Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен: Қазақстанға премьер-министрдің қажеті жоқ

Президент «сүттен ақ, судан таза» болып отырады


11/11/2022
13:02 20437 0

Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен Қазақстанға премьер-министрдің қажеті жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда президент премьерге тапсырма беріп, өзі «сүттен ақ, судан таза» болып отырады. 

 

Мейрам Қажыкен Ақтөбе қаласында халықпен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

 

– Маған премьер-министрдің атқаратын міндеті түсініксіз. Бізде президент бар. Ол білім, әлеумет, денсаулық сақтау салалары бойынша міндеттерді мойнына алады. Премьер-министрді шақырып алып, тапсырма беріп, орындағанын күтіп отырмай, ол осы жұмыстарды өзі жүзеге асыруы тиіс. Күндіз-түні заң шығарумен, министр, әкімдермен жұмыс істеуі қажет. Премьердің қажеті жоқ. Президент «сүттен ақ, судан таза» да, тапсырманы орындайтын премьер-министр ақымақ па сонда? Олай болмауы керек. Премьер-министр қажет емес. Министрлер кабинеті болса жеткілікті, – деді Қажыкен. 

 

Естеріңізге салайық, қазір президенттікке үміткерлер ел аралап, халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, әлеуметтік желіде сарапшылар мен тәуелсіз журналистер сайлау науқанының дүбірі сезілмейтінін жазуда. Олардың сөзінше, әлі күнге дейін кандидаттар немесе олардың өкілдері келмеген. 

 

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Оған қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен және Салтанат Тұрсынбековалар қатысады. Бүгін кешкі сағат 20:00 – де «Хабар» арнасында үміткерлер арасында дебат болады. Оған Тоқаевтан басқа үміткерлердің барлығы қатысады. Тоқаевтың орнынан оның сенімді өкілі, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қатысады. Бұған дейін Қошанов мемлекет басшысының қызметтен қолы босамайтынын, дебатқа қатысуға уақыты жоқ екенін айтқан. Дебат өткізу үшін «Хабар» арнасына 63 миллион теңге бөлінген. 

 

Биылғы кезектен тыс президент сайлауына оппозиция мен азаматтық қоғам атынан бірде-бір кандидат қатысқан жоқ. Тәуелсіз сарапшылар сайлауды қуыршақ кандидаттардың ойыны деп бағалаған. 

 

Қазақстанда болған сайлауларды батыс елдері мен халықаралық ұйымдар бірде-бір рет әділ өтті деп мойындаған емес. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

11/11/2022 13:02
20437 0

Уведомление