ОСК Қарақат Әбденнің кандидатурасын тіркеді


19/10/2022
17:44 24631 0

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 19 қазанда кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған кандидат Қарақат Әбденді кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркеді. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

 

 

ОСК мүшесі Шавкат Өтемісовтің айтуынша, «президенттікке үміткерді тіркеу бойынша қажетті процедуралардың бәрі» сақталған. Жергілікті сайлау комиссиясы хаттамасының мәліметінше, Қазақстанның 15 өңірінде Әбденді қолдаған 122 мыңнан астам қол жиналған, 118 мың 418-і жарамды танылған. 

 

 

19 қазанда Азаттық сұрақтарына жауап берген Қарақат Әбден қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты «үлкен саясаткер» деп атап, оның саяси реформаларын «толық қолдайтынын» мәлімдеді. 

 

 

48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы – экономист-маркетолог. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл тәжірибесі бар – мемлекеттік кіріс, қаржы министрлігі мен салық комитетінде түрлі лауазымды қызмет атқарған. «Нұр Отан»партиясы (қазіргі «Аманат») аппаратында да қызмет істеген. Астана мәслихатының депутаты.

 

 

Әбден президенттікке үміткер ретінде тіркелген төртінші кандидат. ОСК-ға құжат тапсырғандар арасында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Салтанат Тұрсынбекова да бар. 

 

 

Бұған дейін ОСК кандидат куәлігін – «Ауыл» кандидаты Жигули Дайрабаев, «Аманат» кәсіпкерлер достастығы ұсынған Мейрам Қажыкен,  «Халықтық коалиция кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған. 

 

 

21 қазанда кешкі сағат 18.00-де елде сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады. Ол 18 қарашаға дейін жалғасады. 19 қарашада – «тыныштық күні». Дауыс беру 20 қарашаға белгіленген. Президент жеті жылға сайланады. Парламент қыркүйекте қысқа уақыт аралығында Конституцияға түзетулер енгізіп, сол арқылы президенттікті бір реттік жеті жылмен шектейтін түзету күшіне енген. Көп сарапшы сайлаудың нәтижесі алдын ала анықталған деп санайды.

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/10/2022 17:44
24631 0

Уведомление