Саяси тұтқындар деген кімдер? Олардың босатылуын кім және неге талап етіп жүр?

Қазақстанда кімдер саяси себепке байланысты түрмеде отыр


14/09/2020
18:04 6653 0

 


 

Кейінгі үш жылда 100-ден астам Қазақстан азаматы «Саяси тұтқындарға бостандық» деген ұранмен пикеттерге, митиңдерге шығып жүр. 

 

2019 жылы бірнеше қалада жүзге жуық адам «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті, Алматыда бір адамдық пикетке Айдана Айдархан өзінің әкесі, ақын Арон Атабекті босатуын талап етті. Ал биыл сондай пикетте журналист, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай жер митиңі белсендісі Макс Боқаевқа бостандық сұрады. 

 

Бұлар Қазақстанда саяси тұтқындар тізіміндегі жалғыз адамдар емес. Қазір елде 17 саяси тұтқын бар, бірнеше ондаған адам саяси себептерге байланысты түрмеге отырып шықты.  

 

Бұл «саяси тұтқындар» деген кімдер? Олардың босатылуын азаматтар неге талап етіп жүр? Жауабы осы материалда.

 

САЯСИ ТҰТҚЫН ДЕГЕН КІМ?

 

Ең алғашқы болып «саяси тұтқын» сөзіне сипаттама берген ірі ұйым — Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА). Оның 2012 жылдың 3 қазанының резолюциясы бойынша, саяси тұтқын:

 

  • оппозициялық пікірі және діни көзқарасы, бейбіт жиналыс ұйымдастырып және оған қатысқаны үшін түрмеге жабылған адам;
  • саяси себептерге байланысты бас бостандығынан айырылған адам;
  • жазасы жасаған қылмысына сай келмеген адам;
  • қамауда алалауға ұшыраған адам;
  • әділетсіз соттың кесірінен бас бостандығынан айырылған адам.

Десек те «саяси тұтқын» ұғымының жалпыға ортақ мағынасы жоқ. Кейбір құқық қорғаушы ұйым бұл санатқа билікке қарсы шыққандардан басқа, діні, ұлты, тілі, сексуалдық ориентациясына байланысты қамалған адамдарды да жатқызады. 

 

САЯСИ ТҰТҚЫНДАРҒА АТАУДЫ КІМ БЕРЕДІ? 

 

«Саяси тұтқын» деген ұғым Қазақстан заңнамасында жоқ. Билік те түрмеде саяси тұтқындар барын жоққа шығарып келеді. Осы мәртебені тұтқындарға халықаралық және жергілікті үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары береді. Тұтқынға мәртебе бергенде кейбір құқық құрғау ұйымы ЕКПА-ның және Халықаралық амнистияның нұсқаулығын қолданады.

 

«САЯСИ ТҰТҚЫН» МӘРТЕБЕСІ ТҰТҚЫНДАРҒА НЕ БЕРЕДІ? 

 

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, оларға бұл атау тек моральдық қолдау бермесе, құқық алаңында ешнәрсе бермейді.  

 

 Евгений Жовтис. Фото: informburo.kz 

 

ҚАЗАҚСТАНДА САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ТІЗІМІ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ? 

 

Қазақстанда саяси тұтқындар тізімін сарапшылар комитеті жасайды. Оның құрамы тұрақты емес. Онда көбіне заңгерлер, құқық қорғаушылар мен белсенділер, журналистер отырады. Арасында Евгений Жовтис, «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров пен «Ар.Рух.Хақ» ұйымының директоры Бақытжан Төреғожина бар. Ол 2013 жылы құрылған. Бірақ, Жовтистің айтуынша, тұтқындарды саяси деп атауды Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро 2000-жылдары бастаған. Дегенмен тізім жасағанда қазіргідей жүйелі түрде жұмыс істемеген. 

 

Құқық қорғаушының айтуынша, комитет тізімді ЕКПА мен Халықаралық амнистияның критерийлеріне қарап жасайды. Саяси себепке байланысты қамауда отырғандарды олар екіге бөледі: ар-ождан тұтқындары мен саяси тұтқындар. 

 

«Ар-ождан тұтқыны» ұғымы «саяси тұтқын» ұғымымен бірдей, бірақ ол әлдеқайда тар мағынада қолданылады. Ар-ождан тұтқындары — өз пікірін білдіргені және оппозияцияға жақтас болғаны, саяси және қоғамдық қызметі үшін қамалғандар. Олар көбіне Қылмыстық кодекстің 174-бабы («араздықты қоздырды»),  400-бабы («бейбіт жиналыс өткізу ережесін бұзды») мен 405-бабы («экстремистік деп танылған ұйымға мүше болу») бойынша сотталады. Жовтис «осы топқа жататындардың 99 %-ы кінәсіз» дейді.   

 

Ал саяси тұтқындар деген — саяси және қоғамдағы қызметі үшін, бірақ жоғардағы баптар бойынша емес, басқа қылмыстар (алаяқтық, жемқорлық, өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлігін жұмсау және т.б) бойынша бас бостандығынан айырылғандар. 

 

— Бұл топқа жататын адамдарды шынымен де кінәлі немесе кінәсіз деп айта алмаймыз. Бірақ бір білетініміз — олардың ісі әділ қаралмады. Олардың әділ сотқа жүгіну құқығы бұзылғанына шүбә жоқ, — дейді Евгений Жовтис.   

 

Комитет саяси тұтқындар қатарына түрмеде отырғандарды ғана қосады. Айтқан сөзі, жасаған қызметі үшін бас бостандығы шектелген адамдарды және діни көзқарасы үшін қамалғандарды олар тізімге қоспайды. 

 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

 

«Ар.Рух.Хақ» ұйымының 2019 жылғы баяндамасында 15 саяси тұтқын көрсетілген. Оның төртеуі – «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев пен «Лайықты еңбек» тәуелсіз кәсіподағының бұрынғы басшысы Ерлан Балтабай, журналист Амангелді Батырбеков, «Жер тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қайырлы Омар, маңғыстаулық белсенді Жамбыл Көбейсінов — 2020 жылы босап шықты. 

 

Жақында «Тірек» құқық қорғау ұйымы өз тізіміне тағы алты адам қосты. Сонымен елде кемінде 17 адам — саяси тұтқын. 

 

МАКС БОҚАЕВ

 

Ол және Талғат Аян 2016 жылы Атыраудағы жер митиңіне қатысқан еді. Кейін екеуі «әлеуметтік араздықты қоздырды», «әдейі жалған ақпарат таратты», «митиң ұйымдастыру ережесін бұзды» деген айыптармен бас бостандығынан 5 жылға айырылды. Аян 2 жылдан кейін жазасы жеңілдеп, босап шықты. Ал Боқаев ерте босату туралы өтініш жазудан бас тартты. «Жазатын болсам, тағылған айыпты мойындаған боламын» деген белсенді. 

 


 

Жер митиңі 2016 жылы Атырауда басталып, Қазақстанның бірнеше қаласында өтті. Онда азаматтар Жер кодексіне өзгерістер енгізілуіне қарсы шықты. Бұл өзгерістер күшіне енсе, жер шетелдіктерге сатылып немесе жалға берілуі мүмкін еді. Кейін сол тұстағы президент Нұрсұлтан Назарбаев кодексті өзгертуге 2021 жылға дейін мораторий (тыйым) жариялады.

 


 

Ол қазір жазасын Ақтөбе облысындағы колонияда өтеп жатыр. Былтыр ол жаза өтеу жерін туған жері Атырау облысына ауыстыруға өтініш білдірген-ді. Бірақ сот оны қанағаттандырмай қойды. 

 

АРОН АТАБЕК ЖӘНЕ ҚҰРМАНҒАЗЫ ӨТЕГЕНОВ

 

Екеуі де «Шаңырақ» оқиғасына қатысушы.  

 


 

2006 жылы сот Алматының «Шаңырақ» шағын ауданында халық жерді заңсыз сатып алды деген шешім шығарды. Кейін сол шешімді орындау үшін ауданға полиция жасағы келіп, үйлерді бұзбақ болды. Бұған тұрғындар қарсы шығып, арты қақтығысқа ұласты, бір полицей қаза тапты. 

 


 

Кейін сот осы оқиғаға қатысқаны үшін Атабек пен Өтегеновті жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды.  

 

ИГОРЬ СЫЧЕВ

 

Ридерлік блогер, «Вконтакте» желісіндегі «Подслушано в Риддере» атты қауымдастықтың иесі. 2015 ол парақшаның белгісіз мүшесіне «Риддерде дауыс беру болса, не болар еді, елестетіп көрейік» атты жазбасын жариялауға рұқсат бергені үшін «Қазақстанның тұтастығын бұзу пропагандасын» жасады деген айыппен бес жылға сотталды. Рычев айыпты мойындамады. Жақында ол жазасын жеңілдетуін өтініп еді, бірақ оны сот қанағаттандырмады. 

 

РУСЛАН ҒИНАТУЛЛИН

 

Рэп орындаушы, Павлодар қаласының тұрғыны. «Вконтакте» желісіндегі парақшасында Шығыс Украинадағы қарулы қақтығыстар мен ресейлік ұлтшылдар туралы видеоға сілтеме берген үшін алты жылға сотталды. Оған тағылған айыптар «ұлтаралық араздықты қоздыру» және «трансұлттық қылмыстық ұйымға мүше болу». 

 

ИГОРЬ ЧУПРИНА 

 

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі пікірі үшін «ұлтаралық араздықты қоздырғаны» және «Қазақстанның тұтастығын бұзуға үгіттегені» үшін 5,5 жылға қамалды. 

 

АЛМАТ ЖҰМАҒҰЛОВ ЖӘНЕ КЕНЖЕБЕК ӘБІШЕВ 

 

2018 жылы Жұмағұлов сегіз, Әбішев жеті жылға «ұлтаралық араздықты қоздырғаны» және «терроризм жасауға үгіттегені» үшін бас бостандығанан айырылды. Айыптаушы жақтың айтуынша, олар Алматыдағы бір кафеде бірнеше адаммен кездесіп, оларды теракт жасауға үндеген. Дәлел ретінде олардың диктофонға жазылған әңгімесін көрсетті. Басқа диктофонға жазылған әңгімеде олар «ұлтаралық алауыздықты қоздырған»

 

ӘСЕТ ӘБІШЕВ 

 

Сот экстремистік деп тапқан «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» (ҚДТ немесе орысша ДВК) қозғалысын жақтағаны үшін «қылмыстық топты қаржыландырды» және «сот тыйым салған ұйымға мүше болған» деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сот жақында оның ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. 

 


 

Қазақстанның Демократиялық таңдауы — «БТА» банкінің бұрынғы басшысы, билікке қарсы шығып жүрген Мұхтар Әблязов басқаратын қозғалыс. Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған. Еуропарламент оны бейбіт оппозициялық ұйым деп біледі.  

 


 

ЕРЖАН ЕЛШІБАЕВ 

 

Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін көтерген белсенді. Оған белгісіз бір төбелесте белгісіз біреуді «ауыр жарақаттады» деген айып тағылып, ол бес жылға түрмеге қамалды. 

 

Оған дейін Елшібаев өзіне қысым көрсетілгенін айтқан еді. Ал туыстары оның түрмеде соққыға жығылғанын айтады. Түрме басшылығы мұны жоққа шығарды.  

 

САНАТ БҮКЕНОВ 

 

Балқаш тұрғыны, заңгер. Ол жергілікті полиция бастығының орынбасары, прокурор, судья мен әкімінің орынбасарын «жемқорлар» деп айыптады. Сол үшін «жалған мәлімет берді» деп төрт жылға абақтыға қамалды. 

 

САНАВАР ЗАКИРОВА

 

Тізімдегі жалғыз әйел. Ол Nur Otan саяси партия құруыма кедергі болды деп партияны сынаған еді. 

 

Биыл 15 шілдеде Nur Otan өкілінің қызы Д.Ш. (аты аталмайды) «денсаулығына залал келтірді» деген айыппен бір жылға түрмеге қамалды. 

 

АСХАТ ЖЕКСЕНБАЕВ

 

Бір адамдық пикеттерге шыққаны үшін бірнеше рет ұсталған белсенді. «Көше» қозғалысына мүше болғаны үшін ұсталған.  

 


 

«Көше» партиясы — 2020 жылдың басында құрылған қозғалыс. Сот партия қызметіне елде экстремистік деп танылған Қазақстанның демократиялық таңдауына қатысы бар деп тыйым салды.  

 


 

ҚАЙРАТ ҚЫЛЫШЕВ 

 

Ол да «Көше» партиясына мүше деген күдікпен екі айға қамалды. 

 

АСҚАР ИБРАЕВ

 

ҚДТ-ға қатысы бар деп 10 айға түрмеге жабылды. Бұрын сол үшін тек бостандығы шектелген еді. 

 

СЕРІК ИДЫРЫШЕВ 

 

ҚДТ-ға қатысы бар деген айыппен бас бостандығы шектеліп, әлеуметтік желілерді қолдануына тыйым салынған еді. Бірақ биыл белсенді уақытша изоляторда жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазаласын деген пост жариялады. Сол үшін сот оны тоғыз айға бас бостандығынан айырды. 

 

АБАЙ БЕГІМБЕТОВ 

 

«Көше» партиясына қатысы бар деген күдікпен екі айға қамалды. 

 

ОЛАРДЫ БОСАТУДЫ БИЛІКТЕН КІМ ЖӘНЕ НЕГЕ ТАЛАП ЕТІП ЖҮР? 

 

Саяси тұтқындарды бостандыққа шығаруды талап етіп жүргендер — олардың туыстары, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар мен белсенділер. Кейбірі «олардың ешқандай жазасы жоқ» десе, кейбірі олардың түрмеде бұзылған денсаулығына алаңдайды. 

 

Кейінгі үш жылда оларды қолдау мақсатындағы митиңдер, пикеттер мен демонстрациялар көбейді. Жовтис бұған «елдегі саяси тұтқындар санының артуы себеп» дейді. Жоғарыда көрсетілген тізімдегілердің көбі — кейінгі бес жылда сотталғандар. 

 

2018 жылы саяси тұтқындарды қолдау мақсатындағы митиңдер Қазақстанның бірнеше қаласында өтті. Оған жалпы саны жүздеген адам қатысты. Кейбірін полиция ұстап әкетті. 

 

2019 жылдың шілдесінде Айдана Айдархан бір адам пикетінде әкесі Арон Атабекті және Құрманғазы Өтегеновті босатуды талап етті. Оның алдында ол Instagram парақшасында ақынның түрмеде көргенін айтып, оның денсаулығына алаңдайтынын жазды.

 

Айдана Айдархан. Фото: the-village.kz 

 

— Ол (Арон Атабек — ред.) бірнеше жыл бойы карцерде бетон еденде жатып келді. Бұл оның денсаулығына әсер етті. Бір адамдық камерада радионы бақыртып қояды. Даусының қатты болатыны сонша — басқа ешнәрсе ести алмайсың. Ондағылар тұтқындардың сағын сындырғысы келеді. Оларды жиі ұрып, медициналық көмек бермейдідейді белсенді.  

 

Кейін оны полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағат бойы бөлімшеде ұстады. 

 

Сол жылдың тамызында Астанада (Нұр-Сұлтан) мен Шымкентте бірнеше белсенді көшеге шығып, пикет ұйымдастырды. Олардың көбі Мұхтар Жәкішевті босатуды сұрады.  

 

— Мен саяси тұтқындардан кешірім сұраймын. Елімізде ондайлар барын білмеппін. Олардың түрмеде қанша отыратыны біздің азаматтық қоғамға байланысты деген 55 жастағы тұрғын Марат Мұсабаев «Азаттық радиосына». 

 

Пандемия басталғаннан кейін Қазақстан құқық қорғаушылары саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Олардың пікірінше, түрмелерде санитария ережелері сақталмаған. 

 

Жуырда Жанболат Мамай бір адам пикетінде Макс Боқаевтың коронавирус жұқтырғанын айтты. 

 

— Жақында Макспен сөйлестім. Ол дәм мен иіс сезбей қалғанын, онда коронавирустың белгілері барын, түрмеде барлығы ауырып жатқанын айтты. Оны және басқа саяси тұтқындарды босатуды биліктен талап етемін, — деді ол журналистерге.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

14/09/2020 18:04
6653 0

Уведомление