Сот Ақордаға барған Қаңтар құрбандарының туыстарына айыппұл салды

Олар жақындарын ақтауды талап еткен


16/01/2024
12:39 9804 0

Фото: Азаттық радиосы

 

15 қаңтарда Ақорда алдына барып, Қаңтар оқиғасында қаза тапқан туыстарын ақтауды талап еткен азаматтарға Астана соты айыппұл салды. Наразылық акциясына қатысқандардың бірі Әкімбек Қалдыбеков Masa Media тілшісіне соттың онлайн өткенін, он адамға 77 мың теңгеден айыппұл салынғанын айтты. 

 

– Кеше бізді таңғы сағат 11-лер шамасында ұстап алып кетті. Содан түнгі сағат 22:00-де шығарды. Сот Есіл аудандық полиция бөлімшесінің ішінде, онлайн болды. Он адамға 77 мың теңге айыппұл салды. Менің сотым ең соңында, түнгі сағат 21:00-де басталды, – деді ол. 

 

Әкімбек Қалдыбековтің ұлы Думан Қанатбек Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында оққа ұшып, қаза тапқан. Кейіннен сот оны кінәлі деп танып, қайтыс болуына байланысты жазадан босатқан. 

 

Әкімбек Қалдыбековтің сөзінше, марқұмдардың туыстарын бүгін президент әкімшілігі қабылдап, талап-тілектерін тыңдаған. Бірақ жазбаша арыздарын қабылдағаны жөнінде ешқандай құжат бермеген. 

 

– Президент әкімшілігі өкілдері нақты ешқандай жауап берген жоқ. «Менің құзыретім емес» дейді. Ешқандай пайда жоқ. Бізді президент әкімшілігі аппараты басшысының орынбасары Рыскелді Сәтпаев қабылдады. Бірақ біз арызды премьер-министр Смаиловтың атына жаздық. Арызды қабылдағаны жөнінде хаттама бермеді. Олар бұны ресми кездесу емес деп түсіндірді,  деді ол. 

 

Марқұмдардың туыстары түстен кейін бас прокуратураға бармақ. 

 

Қанды Қаңтар кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар 10 мыңға жуық адам ұсталып, олардың 70 пайызы азапталғанын мәлімдеген. 

Поделиться

Нет комментариев.

16/01/2024 12:39
9804 0

Уведомление