Үшінші президент: 2029 жылы өтетін сайлау жайлы сарапшылар пікірі
Пессимистік болжамдар. Геосаясат пен халық белсенділігі жайлы

Коллаж Masamedia.kz
Masamedia.kz «Үшінші президент» айдарын ұсынады. Жаңа айдар 2029 жылы өтетін сайлау жайында болады. Төрт жыл саяси оқиғалар өлшемімен алғанда аса ұзақ мерзім емес. Конституцияға сәйкес 2029 жылы Қазақстанның үшінші президенті сайлануы тиіс. Бұған дейін елде жеті президенттік сайлаудың алтауы кезектен тыс өтті.
Masamedia.kz саясаттанушылар мен қоғам белсенділеріне: келесі президенттік сайлауға халық қалай дайындалуы керек, опық жеп қалмау үшін қазірден нені ескеруі керек деген сауалдар қойды.
Айта кету керек, бұл тақырыпта ой өрбіткісі келетін сарапшылар көп емес. Жауап бермей, тартыншақтағандар болды.
Шалқар Нұрсейіт, саясаттанушы:
«Келесі президент және парламент сайлауы әдеттегідей мезгіленен ерте етуі әбден мүмкін. Бірақ бұл фактор қазақ қоғамының авторитар режимнің “Сайлау” атты спектаклінде тағы да ұтылып қалуына еш әсер етпейді.
Біріншіден, қазір Қазақстанда тәуелсіз актор ретінде саясатпен айналысу мүмкін емес. Ақорданың рұқсатынсыз саясатпен айналысу қылмыспен тең. Қылмыстық кодексте “экстремизм” бабы дайын тұр. Осы уақытқа дейін бірде бір тәуелсіз саяси партия тіркелген жоқ. Құрамын деп талпынған азаматтардың кейбірі түрмеде отыр, кейбірі түрлі қысымға тап болды, ал кейбірі ол ойынан біржолата бас тартты. Алда бұл кері кету трендінің өзгеруі екіталай.
Екіншіден, азаматтық қоғамда институт ретінде қалыптасқан, сайлаулардың алдында қазіргі биліктің саясатымен келіспейтін азаматтарды біріктіре алатын саяси күш жоқ. Оған ондаған жылдар бойы авторитар режимнің саяси алаңды оппоненттерінен тазалау кампаниясы, өзін саяси және бизнес элита санайтын топтардың көкжиегінің тар болуы, оппозициялық ұстанымдағы саясаткерлердің тиімсіз жұмысы, бизнестің билікшіл және “нейтрал” позициясы, азаматтардың селқостығы себеп болды. Келесі сайлауға дейін шынайы оппозицялық саяси күштің пайда боларына үлкен күмәнім бар.
Ең өкініштісі, “Үшінші Республикада” да саясаттағы, экономикадағы, қоғамдағы теріс трендтер тереңдей береді. Оларды шешуге билік етуші топ еш қауқарсыз. Қоғамдық-саяси өмірдегі деградация, экономикадағы стагнация бүкіл елді регресске сүйрейді. Ол мен айтпай-ақ түсінікті нәрсе».
Дина Елгезек, қоғам белсендісі:
«Назарбаев дәуірінің біржақты реформаларынан әділетсіз кландық олиграхат басқарғанын білесіздер. Сол себептен бізде 30 жыл әділетті сайлаудың мәдениеті қалыптасқан жоқ. Әлі де сол.
Шынайы саяси транформация болған жоқ.Саяси реформалар азаматтарымыздың негізгі саяси сұранысын қанағаттандырған жоқ. Саяси институттар тиімді әрі мықты бола түскен жоқ. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейген жоқ. Азаматтардың саяси өмірге өмірге араласуы шектелді. Шынайы саяси бәсеке болмағандықтан сайлаудың мығым ережелері бекітілмеді. Биліктің ойын шарттары бұрынғы қалпында. Автократиялық режимде азаматтық қоғамның бас көтеруі өте қиын.
Бірақ соған қарамастан қоғам сайлауға дайындықты қазірден бастауы қажет. Жүйе қасақана арандатуы мүмкін. Бірақ биліктің бұл ежелгі ойынына қарамау керек. Саяси кеңістікте жеке дара жүрген саяси күрескерлер бар. Олар бірігуі шарт. Дабыра қылмай, ешкімге білдіртпей алдағы саяси додаға жаймендеп дайындала бергені дұрыс. Билік құратын кезекті тұзаққа түспес үшін алдына ала мықты бірнеше үміткерді өзара әзірлеп, алға саяси жоспар құрып, мықты сайлауалды саяси бағдарлама дайындаған дұрыс».
Әлия Тілегенова, саясаттанушы, Paperlab зерттеушісі
Қазақстан қоғамындағы саяси құндылықтар жөніндегі зерттеуіміз адамдардың саяси мінез-құлқының кейбір ерекшеліктерін көрсетті.
Сайлаудағы жүйелі бұрмалаушылықтар, түрлі деңгейдегі референдумдер және азаматтардың сайлау институтына деген сенімі түгесілген кезеңде біз жүргізген сауалнама нәтижелерін, оның ішінде, сайлауға қатысу туралы жауаптарды мұқият талдау қажет.
Дегенмен, деректерді фокус-топтардан алынған сапалы мәліметтермен біріктіре отырып, Қазақстандағы сайлауға қатысты азаматтардың төрт негізгі түрін байқауға болады.
Бірінші топ:
Бұл топқа «скептикалық конформистер», «либералды прагматиктер» және «екіұдай абсентеистер». Олардың соңғы 1-2 жылдағы сайлауда дауыс беру тәжірибесі орташа деңгейге жақын:
- 46% бірнеше рет дауыс берген
- 23% тек президент сайлауына қатысқан
- 31% мүлдем дауыс бермеген
Кейбіреулері үшін сайлауға қатысу – тек формальды нәрсе: олар дауысты не үйреншікті әдеті бойынша, не басшылықтың нұсқауымен береді. Басқалары үшін бұл – азаматтық белсенділік танытудың жалғыз жолы. Дегенмен, барлығы дерлік сайлауда бәсекелестік болмайтынын, оның ашық өткізілмейтінін және нәтижелердің алдын ала анықталатынын атап өтті. Сондықтан олар сайлауды елемеуге болатын дүние деп қабылдайды.
Екінші топ:
Бұл топ «авторитарлық лоялистер» кластеріне тән. Олардың дауыс беру үлесі бірінші топпен ұқсас болғанымен, сайлауға деген көзқарасы басқаша.
- Олар сайлаудағы бұрмалаушылықтарды сирек талқылайды.
- Сайлауды азаматтық борыш ретінде көреді.
- Кейбіреулері билік халықтың «дауысын еститініне» сенеді.
Яғни, бұл топ сайлауды билікке деген адалдықтың көрінісі ретінде қабылдайды.
Үшінші топ:
Бұл топ «этноцентрлік консерваторлар» кластеріне жатады және сайлаудан ең көп көңілі қалған топ.
- 49% бірнеше рет дауыс берген
- 40% мүлдем дауыс бермеген (басқа сегменттерге қарағанда 7-15% жоғары)
Олардың саяси белсенділігі мен демократиялық институттарға деген сенімі жоғары болғандықтан, сайлауға қатысу маңызды деп саналады. Алайда, саяси жүйенің жабықтығы, әділдік пен ашықтықтың жоқтығы бұл топтың көңілін қалдырды. Олар саясатқа белсенді араласуға мүдделі болғанымен, өзгерістердің болмауы үміттерін үзді.
Төртінші топ:
Бұл топ «прогрессивті реформаторлар» кластерін қамтиды. Олар да сайлауға иллюзиямен қарамайды, бірақ сайлауға қатысу туралы ұстанымы басқаша:
- Олар сайлау нәтижелері алдын ала шешілген болса да, дауыс беру керек деп санайды. Себебі, халық көп дауыс берсе, нәтижені бұрмалау қиындайды.
Тек 24% соңғы 1-2 жылда сайлауға қатыспаған (бұл басқа кластерлерден 6-15% төмен).
- Олар үшін дауыс беру – саяси қысымнан қорғанудың бір әдісі.
Әрине, әр адам сайлауға қатысу-қатыспау туралы шешімді өзі қабылдайды, бірақ бұл шешім саналы болуы керек.
Айтарым, саясатқа немқұрайлы болмау керек. Елдегі мәселелерге бей-жай қарамауымыз қажет. Мемлекеттік органдарға шағым жазу, пікір білдіру – үздіксіз жүретін процесс. Дауыс беру – азаматтық белсенділіктің ең төменгі, бірақ маңызды көрінісі. Белсенді азаматтардың талаптары билікті қайтсе де састырады, ал саяси сауатсыз, енжар қоғамды басқару әлдеқайда оңай.
Серікжан Есеңғосұлы, қоғам белсендісі:
«Өкінішке қарай менде жауап жоқ. 2019 жылы сайлауда Әміржан Қосановты шығардым. Ол мені «сатып жіберді». Ел болмаймыз, халық жоқ. Жәй ғана тобырмыз.
Украинадағы соғыстан кейін Ресей мемлекет ретінде қала берсе, келесі президент Тоқаев секілді орысшыл адам болады.
Ресей жеңілсе, Қытай өкілі, яғни, қытайшыл адам президенттікке келеді.
Егер қазір мен айналысып жүрген «Ұлы Тұранды» жасай алсақ, билікке ұлт патриоты келуі мүмкін».
Айта кетейік, Серікжан Есеңқосұлы қазір Түркияда тұрады. Ол Тұран конфедерациясына бірігу идеясын қолдаушы.
«Мен мұндай бірлестіктің, артықшылығы мен пайдасын санамаламай-ақ, кояйын, бірак халықаралык, әскери, азық-түлік лигасына және энергетика кауіпсіздік мәселелерін жалғыз шешкеннен гөрі бірлесіп шешу әлдеқайда оңай екенін анық білемін. Түркия мен Әзірбайжанның осы салалардағы ынтымақтастық деңгейі Тұран Достастығына үлгі бола алады. Президент Ердоған биліктегі АҚ партия атынан соңғы уақытта бірігуге күш салуда.
Өкінішке қарай, КСРО ыдырағаннан кейін Ресей империясынан бөлініп шыққан Орталык Азиядаты түркі мемлекеттері әлі де кей
жадайда Мәскеуді басшылыққа алуда. Тұран идеясы іске асу үшін тек Түркиянын талпынысы жеткіліксіз. Әйтпесе, Түркияны жаулары жаңа Осман империясын кұрды деп айыптауы мүмкін. Ал тарихы мен дәстүрі, ділі мен рухани кұндылықтары ортақ, түркі тілінде сөйлейтін бауырлас халықтарды кім кінәлай алады?», - дейді ол
P.S
Қазақстанда соңғы президенттік сайлау үш жыл бұрын өтті. 2022 жылғы 17 қыркүйекте Конституцияға кезекті өзгертулер енгізіліп, оған сәйкес президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдық болды және бір адамның екінші мерзімге сайлануына тыйым салынды.
Елімізде кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтті. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізілген жетінші президенттік сайлау және 1999 жылдан бері қатарынан алтыншы кезектен тыс сайлау болды.
Алты үміткер қатысқан доданың қорытындысы бойынша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, қайта сайланды.

Нет комментариев.