Рыбакина әлемнің екінші ракеткасы атанды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA ұйымының live-рейтингінде екінші орынға көтерілді.
Sports.kz сайтының жазуынша, бұл көрсеткіш — Рыбакинаның мансабындағы ең жоғары нәтиже. Бұл нәтиже теннисші АҚШ-та өтіп жатқан Indian Wells турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін тіркелді.
Ширек финалдағы жеңіс
Рыбакина ширек финалда әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегулаға қарсы келді.
Бұл теннисшілердің өзара сегізінші кездесуі еді. Осыған дейін 7 матчтың төртеуінде Рыбакина жеңді.
Бірінші партияда Елена айқын басымдылық танытты – 6:1. Екінші сетте Пегула 4:2 есебімен алға кеткенімен, Рыбакина таразы басын теңестіре алды – 4:4. Ақыры тай-брейкте мерейі үстем болды – 7:6 (7:4).
Бір сағат 28 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Пегула 5 эйс, бір брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жартылай финал
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекті қапы қалдырды – 6:2, 4:6, 6:4.
Қазіргі live-рейтинг бойынша Рыбакинаның еншісінде 7523 ұпай бар және ол екінші орында тұр. Ал рейтинг көшін 10415 ұпай жинаған беларусьтік теннисші Арина Соболенко бастап келеді.
Фото: Robert Prange/Getty Images
11:37
46
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.