«Сіз ештеңе айтпауға құқылысыз»: Миранда ережесі деген не?

Миранда ережесі және Қазақстанда азаматтарды тұтқындау кезінде олардың құқығы қаншалықты сақталатыны туралы


30/10/2023
16:24 14500 0

 

«Миранда ережесі» – алғаш АҚШ-та пайда болған заң талабы. Ереже бойынша полиция қызметкерлері күдіктіні не азаматты қамауға алмастан бұрын оған өз құқығын түсіндіруге міндетті және ол кісіге  ақпараттың дұрыс жетуін қадағалауы қажет. Қазақстанда бұл ереже 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Алайда қылмыстық-процестік істер аясында ғана қолданылады.

 

«Миранда ережесі» Қазақстанда іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін айтайық.

 

«Миранда ережесі» қалай пайда болған?

 

Бұл заң талабы алғаш 1966 жылы АҚШ өткен тарихи сот шешімінен кейін пайда болған. Ереже атауы 1963 жылы тонау және зорлау күдігімен қамауға алынған Эрнесто Миранданың атына байланысты қойылған.

 

Полицейлер қамауға алған соң Мирандадан бірнеше сағат бойы жауап алған. Нәтижесінде күдікті істеген қылмысын мойындайды.

Оның құқығын қорғау үшін мемлекеттік адвокат Элвин Мур тағайындалады. Ол жұртқа ұсталғандардың құқығын қорғаушы ретінде танылған. 

Мур қорғауындағы азаматқа жауап алу кезінде құқықтары түсіндірілмегенін алға тартады.  

 

Аризона штатының соты істі аппеляцияда қайта қарау кезінде Миранданың құқығы бұзылмады дегеннен қайтпайды. Олар «Миранданы ұстау кезінде оған қарсы күш қолданылмағын және күдіктіден адвокат алуға құқығы бар екені жасырылмады» дейді. Ұзақ отырыстардан кейін іс Жоғарғы сотқа  дейін жетеді. Онда Эрнесто Миранданы құқық қорғау ұйымдарымен жұмыс істейтін адвокаттар тобы қорғайды.

 

АҚШ Жоғарғы сотының ұстанымы жайлы

 

Істі қараған АҚШ Жоғарғы сотының судьясы Эрл Уоррен сотталушыны қорғайды. Полицейлер тергеу кезінде кәсіби құралдарды қолданып, керек кезінде күдіктінің сөзін іліп алып, күш көрсетпей жауап алғанын айтады.

 

Судья «бұл жағдайда полицияның істеген әрекеті дұрыс» деген пікір айтады. Бірақ «қамауға алынған адам бұндай кезде ешнәрсе деп айтпауға құқылы екенін нақты білу керек» дейді ол. Бұған қоса, Уоррен күдіктілер қандай жағдай болмасын, қалаған кезінде адвокат талап ете алатынын да білуі керектігін мәлімдейді.

.

Талқы нәтижесінде сот Эрнесто Миранданы 20 жылдан 30 жылға дейін (ескерту: нақты қанша жылға екенін анықтай алмадық) бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ал соттың күдіктіден қалай жауап алу керектігі туралы үлгісі «Миранда ережесінің» іргетасы болып қаланды.

 

Миранда жазасын өтеп шыққан соң ара-тұра «Миранда ережесі» деген жазу мен өз қолы қойылған карталарды сатып, ақша тапқан.

 

Полицейлер ережені қалай қолдануы керек?

 

XX ғасырдың соңына қарай «Миранда ережесі» сияқты заң талаптары

Ұлыбритания, Австралия, Германия, Франция және Ресей Федерациясы сияқты мемлекеттерге енгізілді.

 

Сөз тұжырымының нақты нұсқасы АҚШ-тың әр штатында әртүрлі, бірақ көбіне мына нұсқасы қолданылады:«Сіз ештеңе айтпауға құқылысыз. Айтқан сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін. Сізден жауап алуға адвокатыңыз бірге қатыса алады. Адвокат қызметін қалтаңыз көтермесе, мемлекет өз есебінен ұсынады. Сіз құқыңызды түсіндіңіз бе?»

 

Қазақстандағы «Миранда ережесі»

 

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Қылмыстық-процестік кодекс күшіне енді. Оған енген өзгерістің бірі – 131-бап. Бұл бап қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған адамға қатысты нормаларды қамтиды.

 

Бапта адамды қамауға аларда құқық қорғау органының өкілі мына нәрселерді жасауға міндетті:

 

–ауызша Қылмыстық кодекстің қай бап, қай тармағын бұзғаны туралы айтуға;

–қорғаушы-адвокатын шақыруға құқылы екенін айтуға;

–дәл осы сетте үнсіз қалуға болатыны және айтқан сөздері сотта өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екені ескертуге міндетті. 

 

Егер ұсталған адам қазақша не орысша түсінбесе, мас болып не ауырып тұрып айтылған сөздерді ұқпаса, жауап берместен бұрын аудармашы немесе адвокаттың қатысуымен құқығы түсіндірілуі шарт.

 

Әкімшілік кодексте бұған ұқсас бап жоқ. Бірақ 14-бапта құқық қорғау органы қызметкері қамауға алынған адамға  полиция бөлімшесіне не басқа мемлекеттік мекемеге қандай себеппен әкелінгенін, қандай негізбен ұсталып отырғанын және заңда көрсетілген әкімшілік заңның қай бөлігін бұзғанын түсіндіруге міндетті екені жазылған.

 

Заңдық негіз болмаса, тұлға аз уақытқа болсын бас бостығы шектеліп, қамауда отырмауы тиіс.

 

Заң талаптары практикада қалай жұмыс істейді? 

 

Саяси реформалар болғанын талап ететін «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының мүшесі Бота Шәріпжан өзін құқық қорғау органы қызметкерлері «әкімшілік заң бұздың» деп еш түсіндірмесіз автозакқа отырғызғанын айтты. 

 

Белсендінің сөзінше, ұстау кезінде полиция әдетте дөрекі болады және күш қолданылады. Полиция бөлімшесіне келген соң тергеушілер белсендіге «Мұхтар Әблязов және «Көше партиясымен» байланысың бар ма, жоқ па?» деген сұрақтар қойып, үш сағат өткен соң босатқан.

 

– Мен бұл қамауға алулардың заңсыз екенінен хабардармын. Полицейлер мені не үшін ұстағанын түсіндіруге міндетті екенін де білемін, бірақ олардың әрекетін сотта даулауға әркез уақыт пен күш жете бермейді, – дейді Бота Шәріпжан.

 

Саяси реформалар үшін күресетін «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының тағы бір белсендісі Дархан Шәріпов те өз тәжірибесінде полицейлер қызметтік киім кимей-ақ өзін қамауға алғанын және ештеңені түсіндірмей, телефонын тартып алған жайттар да болғанын айтты.

 

Полиция «Миранда ережесінің» мағынасын түсіндіріп, ескертпесе не істеу керек?

 

Tulkulov & Kassilgov Litigation заңгерлік компаниясының кеңесші және қылмыстық істер бойынша адвокат Назерке Ризабекова «Миранда ережесінің» Қазақстанда қолданылуы бойынша нақты статистика жоқ дейді. Оның тәжірибесінде қамауға алынар кезде азаматтардың тең жартысына бұл ереже жайлы ештеңе айтылмаған.

 

Егер полицей «Миранды ережесін» түсіндірмесе,қамауға алынған азаматтың берген жауабы іске жарамсыз боп қалуы керек. Алайда Назерке Ризабекованың тәжірибесінде тек бір клиенті берген жауабын даулап, жеңіске жеткен.

 

Сот  көбіне күдіктіге «Миранда ережесі» түсіндірілді ме, жоқ па, анық-қанығына жете бермейді. Жалпы сот жүргізу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. «Сот дәлелдерді жарамсыз деп мойындамайды, күдіктінің құқығы сақталғанына баға бермейді» деп есептейді адвокат.

 

Құқық қорғау органдары заң талаптарын сақтамаса, азаматтар өз мүддесін қорғау үшін прокуратураға шағымдануға құқылы. Прокуратура заң бұзылғанын анықтаса тәртіптік  жаза қолдануы мүмкін. Тіптен сот күдіктінің жауабын жарамсыз деп мойындап жатса, полицияға заң бұзылғаны туралы фактілер тіркелген жеке қаулы шығаруы мүмкін. Онда полицияға мұндай өрескел қателердің алдын алу шаралы қабылдау қажеттігі айтылады.

 

Назерке Ризабекова «Миранда ережесі» қамауға алынған адам қаласа тергеушіге ештеңе айтпауға құқылы екенін білуі үшін керек дейді. Қорғаушы күдікті адвокатқа ақшасы жетпесе мемлекет тағайындаған адвокаттың көмегіне жүгіне алатындығын да қосып айтты.

 

Поделиться

Нет комментариев.

30/10/2023 16:24
14500 0

Уведомление