Ресей Украинаға басып кіргелі 9614 бейбіт тұрғын қаза тапқан

Бұл жөнінде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссиясының есебінде айтылған


13/09/2023
12:20 14534 0

Фото: Ашық дереккөзден

Ресей басқыншылығы басталғалы бері Украина аумағында кемінде 9614 бейбіт тұрғын қаза тауып, 17 мыңнан астам адам жараланған. Бұл жөнінде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының қыркүйек айындағы жаңа есебінде айтылған. Зардап шеккендердің үштен бірі Донецк және Луганск облыстарында тіркелген.

БҰҰ айтуынша, соғыс кезінде қаза тапқандардың нақты саны қанша екені әлі күнге дейін айқын емес, құжатта қазасы расталған адамдар ғана бар. Есепте марқұмдар саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін, себебі шайқас қызу жүріп жатқан аймақтардан толымды ақпарат алу мүмкін емес деп жазылған.

Бұған дейін БҰҰ Ресейдің Украинадағы әрекетін геноцид деп танудан бас тартқан. БҰҰ-ның Украинадағы заң бұзушылықты тергеу жөніндегі тәуелсіз комиссия басшысы Эрик Мёсе Украинада тұрғын халыққа геноцид жасалғанына жеткілікті дәлел жоғын айтты. Оның сөзінше, қылмысты геноцид деп тануға белгілі бір топты физикалық немесе биологиялық тұрғыдан жою пиғылы болуы керек.

18 қыркүйекте БҰҰ Халықаралық соты Украинаның «Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшiн жазалау туралы» конвенцияны бұзды деп Ресейге қарсы берген арызын қарайды.

Украина билігі Ресейді 2022 жылдың ақпанында басталған кең ауқымды шапқыншылықта геноцид белгілері бар деп бірнеше рет айыптаған. Олар украин балалары Ресейге депортацияланғанын мысалға келтірген. Осындай әрекет үшін Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Бірақ сот таққан айыптаулар арасында геноцид туралы айтылмаған.

Поделиться

Нет комментариев.

13/09/2023 12:20
14534 0

Уведомление