Ресей Қазақстанда нені жалға алады?

Екі елдің әскери байланысы қандай?


13/10/2023
16:45 8454 0

 

Екіжақты келісімдер негізінде Ресей Қазақстаннан 95 727 шаршы шақырым жерді (Қазақстан Республикасының бүкіл аумағының 3,51%-дан астамы) жалға алады, онда әскери және ғарыш өнеркәсібінің әртүрлі объектілері орналасқан. Олардың қатарында әскери полигондар, өлшеу пункттері, сынақ станциясы және Ресей Әскери-әуе күштерінің көліктік авиация полкі бар. Бұл нысандар Ресей армиясы үшін үлкен маңызға ие және 2018 жылға дейін Мәскеу оларды жалға алу үшін жыл сайын 200 миллион доллар жұмсаған.

Осындай нысандардың ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы ерекше көзге түседі. Оған Ресей жыл сайын жалға алғаны үшін 115 миллион доллар төлейді. Kursiv Медиа мәліметінше, 2018 жылға дейін Ресей Байқоңырды жалға алғаны үшін Қазақстанға 2,6 миллиард доллар төлеген. Салыстырма үшін, Қазақстанда бір мектептің құрылысына 1,1 миллион доллардан 7,7 миллион долларға дейін кетеді. Ғарыш айлағын жалға алған ақшаға орта есеппен 591 мектеп салуға болады екен.

Біз бұған дейін Байқоңыр туралы айтқанбыз, сондықтан бұл мақалада Ресейге уақытша пайдалануға берілген басқа нысандарға тоқталамыз, сонымен қатар қазақ әскерінің Ресей армиясымен қаншалықты тығыз байланыста екенін айтамыз.

 

«Капустин Яр» полигоны

 

Ресей Федерациясының Астрахань облысы мен Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан «Капустин Яр» зымыран полигонының негізі 1946 жылы қаланған. Онда түрлі зымырандар сынақтан өтіп, 11 ядролық жарылыс жасалған, «Космос-1» спутнигі және басқа ғарыш аппараттары ұшырылды.

 

КСРО ыдырағаннан кейін Ресей полигон инфрақұрылымының бір бөлігін Қазақстаннан жалға ала бастады. 1990 жылдары зымырандарды жасауды қаржыландыру қысқартылды, ал қысқартылған сынақтар барлау сипатында болды. Онжылдықтың аяғында Капустин Яр РФ Қорғаныс министрлігінің 4-ші Мемлекеттік орталық спецификалық сынақ полигоны деп аталды - ол зымыран ұшыруды және спутниктерді орбитаға жеткізуді қалпына келтірді. Атап айтқанда, «Тополь» және «Искандер-М» кешендерінің зымырандары осында сынақтан өтті.

 

2017 жылы Батыс Қазақстан облысы полигонның 1371 гектарын өз құрылымына қайтарды. Тиісті жарлыққа Ресей президенті Владимир Путин қол қойды. Келісім сондай-ақ Малое Богдо қиыршық тас кен орнын Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншігіне қайтаруды көздеді. Дегенмен, полигонның бір бөлігін Ресей әлі де жалға алып отыр.

 

«Сары-Шаған» полигоны және Приозерск қаласы

 

Сары-Шаған полигоны 1956 жылы Қарағанды ​​және Жамбыл облыстарының аумақтарында салына бастады. Нысан зымыранға қарсы қаруды жасауға және сынауға арналған. Полигонның әкімшілік орталығы – ЗАТО (жабық қала) Приозерск – Балқаш көлінің жағасында орналасқан.

 

Сары-Шаған мен Приозерскті Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы бері Ресей жалға алып келеді. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, полигон, жер учаскелері және әртүрлі мүліктер кемінде он жылға жалға берілген – бірақ бұл мерзім тараптардың бірі екіншісіне жазбаша түрде хабарлағаннан кейін автоматты түрде ұзартылады.

 

1990 жылдардан бастап полигонда зымыран сынақтары жылына 1-2 рет өткізіліп тұрады. Соңғы рет осы жылдың сәуір айында «Капустин-Яр» полигонынан ұшырылған құрлықаралық зымыран Сары-Шаған полигонына келіп құлаған. Снаряд Қазақстанның бүкіл аумағынан ұшып өтіп, 3 мың шақырымнан астам қашықтықты бағындырған.

 

Біз ішке кіреміз деп шештік, бірақ офицерлер демалыс күні үйінде болып шықты. Біз таң қалдық, өйткені біз онда жұмыс күні болғанбыз және ешқандай мереке болмаған еді. Олар бізге демалыс күндері Қазақстанда емес, Ресейде екенін түсіндірді, себебі бұл Ресей Офицерлер үйі», — деп жазды Tengrinews журналистері 2021 жылы қала өмірі туралы материалында. 

 

2015 жылы Ресей мен Қазақстан Сары-Шаған полигонын жалға алу құнын жылына 18,9 миллион доллардан 16,2 миллион долларға дейін төмендетуге келісті. Келесі жылы тараптар нысанның жаңа шекараларын белгілеп, кейбір аумақтарды құрамнан алып тастаған келісімге қол қойды. Өткен жылдың соңында Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Сары-Шағанды ​​жалға алу мерзімі 2030 жылдың шілдесіне дейін ұзартылғанын хабарлады.

 

Экологтар зымыран отынына пайдаланатын гептилдің төгілуі 40 гектар полигон топырағын ластағанын алға тартып айтады. Кейбір аймақта ластанған жердің тереңдігі 2 метрге дейін жетеді. Зерттеушілер объект аумағында да радиоактивті фонға қатысты жағдай белгісіз болып отырғанын мәлімдеді.  Аймақтан уран қалдықтары табылып, радиогидрохимиялық ауытқулар тіркелген. Мамандар учаскедегі экологиялық жағдайды қиын деп бағалаған.

 

Қазақстан бақылауына қайтарылған нысандар

 

Жабық Балқаш-9 қаласы Қарағанды ​​облысының Ақтоғай ауданындағы «Сары-Шаған» полигонының жанында орналасқан және бұрын радиолокациялық торап қызметін атқарған. 1964 жылы негізі қаланған қала спутниктерді бақылау үшін пайдаланылды, сонымен қатар ол Қытайдан, Үндістаннан және Пәкістаннан жасалуы мүмкін зымыран шабуылдары туралы ескерту жүйесінің бір бөлігі болды.

 

2020 жылға қарай Балқаш-9 аумағындағы барлық алты радардың жұмысы тоқтатылды. Сол жылы әскери қалашық Ресей Федерациясының Аэроғарыш күштерінің бақылауынан шығарылды.

 

Ақтөбе облысындағы Ембі әскери полигоны 1960 жылы құрылған. Нысан 2,9 миллион гектарға дейінгі аумақты қамтыды. 1990 жылдардың аяғына дейін онда әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен зениттік-зымырандық жүйелер сынақтан өтті. 1999 жылға қарай Ембі маңындағы жергілікті әскери бөлім таратылып, орыс әскерлері Капустин Яр полигонына көшірілді.

 

Ресей қарулы күштері полигонды ұзақ уақыт пайдаланбады, бірақ кейіннен оны жалға алды. 2016 жылы Ресей Қазақстанға нысанды пайдаланғаны үшін 7 миллиард теңге төлесе, келесі жылы жалға беру келісімін бұзып, Ембі аумағының 300 мың гектарын Қазақстанға қайтарды. 2005 жылдан бері нысанды жалға алу құны жылына 718 000 долларды құрайды.

 

Қазақстан мен Ресейдің әскери ынтымақтастығы және әуе қорғанысының бірыңғай жүйесі

 

2014 жылы Қазақстан мен Ресей ТМД-ға мүше мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғанысының біртұтас жүйесінің бөлігі – Бірыңғай аймақтық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін құру туралы келісті. Бір жылдан кейін Қазақстан Республикасының сол кездегі Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов біртұтас өңірлік жүйені қалыптастыру үдерісінің басталуы және оны іс жүзінде қолдану туралы баяндады.

 

Құжат авторлары әскери қауіп күшейген кезде тараптар екі елдің заңнамасында белгіленген тәртіппен әскерлері мен құралдарын пайдалану құқығын өзіне қалдыратынын атап өтті. Жүйенің командалық пункті Алматы қаласында орналасқан.

 

2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басып кіруіне бір апта қалғанда Қазақстан Республикасының Сенаты Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы шартты мақұлдады. Құжат 2022 жылдың мамыр айында күшіне енді. Ол «ортақ қауіпсіздік мүддесінде» әскерлерді бірлесіп жоспарлау мен пайдалануды, сондай-ақ әртүрлі салалардағы әскери ынтымақтастықты көздейді. Сенат құжаттың «жеке мемлекеттерге қарсы бағытталмағанын» және тараптардың басқа халықаралық шарттарға қатысты міндеттемелеріне әсер етпейтінін айтты.

 

Жалпы, Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының бағалауы бойынша, 2017-2021 жылдар аралығында Қазақстанға импортталған қарудың жалпы көлемінің 91 пайызы Ресейге тиесілі. Өткен жылдың көктемінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары ел ресейлік қаруды «тактикалық-техникалық сипаттамаларына» қарап, сатып алатынын мәлімдеген.

 

2023 жылдың сәуірінде «Ашық диалог» қоры Қазақстан 2022 жылы Ресейге 11,5 тонна күкірт экспорттағанын анықтап, жариялады. Авторлар бір жыл бұрын бұндай экспорт болмағанын атап өтіп, осы уақыт аралығында Франциядан Қазақстанға 17,8 тонна күкірт әкелінгеніне назар аударған. Олардың пікірінше, Ресейге дәл осы күкірт жіберілуі мүмкін.

 

Сондай-ақ қор Қазақстаннан Ресейге телескопиялық көздеуіштер, арнайы лазерлер, радарлар, радионавигациялық және қашықтан басқарылатын радиожабдықтар, подшипниктер мен жартылай өткізгіштер экспортталғанын хабарлады. «Ашық диалог» өкілдері Батыс елдерін бірнеше қазақстандық шенеунікке, соның ішінде президент Тоқаевқа қарсы санкция салуға шақырды.

 

ҚР Парламентіндегі мұндай ынтымақтастыққа сын

Ағымдағы жылдың мамыр айында Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Қазақстан ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы жағдайында Ресейге қомақты жер телімдерін номиналды ақыға беріп жатқанын айтқан болатын. Депутат Астана ұстанымын сынға алған.

 

Жоғарыда аталған комиссия жұмысының материалдарын біздің мемлекет өкілдерінің мінезсіз ұстанымын көрсетеді. Ал Ресей тарапы өз мүддесін қорғауда өте қатал. Дәл осындай жағдайды ЕАЭО мәселелері аясында жиі байқауға болады, - деген мәжілісмен.

 

Егізбаев әскери полигондар үшін Ресей Федерациясына гектарына 1050 теңгеден 8,5 миллион гектардан астам жер жалға берілгенін атап өтті. Депутат жалға алу құны 2005 жылдан бері өзгермегенін баса айтты. Ол полигондар алып жатқан жерлерді рекультивациялау мәселесін көтеріп, олардың жалпы аумағы Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия және Грузия сияқты елдердің ауданына тең екенін мәлімдеді.

 

Жалға алуды тексерудің келесі мерзімі - 2030 жылы болмақ. «Ауыл» партиясы 2023 жылдың өзінде-ақ үкіметке сынақ алаңдарының жер телімдерін ауыл шаруашылығы пайдасына қысқартуды, әскери мақсаттағы жерлерді жалға берудің тарифтерін көтеруді, сондай-ақ полигондарды 2030 жылға дейін жалға беру мерзімін ұзарту немесе тоқтату мәселесін шешуді ұсынды. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/10/2023 16:45
8454 0

Уведомление