Орал соты белсенді Ескендірованың өтінішін қанағаттандырмады


27/12/2023
12:55 10494 0

Фото: Азаттық радиосы

Батыс Қазақстан облыcының апелляциялық сот алқасы белсенді Маруа Ескендіроваға шыққан сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Белсенді «митингіге шақырды» деген айыппен 25 тәулікке қамауға алынған. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

Адвокаты Жанболат Құлжанов берген шағым үш күн ішінде қаралған. 26 желтоқсан кешке сот шағымды қанағаттандырмаған.

14 желтоқсанда судья Ернар Халықов белсендіні «заңға қайшы митинг ұйымдастырмақ болды, бір жыл ішінде қайталап заң бұзды» деп таныған. Бұл шешімге Ескендірованың «әлеуметтік желідегі митингіге шақырған жазбасы» түрткі болған. 

Айыппен келіспеген белсенді ешқандай материал жарияламағанын айтқан. Оның сөзінше, хаттамаға түрткі болған жазбаны өзге адам жазып, Ескендірованы белгілеген. Адвокат сотта белсенді телефонын жоғалтып алғандықтан аталған аккаунтты екі жылдан бері пайдаланбайтынын айтқан. 

—Учаскелік инспектор [Ескендірованың] айтқандарын ескермей, пробация қызметінің бір инспекторының есебіне сүйене отырып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырды. Бірінші іс тоқтатылған. Менің ойымша, олар әкімшілік материалдарын бұрмалаған болуы мүмкін. Сот келтірген айғақтарды тыңдамай-ақ 25 тәулікке қамау туралы қаулы шығарды, – деді сотта адвокат Жанболат Құлжанов.

Ол 14 желтоқсанда Ескендіроваға қатарынан екі хаттама толтырған полицейдің заң бұзғанын алға тартты. 21 желтоқсанда алғашқы сот отырысы күні Маруа Ескендірованың шағымымен сот істі қарау мерзімін созып, іс материалдарын толтырған пробация қызметінің өкілі мен полиция қызметкерін іске куәгер ретінде тарту туралы қаулы шығарған.

25 желтоқсанда пробация қызметі мен полицейлерге барлық құжатты әкелуіне мүмкіндік беру үшін апелляциялық шағымды қарау мерзімі ұзартылды. Бұған қоса, Ескендірованың телефонын жоғалтқанын жайлы өтініш бергені-бермегенін тексеру тапсырылды. Белсенді Маруа Ескендірованың айтуынша, шағым түскен аккаунтын телефоны жоғалғалы бері екі жылдан астам уақыттан бері қолданбай келеді. 

26 желтоқсанда кешке Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы белсендіге шыққан шешімді өзгертпеді және хаттаманы толтырған полиция қызметкеріне жеке анықтама шығарды. 

Маруа Ескендірова 14 желтоқсанда – Тәуелсіздік күні қарсаңында «митингіге шақырды» деген айыппен 25 тәулікке қамалған. Ескендірова тағылған айыпты жоққа шығарып, "бостандығы шектелгендіктен" наразылық акциясына қатыса алмайтынын айтқан. 

Биыл ақпанда Орал соты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп белсенді Маруа Ескендірованың бостандығын шектеген. Сот бұған қоса, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуларына тыйым салған. Кейін Маруа Ескендірова мерзімінен ерте босап шыққан. Онымен бірге ұсталып, бостандығы шектелген белсенді Амангелді Оразбаевтың бостандығын шектеу жазасын сот жуырда түрме жазасымен алмастырған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

27/12/2023 12:55
10494 0

Уведомление