ОСК АЭС салуға байланысты референдум өткізуге дайын

Референдумға бюджеттен 16 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ


06/09/2023
13:24 15221 0

Көрнекі сурет: Ашық дереккөзден

 

Орталық сайлау комиссиясы атом электр станциясын салуға байланысты жалпыхалықтық референдум өткізуге дайын. Бұл жөнінде «Валасть» басылымына ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов мәлімдеді. 

 

Шавкат Өтемісовтің сөзінше, орталық сайлау комиссиясы референдумды 2023 жылы өткізуге дайын және дауыс берушілердің тізімін әзірлеу жоспарлы түрде жүріп жатыр. 

 

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев референдум өткізуге жұмсалатын қаражат 16 миллиард теңгеден аспайтынын айтты. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты өткізілген референдумға да 16 миллиард теңге жұмсалған. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа жасаған жолдауында атом электр станциясын салу мәселесі жалпыхалықтық референдум нәтижесінде шешілетінін мәлімдеген. Ол референдум уақыты алдағы уақытта белгілі болатынын айтқан. 

 

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт АЭС салуға байланысты референдум өткізу үшін қазіргі Орталық сайлау комиссиясы мен аймақтық сайлау комиссия мүшелерін одан шеттету қажет дейді. Өйтпеген жағдайда оны өткізудің ешқандай мәні жоқ. 

 

– АЭС салу бойынша референдум былтырғы 5 маусымдағы «референдум» сияқты өтсе, оның еш мәнісі жоқ. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы және аймақтық сайлау комиссияларының қазіргі мүшелерін референдумнан шеттету қажет. Олардың орнына әр аймақтың абыройлы азаматтарын таңдау керек. Оларды репутациясы былғанбаған жергілікті қоғамдық және саяси белсенділер, ешбір саяси партияда жоқ заңгерлер, зейнеттегі және биліктің «кампанейщиналарына» араласпаған ЖОО оқытушылары қатарынан табуға болады. Референдум күні учаскелерде бюллетеньдерді бірден есептейтін сканерлерді орнатуды, учаскелерді камералар арқылы тікелей эфирде бақылауды, әр учаскенің протоколдарының скан-көшірмесін референдум күні ортақ сайтқа жариялауды қамтамасыз ету қажет, – дейді ол. 

 

Қазақстанда атом электр станциясын салуға байланысты мәселе бірнеше жылдан бері дау болып келеді. Азаматтық қоғам өкілдері «АЭС-ті Ресей салады, Мәскеуге кіріптар боламыз» деп қарсы шықса, экобелсенділер «АЭС экологиялық қауіптер алып келеді» деп есептейді. Бірақ осының барлығына қарамастан билік атом электр станциясын салу бастамасын күн тәртібінен алып тастаған емес.

 

22 тамыз атом электр станциясы салынады деп белгіленген Алматы облысындағы Үлкен ауылында жария талқы өтті. Ол жерде де тараптар бір мәмлеге келе алмаған. Жергілікті халық пен билік АЭС салуды қолдаса, белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері оған қарсы шыққан. 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/09/2023 13:24
15221 0

Уведомление