Шымкентте 60-тан астам Өзбекстан азаматы «құлдықтан босатылған»

Оқиғаға байланысты екі адам ұсталған


20/10/2023
15:15 12752 0

Фото: Ашық дереккөзден

Шымкенттегі кірпіш зауыттарында еркінен тыс жұмысқа жегілген 60-тан астам Өзбекстан азаматы «құлдықтан»босатылған. Бұл туралы ақпаратты Қазақстан ішкі істер министрлігінің Polisia.kz сайты жариялады.

Ақпаратта Ақтөбе қаласы тұрғынының шағымынан соң тергеу басталғаны айтылған. Ол адам ағасы, Өзбекстан азаматы, Шымкенттегі кірпіш зауытындағы құлдықтан қашып, Алматыға жеткенін, бірақ оны белгісіз адамдар ұрлап кеткенін айтқан.

Алматыдағы ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы және Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкентке барып, 1992 және 1994 жылғы үш «жұмыс берушіні» ұстады деп хабарлады ІІМ.

Полиция екі кірпіш зауытының аумағын тексеріп, онда 60-тан астам Өзбекстан азаматы жұмыс істеп жүргенін анықтаған.

Алдын ала тергеу дерегі бойынша, шетел азаматтары зауытта жұмыс істеуге шақырылған. Кейін жұмыс берушілер олардың құжатын алып, жалақысын бермей, қоқан-лоқы көрсеткен.

Зардап шеккен 25 адам құлдыққа түскен жандарға көмек беретін «Сана сезім» орталығының қамқорлығында, қалғаны жеке басын куәландыратын құжат болмауына байланысты арнайы қабылдау орнына апарылған.

Кірпіш зауыттарының иелері «Адамды бостандығынан заңсыз айыру» және «Өз бетінше билік ету» бабы бойынша күдікті деп танылды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2023 15:15
12752 0

Уведомление