Протестік музыканың өткені мен бүгіні. Музыка қоғам мен жүйені өзгерте ала ма?

«Шындықты айту – оңай емес»


24/04/2023
15:48 3998 0

 

Өнер – мәңгілік күрес. Өнер арқылы диктаторлық дәуірлер алмасып, бейбіт күндер орнағанына тарих дәлел. Өнер қай уақытта да, қай заманда да зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы шықты, өз үнін білдірді. Осы әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы шыққан өнер түрлерінің бірі – музыка. Музыка ерте уақытта-ақ қарсылық білдірудің құралы ретінде, протестік көңіл-күйді жеткізудің мүмкіндігі ретінде қолданылды. Осы тұста протестік музыка тарихы туралы, протестік музыканың қоғамға әсері туралы, заманауи музыкадағы протест туралы музыкатанушы Мерей Сембаймен әңгімелестік.

– Протестік бағыттағы музыка тарихы қалай басталды?

– Ежелгі адамдар тайпамен өмір сүрген сәтте, құл иеленушілік құрылым кезінде зорлық-зомбылыққа, қанауға, адамның еңбегін ақысыз пайдалануға, әділетсіздікке қарсы наразылықтарын ән, музыка арқылы білдірген. Бұл әндердің сақталып қалған үлгілері өте аз. Бізге белгілі мысалдардың бірі – XIV ғасырдағы Англиядағы қанаушы жас король ІІ Ричардке қарсы, қарапайым шаруалардың көтерілісіне байланысты шыққан «The Cutty Wren» әні.  ХІХ ғасырдан бастап протестік бағыттағы музыка ерекше дамыды. Классикалық музыкадағы протестік бағыттың ерекше үлгісі – Дмитрий Шостаковичтің «7 симфониясы». Симфонияны дирижерлаған эстондық дирижер Пааво Ярвий «Шостаковичтің бұл симфониясы немістерге қарсы емес, Сталиннің фашизіміне қарсы», –  деген пікірін айтты. Жорж Бизенің «Кармен» операсы да протестік бағыттағы музыканың ерекше үлгісі. Бұл операда дәстүрлі нормаларға бағынбайтын, еркін Карменнің тағдыры ашық көрсетіледі. Мысал өте көп. АҚШ музыканттары Вьетнам соғысы, нәсілдік теңсіздік тақырыптарын көп көтерді. Бұл тұрғыдан Боб Диланның шығармашылығын ерекше атауға болады.

– Қазақ музыка тарихындағы қай әндерді протестік бағыттағы әндерге жатқызуға болады?

– Қазақ музыка тарихындағы протестік бағыт ретінде сал-серілердің шығармашылығын ерекше атауға болады. Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні, Біржан салдың «Жанбота» әні – бай-феодалдарға, болыстарға наразылық білдірген уақытта шыққан әндер. Біржан сал өмір бойы қоғамдағы әділетсіздік, теңсіздікпен күресіп өткен.

– Протестік бағыттағы музыканың билікке/қоғамға әсері бар ма?

– Наразылық музыкасы – халықтың наразылығын, билікке қоятын талаптарын жеткізетін маңызды құрал. Осы секілді кейстер тарихта бар. Сондықтан да протестік музыканың қоғамға да, билікке де әсері үлкен болуы мүмкін. Менің ойымша, бұл жерде әнді, музыканы жазған музыканттың тұлғасы үлкен рөл атқарады. Музыканттың рухы күшті, сөзі өткір, талғамы терең, таланты жоғары деңгейде болуы абзал. Музыкант билік саясатымен келіспесе және мүддесі халық мүддесіне сәйкес келсе – наразылық музыкасы адамдарды біріктіреді. Осындай деңгейге жеткен наразылық музыкасы адамдарды митингтерге, революцияға жетелеуі мүмкін.

– Осы уақытта әлемде протестік музыканың көп болуына басты себеп не?

– Дүниежүзінде жаһандық деңгейдегі проблемалар көп болғандықтан –протестік музыканың көп болуы да қалыпты жағдай. Протестік музыка өмір сүру деңгейі төмен, жемқорлық, әділетсіздік, теңсіздік орын алатын мемлекеттерде көп шығады. Мысалы, протестік қозғалыс ретінде пайда болған жанр – рэп. Рэп Нью-Йорктағы кедейлер тұратын көшелерде афроамерикандықтардың бір-бірімен ауызша «шайқасу» дәстүрінен басталды. Осы уақытта рэп орындаушылары кейбір мемлекеттерде билік үшін қауіпті деп танылады және қудаланады.

– Еліміздегі протестік бағыттағы музыканың дамуы қай деңгейде?

– Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған протестік ән – 86-шы жылдың оқиғасына арналған, Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні. Соңғы жылдары жас орындаушылардың арасында наразылық білдіретін әндер саны өсіп келеді. Жас орындаушылардың әлеуметтік-саяси проблемаларды көтеруге ұмтылуы, ішкі жан-айқайымен бөлісуі – түсінікті құбылыс. Қазақстанда жұмыссыздық, жемқорлық, кедейшілік және көптеген басқа да әлеуметтік проблемалар шешілмей жатыр. Қазақ тіліндегі протестік бағыттағы әндерге Мархаба Сәбидің «Жүйе», Jeltoksan-ның «Көзімді ашам» секілді әндерін жатқызуға болады. Осы тұста ескеру керек үлкен проблема бар. Ол – протестік бағыттағы әндердің трендке айналуы. Протестік бағыттағы әндерді сән үшін, популяр болу үшін айтатын орындаушылар да бар. Бұл – өте ауқымды тақырып, терең талдауды талап етеді.

 – Біздегі протестік музыка қоғамға қаншалықты әсер етіп жатыр? 

– Шындықты айту – оңай емес. Протестік музыка жазу үшін – рухани еркін тұлға болу керек. Протестік музыка арқылы тойға шыға алмайсың, көп ақша таба алмайсың, билікке ұнамайсың. Сондықтан шығар, бізде протестік бағытта ән жазатын жас музыканттар шығып жатқанымен, ондай бір протестік қозғалыс жасайтындай деңгейге жеткен жоқ. Оның үстіне Қазақстандағы музыка саласы салыстырмалы түрде енді ғана дами бастағанын ескеру керек. Демек, наразылық әндерін жазу мәдениеті әлі қалыптаса қойған жоқ. 

– Хайп үшін, аудитория жинау үшін протестік бағыттағы клип түсіріп, ән шығарған топтар бар. Ол топтар шын мәнінде мүлдем өзге позицияда болуы мүмкін. Өнерпаздың өнері мен өмірі сәйкес болу керек пе?

– Өнерпаздың өмірі мен өнері сәйкес болуы – шарт емес. Протестік бағыттағы музыка жазатын музыканттар әдетте өмірлік тәжірибесіне, сеніміне, жеке құндылықтарына сүйенеді, сондықтан олардың өмірі мен өнері көбінесе өзара ұштасып жатады. Менің ойымша, өнерпаздар ең бастысы өз сенімдеріне шынайы болып, қоғамдағы оң өзгерістерге жетуге ұмтылуы керек. Атақ-даңқ, аудитория жинап, хайп үшін өздерінің шығармашылық қабілеттерін пайдалану – ізгілікті мақсат емес және ұзаққа апармайтын жол. Біздің қоғамның билікке деген наразылығы бар болғандықтан, қоғамға кез-келген протестік шығармашылық ұнайды. Мысалы, «Ирина Қайратовна» тобын алайық, олар тез арада өте көп көрілім жинады. Бұл топтың наразылығы бейне арқылы берілген. Бірақ, топтың протестік көңіл-күйі қаншалықты шынайы екенін білмеймін...

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен:

Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Поделиться

Нет комментариев.

24/04/2023 15:48
3998 0

Уведомление