«Шал, кет!»: Сот қаңтаршы Әділет Мусинді кінәлі деп таныды

Ол өзіне тағылған айыпты мойындамады


27/07/2023
17:58 16592 0

 

27 шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі Бостандық аудандық сотында Қаңтар оқиғасы бойынша ҚР ҚК 272-бабының 2 және 3-бөліктерімен «жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру» айыпталған 38 жастағы Әділет Мусиннің ісінде үкім оқылды. Судья Азамат Абдраимов Әділет Мусинді кінәлі деп танып, 9 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. 

 

26 шілдеде өткен сот процесінде айыптаушы прокурор Данияр Тағаев Әділет Мусинді бір жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 

 

Әділет Мусин 2022 жылы 4 қаңтарда көшеге шыққан халықты видеоға түсіріп, елмен бірге «Шал, кет!» деп айқайлаған. Ол бес ай тергеу изоляторында отырған. Кейіннен кінәсін мойындаған соң бостандыққа шыққан. 

 

– Егер ол кінәсін мойындамағанда сол қалпы қамауда отыра беретін еді. Бұл Қазақстандағы қылмыстық істерді тергеудің классикалық үлгісі. Мойындамайынша қамауда отырасың, қалай мойындайсың, солай бостандыққа шығасың. Бұл жерде барлығы басқаша болды. Ол қамауда кінәсін мойындап, шыққан соң одан бас тартты. Ал сотқа дейінгі тергеу органының жоспары бойынша олардың қалталарында баяғыда айыптау үкімі жатуы тиіс болған, – деді адвокат Рена Каримова. 

 

Әділет Мусин соңғы сөзінде ешкімді жаппай тәртіпсіздікке шақырмағанын, Қаңтар оқиғасы – халықтың жан айқайы екенін айтқан. 

 

– Мен жалғыз өзім шықтым. Ешкімді шақырған жоқпын. Мен елде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмаймын. Сол себепті шықтым. Қаңтар – халықтың жанайқайы. Олар елде болып жатқан бассыздыққа қарсы шықты. Біз Forbes-ты ашып қарасақ, барлығында Назарбаевтар. Барлық жерде монополия. Мен өзім осымен соқтығыстым. Назарбаевтың күйеу баласы Құлыбаев Ұлттық олимпиада комитетіне келіп, барлық жерге өз адамдарын қойды, – деді Мусин. 

 

Әділет Мусин қамауда отырған кезде 42 жастағы ағасы қайтыс болып, әкесі қант диабетімен ауырып қалған. 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

27/07/2023 17:58
16592 0

Уведомление