Орал соты белсендінің шартты жазасын түрмеге алмастырды

Ол бұны 25 қазанға белгіленген митингімен байланыстырады


12/10/2023
10:39 13688 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты белсенді Амангелді Оразбаевты шартты жазасын түрмеге ауыстыру туралы қаулы шығарды. Іс бойынша белсенді «тыйымға қарамастан Facebook желісіндегі парақшасына видеоға репост жасаған». Пробация органы екі күннен кейін Оразбаевқа ескерту жасаған. Бірақ ол оны түсінуден бас тартып, өзінің кінәсіз екенін айтқан. 

 

—28 мамырда сағат 13:44-те «Ардагер» ауданында жүріп, ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық бұзды деп танылып, оған айыппұл салынды. Оразбаевты пробация органдары шақырған кезде ол өзін кінәлі санамайтынын айтқан, — деді іс материалдарынан үзінді оқыған судья Гүлнар Гимадутдинова.

 

Сот шешімі бойынша, белсенді қалған 3 ай 1күн жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. 

 

Амангелді Оразбаевтың өзі тағылған айыппен де, шығарылған сот шешімімен де келіспейді. Оның сөзінше, бұның барлығы 25 қазанға белгіленген жалпыреспубликалық митинг қарсаңында жасалып жатқан қудалау. Ол жазаны қатайтуға негіз болған оқиға көктемде болған. Бірақ соған қарамастан пробация органы сотқа енді ғана шағымданған. 

 

– Мен ешқандай жазба жариялаған жоқпын. Тіпті өз парақшамда белсенділердің ондай видеосы барын да білмеппін. Әкімшілік айыппұл бар, мен оны төлеп тастағанмын, бірақ оның бұл іске қатысы жоқ – мен таксист болып істеп жүрген кезде өзім тасыған жолаушылармен дауласып қалғанмын. Біреуі мені ұрып жіберді, тіпті бассүйегім зақымданып, ауруханада да жаттым. Іс сотқа жетіп, оларға да айыппұл салынды, ­– деді Оразбаев.

 

Азаматтық белсенді Амангелді Оразбаев биыл 15 ақпанда «тыйым салынған ұйыммен» байланысты бағдарлама жазылған «үнпарақ таратқаны үшін» сотталған. Сот оның бостандығын 1,5 жылға шектеп, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Өткен айда Оралда сот азаматтық белсенді Маруа Ескендірованы бостандықты шектеу жазасынан мерзімінен бұрын босатқан, бірақ қоғамдық-саяси қызметке тыйым жазасын қалдырған.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/10/2023 10:39
13688 0

Уведомление