Соғыс басталған бес күннен кейінгі Украина Киевтегі қазақстандықтың көзімен

Украинада соғыс болып жатқанына бес күннен асты


01/03/2022
15:56 4049 0

Ресей  әскерінің Украинаға басып кіргеніне бес күннен асты. Осы уақыт аралығында әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та фейк ақпараттар да тарап үлгерді. Тарап жатқан ақпараттардың ақ, қарасын ажырату өте қиын. Осыған орай бүгін біз Украинада тұратын қазақстандық Алтынай Әділовадан Киев және өзге де қалаларда қазір не болып жатқанын білдік. 

 

—Қазір Украинаның қай қаласындасыз? Сіз тұрып жатқан аймақта соғыс жүріп жатыр ма?

 

— Мен Бровары деген жерде тұрамын. Маған қарама-қарсы бағытта Буча, Ирпень, Гостомель, Вышгород деген қалалар бар. Сол жерлерде атыс-шабыс, зымыран түсіп жатыр. Бұл жерлердің барлығы Киевтің маңы. Біз тұрып жатқан Броварыға орыс оккупанттары жету үшін Киевтен өтуі керек. Қазір Киев оларды өткізбей тұр. Егер қорғаныстан өтіп кететін болса, онда бізде де соғыс болады.

 

—Броварыға зымыран түсіп, алты адамның қаза тапқаны хабарланды Осы жөнінде айтып бересіз бе?

 

— Броварыдың кіреберісінде әскери бөлімше бар. Сол жерге Ресейдің «калибр» деген қанатты зымыраны келіп түскен. Қазір ол ғимарат жанып кеткен. Одан басқа қираған ғимарат жоқ. Бірақ қалада диверсиялық топтар бар. Оларды біздің қалада ұстады. Азаматтық киім киген Ресей диверсанттары үйлердің төбесіне шығып, белгі қойып жүр. 

 

—Соғыс басталғанына бүгін бесінші күн. Осы уақыт аралығындағы Украинаны сипаттап бересіз бе? Киевте 18 мың еріктіге қару таратылды деген қаншалықты рас ақпарат? 

 

— Киевте еріктілерге 18 мың қару-жарақ таратқаны рас. Украина 8 жылдан бері импершіл Ресейге қарсы соғыс жүргізіп келе жатыр. Мында халыққа қару-жарақ тарату идеясы жаңалық емес. Украиналықтардың көбісінде өз қарулары бар. Ер адамдар «аймақтық қорғаныс» деген еріктілер тобына жазылып жатыр.  Бұған қоса, Батыс Украинаға көшіп жатқандар да көп. Ол аймақтың Ресеймен шекарасы жоқ. Сол себепті ол жақта жағдай тыныш. 

 

—Президент Владимир Зеленский 2019 жылғы сайлауда 73 пайызбен жеңген еді. Бірақ ол уақыттан бері біраз уақыт өтті. Қазір халықтың  Зеленскийге, жалпы билікке деген көзқарасы қандай?

 

— Халықтың президент Владимир Зеленскийге деген көзқарасы өте жақсы. Халық «Зеленский қиын кезде елді тастап кетпеді» деп мақтан тұтып жатыр. Оның мәлімдемелеріндегі әрбір сөзін мұқият тыңдайды. Соғыстың екінші күні жасаған мәлімдемесінде Зеленский «Сіздер мені мүмкін соңғы рет тірі көріп тұрсыздар» деді. Бұл сөз украиналықтарға қатты әсер етті, жігерлендірді. Барлығы президентке, билікке сенеді. 

 

Кеше Ресей әскерінің Украинаның Бердянськ қаласын басып алғанды жөнінде ақпарат тарады. Кейіннен әлеуметтік желілерде қала тұрғындарының ресейлік сарбаздарға «басқыншы-оккупанттар, елдеріңе қайтыңдар, Бердянськ — бұл Украина» деп ұрандатып, қаладан кетулерін талап етіп жатқан видеолары тараған. 

 

28 ақпанда президент Владимир Зеленский украина халқына жасаған мәлімдемесінде Ресей әскері бейбіт нысандарды бомбалап жатқанын айтты. 

 

— Соңғы бес күнде Ресей Украинаға 56 рет зымыран соққысын жасады. 113 қанатты зымыран атылды. Бауырластық пен достықтың сиқы осындай... Олардың басты мақсаты Киевті басып алу. Осылайша олар біздің мемлекеттілігімізді құлатпақшы. Бүгіннің өзінде Киевке үш бірдей зымыран соққысы жасалды... Біз оларға Киев қорғанысын бұзуға мүмкіндік бермедік. Олар енді бізге жүздеген диверсиялық топтарын жіберіп жатыр. Бүгін Ресеймен арада келіссөздер жүрді. Бұл келіссөздермен қатар біздің қалаларымызға зениттік-зымыран соққылары жасалды. Біз бұл тактиканы қолдамаймыз және қарсымыз. Кездесуде Ресей өз талаптарын қойды. Біз өз талаптарымызды ұсындық, — деді Зеленский. 

 

Кеше Беларусьте Украина-Ресей келіссөз өткен. Кездесуден кейін Киев өкілі Михаил Подоляктің  екі тарап еліне оралып, келіссөз нәтижесі мен оны жалғастыру мүмкіндіктерін мемлекет басшыларымен талқылайтынын айтқан.  Ресейдің мемлекеттік сайттары да келіссөз аяқталды деп хабарлаған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

01/03/2022 15:56
4049 0

Уведомление