Ресейдің Қазақстандағы әскери полигондары

Ресей Қазақстанның үш аймағынан (Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан) әскери полигондарды жалға алған


21/04/2022
12:27 5975 0

Сары – Шаған әскери полигоны

 

Полигон 1956 жылы Кеңес Одағы тұсында Бетпақ - далада (Қарағанды және Жамбыл облыстары аумағында) құрылды. Әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сынақтан өткізу үшін жасақталған полигонының әкімшілік орталығы Приозерск қалашығы. Қазақстан Сары – Шаған сынақ алаңын 1996 жылы Ресейге жалға берген. Сол уақыттан бері аймақ РФ Қорғаныс министрлігінің иелігінде. 2019 жылғы дерек бойынша, Ресей Қазақстанға 6985, 0 мың гектар жерді жалға алғаны үшін жылына 16 275 774 доллар төлейді. Бір гектар жердің құны – 2, 33 доллар (1040 теңге). 

 

Тайсойған әскери сынақ алаңы

 

Атырау облысы аумағында орналасқан Тайсойған әскери полигоны 1949 жылы құрылған. 1952 жылдан бастап аймақта ядролық сынақтар өткен. Ресми дерек бойынша, 1966 - 1977 жылдар аралығында Тайсойғанда 24 жер асты ядролық сынағы болған. 2015 жылы Қазақстан мен Ресей арасында үкіметаралық келісім жасалып, полигонның жартысынан көбі қайтарып алынған. Қазір 125 мың гектар жер Ресей иелігінде. 

 

Бөкей ордасындағы әскери полигон

 

Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасындағы әскери сынақ алаңы Ресейдің Капустин Яр зымыран полигонның құрамына кіреді. 2019 жылғы дерек бойынша, Ресей Бөкей ордасында 1323,0 мың гектар жерді жалға алып отыр. Жыл сайын жерді әскери сынақ мақсатында пайдаланғаны үшін 3 082 865 доллар төлейді. Батыс Қазақстандағы полигонға Ресей аумағынан ұшырылған зымырандардың бөлшектері келіп құлайды. Сынақ алаңы үш аймаққа бөлінген. Бірінші және екінші аймақта жергілікті тұрғындарға мал бағып, шөп шабуға рұқсат етілген. Үшінші аймақта үй, қора салуға, мал бағуға тыйым салынған. 

 

Байқоңыр ғарыш айлағы

 

Қызылорда облысындағы Байқоңыр ғарыш айлағы Ресей 1994  жылдан бері жалға алып келеді. Осы уақыт аралығында бюджетке 3, 1 миллиард доллар қаржы түскен. Жыл сайынғы төлем мөлшері 115 миллион доллар. 2004 жылы ғарыш айлағын жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған. 

 

Наурыздың басында Украинада соғыс болып жатқан тұста Байқоңырда Ресей әскері мен Путинді қолдау акциясы өтіп, оған мектеп оқушылары қатыстырылған. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, желі қолданушылары наразылығын білдірген. 

Поделиться

Нет комментариев.

21/04/2022 12:27
5975 0

Уведомление