Шағын бизнес иелері жиі бұзатын 5 заң нормасы

Заңгер Фарух Ахметжанов кәсіпкерлер жиі бұзатын заң нормалары мен сол үшін салынатын айыппұлдар туралы айтып берді


03/06/2021
13:19 3615 0

Кәсіп ашарда қаражаттан бөлек, бизнес туралы заңнамаға да назар аударған, қандай норма барын біліп жүрген жөн. Әйтпесе болашақта ірі көлемде айыппұл төлеуге, бизнесті жабуға тура келеді.

Сондықтан ЖК мен ЖШС-ны мысалға ала отырып, шағын бизнеске салынатын айыппұлдардың алдын қалай алуға болатынын айтып береміз. 

«Рұқсаты жоқ» бизнес (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы)

Бизнес ашарда мұны мемлекетке қандай да бір формада хабарлау керек пе, жоқ па — соны біліңіз. 

Кей кәсіп түріне арнайы рұқсат не лицензия алу қажет болса, өзгелерін ашарда құзырлы органға ескерткен жеткілікті. 

Мемлекетке айтпастан не рұқсат алмастан бірден іс ашқандар 25 АЕК (2021 жылы бұл — 72 925 теңге, 1 АЕК = 2 917 теңге)  айыппұл төлейді, одан бөлек, мүлкі тәркіленуі мүмкін.  

Ал тағы осындай құқық бұзса, айыппұл көлемі екі есе артады — 50 АЕК (145 850 теңге), мүлкі тәркіленеді. 

Қалай алдын алуға болады? 

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңындағы тізімде ашпақ болған кәсібіңіз бар-жоғын тексеріңіз. 

Кәсібіңіз 1-қосымшада тұрса, лизенция, 2-қосымшада тұрса, рұқсат аласыз, 3-қосымшада тұрса, хабарлама жолдайсыз.

Мысалы, дәріхана ашу үшін фармацевтикалық лицензия алуға тиіссіз. Шетел азаматын жұмысқа алам десеңіз, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алуыңыз керек. Балабақша ашсаңыз, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу саласында қызмет бастау туралы хабарлама жолдауыңыз қажет. 

Жұмысшылардың сақтандыруы жоқ (230-бап)

Жұмыс беруші барлық жұмысшысын жазатайым жайттардан сақтандыруға міндетті. 

Кәсіпкер бұл міндетін орындамаса, оған 160 АЕК (466 720 теңге) айыппұл салынады.  

Қалай алдын алуға болады?   

Кәсібіңізді тіркеген күннен келесі айдың онына дейін қызметкеріңізді сақтандырып үлгеріңіз. Ол үшін кез келген сақтандыру компаниясына барып,  сақтандыру құнын (кемінде 42 500 теңге) төлеңіз.  

Айтпақшы, ЖШС-ны egov.kz порталы арқылы тіркер болсаңыз, сол жерден сақтандыру келісімшартын жасай аласыз. 

Жұмысшыңызбен жасасқан еңбек шартыңыз арнайы базаға енгізілмеген (462-бап)

Қазақстанда былтыр еңбек келісімшарттарын тіркеп отыратын бірыңғай жүйе құрылды. Әрбір жұмыс беруші қызметкерімен жасасқан еңбек шарты туралы толық ақпаратты сонда енгізуге тиіс. 

Енгізбесе, кәсіпкер әуелі «енгізіңіз» деген ескерту алады. Ескертуді елемесе, 100 АЕК (291 700 теңге) айыппұл салынады. Бизнес уақытша жабылып қалуы да мүмкін.

Қалай алдын алуға болады? 


Еңбек шарттары туралы барлық ақпаратты уақытында енгізіп отыру қажет: тараптардың реквизиттері, келісімшарт жасалған күні мен нөмірі, мерзімі, жұмыс орны және тағысын-тағы. Мұны қалай істеуге болатыны туралы толық нұсқаулық бар. 

Ал еңбек шарттарын қашан тіркеу керегін мына жерден біле аласыз. 

Мекенжай өзгерткеніңізді ескертпедіңіз (466-бап) 

Кәсіпкер бизнесін басқа жерге көшірсе, жаңа мекенжайын бір ай ішінде органдарға хабарлауға міндетті. Әйтпесе ескерту алады не 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Қалай алдын алуға болады? 

Бір ай ішінде Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, арнайы хабарлама мен басқа жерге көшу құқығыңыз барын растайтын құжат бересіз. Мысалы, жер не кеңістікті жалға алу келісімшарты.

Хабарламаны өзіңіз де, сізден сенімхат алған басқа адам да тапсыра алады. Айта кетейік, бұл процедура бизнес субъектілеріне арналған. Акционерлік қоғамның мекенжайын тіркеудің тәртібі біраз өзгеше болады.

Қызметкерлер келісімшартсыз жұмыс істейді (86-бап)


Мұндай құқықбұзушылық үшін салынатын айыппұлдың көлемі жоғары болатын екінің бірі біле бермейді. 

Жұмысшысы еңбек шартынсыз жұмыс істесе, жұмыс беруші 60 АЕК (175 мың теңге), құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 80 АЕК (233 360 теңге) төлейді. 


Заңсыз істеп жүрген жұмысшы кәмелетке толмаған болса, айыппұл көлемі 80 АЕК (233 360 теңге), құқықбұзушылық қайталаған жағдайда 150 АЕК (437 550 теңге) болады.

Қалай алдын алуға болады?

Әрине, еңбек шартын уақытында жасау керек. Қызметкер жұмысқа шығар алдында не шыққан күні онымен дереу келісімшартқа отырыңыз. 

 

Фарух Ахметжанов, Akhmejanov & Partners Law Firm-нің басқарушы серіктесі

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

03/06/2021 13:19
3615 0

Уведомление