбірленуші 23 адамның төртеуі кәмелет жасына толмаған


12/09/2022
12:15 6502 0

Талдықорғанда «Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған адамдарды азаптады» деп айыпталған полиция қызметкерінің сот процесі өтуде. Күдікті деп танылған бес полицейдің бесеуі де қазір бостандықта жүр. Жәбірленушілер соттың әділ өтетініне күмәнмен қарайды. 

10 қыркүйекте Талдықорған қалалық сотында полиция қызметкерлері Кенжебаев. А, Тоқташ. С, Нұртаза. Ж, Боқанов. А, Жұмашев. Е қатысты кезекті сот отырысы өтті. Сот барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Әсем Түсіпова судья Бекмұрат Дүйсенбековтен кепілмен бостандықта жүрген айыпталушыларды қамауға алуды сұрады. 

– Құрметті сот! Бізге сотталушылардың бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерту біз үшін маңызды. Бұл іс резонансты іс. Сотталушылар қатігездікпен, адамдар тобымен ауыр қылмыс жасап отыр. Оларға бұлтартпау шарасы үй қамақ пен кепіл беріліп отыр. Алайда ҚПК 148 бабына сай, кепіл белгіленбейді. Біз ұмытпауымыз керек, бізде сотталушылар полиция департаментінің қызметкерлері. Үш тергеуші және екі инспектор. Сол үшін де олар соттық жүргізілуіне әсер етеді деп есептейміз, – деді Түсіпова сот залында.

Бұған қоса Түсіпова 23 жәбірленушінің төртеуі кәмелет жасына толмағанын сотталушылар қылмыс жасағанда білген айтты. 

– Жәбірленуші 23 адамның төртеуі кәмелет жасына толмаған. Прокурор мырза айыптау актісін оқығанда «сотталушылар қылмыс жасағанда кәмелеттік жасқа толмаған бала екенін білді» деді. Сонымен қатар, құрметті сот ауыр қылмыс адамдар тобымен жасалған. Ең бастысы – қазіргі таңда олар кінәларын мойындамайды. Сол себепті бұлтартпау шарасыз қамауға алуға өзгерту қажет, – деді ол. 

Судья Бекмұрат Дүйсенбеков «адвокаттың негіздемесі толық емес» деп өтінішті қанағаттандырмады.

Сот процесі кезінде айыпталушы жақтың адвокаттары өздерін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. БАҚ өкілдері сотталушылар мен жәбірленушілерді ғана түсіруге рұқсат алды. Адвокаттар не себепті өздерін түсіруге қарсы болғандарын нақты түсіндірмеді. Сотталушылар да, олардың қорғаушылары да журналистерге пікір беруден бас тартты. 

Жәбірленуші Ролан Маратов сот прецесіне көңілі толмайтынын, ешқандай әділдік жоғын айтты. 

– Қаңтар оқиғасы кезінде бізді азаптады. Бүгінгі сот процесіне ешқандай көңілім толмайды. Ешқандай әділдік көріп тұрған жоқпын. Бұл жерде заң бір жаққа ғана жұмыс істеп тұр. Дәл осы Талдықорған қалалық сотында менің де сотым болған. Дәл сол кездегідей, қылмыскер өз жазасын алса екен деймін. Бұл кісілерді жазасыз қалдыруға болмайды. Бұл азаптау алғашқы және соңғы процесс емес. Қазір бұл кісілер өз кінәларын мойындамай отыр. Олардың мойындауы керек те емес. Өйткені 23 адам ол кісілерді көзбен көріп, айтып отыр. Олар 23 адамның сөзіне сенбей, 4 адамның «біз емеспіз» деген сөзіне қарап, сот шешім шығарады деп ойламаймын. Бірақ, сот әділ өтеді дегенге ешқандай үмітім жоқ. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дейді ғой, бұлардың барлығы қарғалар, олар өз көздерін, өздері шұқымайды, – деді Маратов. 

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Арнұр Тұралықов өздерін ұрып-соққан полиция қызметкерлері әлі күнге дейін жұмыстарында жүргенін айтады. Оның айтуынша, сотта сөйлеуге мүмкіндік те берілмейді. Азаптаған полицейлер бостандықта жүргенде пікір айтуға қарқатын болдық дейді ол.

– Мен ДВД-да үш күн болдым. Үш күн бойы коридорда жерде қансырап жаттым. Әлі күнге дейін денемде жарақаттар бар. Төрт жерден сынған. Мұрынымды, бас сүйегімді сындырған. Әлі күнге дейін оны емдейтін ешкім жоқ. Оны емдететін жағдайым да жоқ. (Бізді азаптаған адамдар – ред) әлі күнге дейін жұмыстарында жүр. Біз олардан қорқатын болдық. Сол кезде бізге сондай дүние істеді. Қазір маскамен келіп, бізге бір нәрсе істеп кетпеуіне кім кепіл? Азаптаған адамдардың барлығын таныдым, айттым. Олардың барлығы осы жерде жүр. Мен таныған Нұртаза Жанбақыт, Айдын Кенжебаев, Сапармұрат Тоқташ деген үшеуі. Қалтама тапанша мен оқ салып, «сені террорист жасаймыз, сені қазір бір жерге апарып өлтіре саламыз, қолыңа автомат ұстатып көме саламыз, сенің өмірің бізге ойыншық» деген, – дейді Тұралықов. 

Арнұр Тұралықов соттың әділ өтетініне сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, сотта тек айыпталушы тараптың адвокаттары сөйлейді. 

– Өздеріңізде көрдіңіздер ғой, сотта бізді сөйлетпейді. Тек солардың ғана адвокаттары сөйлейді. Олар заңды біледі. Біз қарапайым адамбыз, заңды білмейміз. Жасымыз 17 мен 25 жас аралығындағы жас балалармыз. Ондай ешнәрсе көрмегенбіз. Әлі де сот келетін адамдар бар. Олар сот болып жатқанын білмейді де, – дейді Тұралықов. 

Сотқа Қаңтар оқиғасынан кейін үтікпен азапталған Азамат Батырбаев та келді. Бірақ ол сотқа жәбірленуші емес, қарапайым азамат ретінде қатысты. Батырбаев өзіне тағылған айып бойынша тергеумен процесуалдық келісімге келуге мәжбүр болғанын айтты. Оның сөзінше, тергеу тарабы 4,5 жыл шартты жаза аласың немесе сотталасың деген. Осыдан кейін ол процесуалдық келісімге барып, шартты жазамен бостандыққа шыққан. 

– 4 жыл 6 айға шартты жазаға келісіп қол қойдым. Амалсыздан... Ана жақта отырғаннан үйде отырғанға не жетсін. Ол жерге отырғанды жауыңа да тілемейсің. Маған вариантты солай қойды. «Міне, 4 жыл 6 ай процесуалды келісімге келесің немесе сотталасың» деді. Маған тиімдісі (4,5 жыл шартты жаза – ред) сол болып тұр ғой, соған келістік. Енді не істеймін, –деді Батырбаев. 

Азамат Батырбаев Талдықорғанда Қаңтар оқиғасынан кейін «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікпен қамауға алынған. Жергілікті БАҚ оны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты деп сипаттаған. Әлеуметтік желіде Батырбаевтың қолы мен денесі көгерген, арқасы күйгені бейнеленген фото тараған. Туыстары Азаматтың азапталғанын мәлімдеген. 

Батырбаевтың өзі бастапқыда Назарбаевтың ескерткішін құлатқанын мойындаудан қорыққанын айтады. Оның сөзінше, маңайындағы адамдар ескерткішті құлатқаның үшін 33 миллион теңге төлейсің деген.

– Басында ескерткішті мойыныма алған жоқпын. Мен өзім ескерткіштен қорықтым. Біреулер айтты, 33 миллион теңге төлейсің деді. 33 миллионды қалай төлеймін? Кейіннен процесуалды келісімде мойыныма алдым, ­– деді Батырбаев.

Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік», «қару ұрлау» айыптары тағылған. Ұсталғандардың басым көпшілігі тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеген. 

Талдықорғандағы полицейлердің сот келесі сот отырысы 15 қыркүйек күні сағат 10:00-де болады. 

Поделиться

Нет комментариев.

12/09/2022 12:15
6502 0

Уведомление