«Онда Шаңырақ оқиғасы қайталануы мүмкін»: Алматы саяжайларының тұрғындарына тегін көмектесіп жүрген заңгер хикаясы

Алматының айналасында елді мекенге айналған саяжайларда миллионға жуық адам тұрады. Оларға жер сатқан шенеуніктер жауапқа тартылғанмен, халықтың мәселесі шешілмейді отыр — олардың құжаттары да, ақшасы да, құқықтары да жоқ.



24/08/2020 13:48 61852 0

24/08/2020
13:48 61852 0

 

МИЛЛИОН «ЖОҚ» АДАМ

 

2017 жылы заңгер Жан Шыңғысқа Kaspi банкінде атына 500 мың теңге заңсыз несие тіркелген адам хабарласты. Шағымданушының заңгердің көмегіне жүгінуге жағдайы жоқ екенін айтып, тіпті не істерін білмеді.

«Заңгермін ғой, көмектестім, әрине тегін. Бір айдан кейін ол маған қайтадан келіп, жергілікті әкімдік пен тұтынушылар кооперативінің төрағасының сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы айтты (ескерту.ред тұтыну кооперативі, яғни саяжай алабы). Мәселенің анық-қанығын білу үшін сол жерге, яғни Жомартқа бардық.

Алматыдан 20 шақырым жерде халықтың қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым. Отандастарыма деген реніш пен аяушылықтан көз жасымды ұстай алмадым, содан бері бос уақытымды тек Алматы маңындағы саяжайлардың тұрғындарына көмектесуге арнаймын».

Жан көмегі туралы жергілікті халыққа хабарлаған кезде оған 2 мыңнан астам өтініш келгенін, тұрғындардың басқа да мәселелері көп болып шыққанын айтады. Олардың ішінде азаматтықтың болмауы, тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеле алмау, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек ала алмай отырғандығы, сапалы, қолжетімді, қауіпсіз электр энергиясының болмауы сияқты қиындықтар бар. Тұрғындар электр қуаты үшін екі есе көп төлеп отырған. Сонымен қатар саяжай төрағасы оған дейін отырған, сосын сотталып кеткен төрағаның қарызын өтеу үшін тұрғындардан ақша талап еткен.

 

 

Жан өз бетінше Жомарттың әлеуметтік-экономикалық картасын жасап, тұрғындар санағын жүргізді. Сонымен қатар, ол тұрғындарға әртүрлі органдардың өкілдерімен кездесу ұйымдастырды: көші-қон полициясы, әкімдік қызметкерлері, Іле ауданы әкімінің орынбасары, Алатау Жарықтың қызметкерлері.

 

----- SLIDER STARTS HERE -----
 
 
 
----- SLIDER ENDS HERE -----
 

Жанның «еңбек жолы» басталған Жомарт саяжай кооперативі Алматыдан 15 шақырым жерде, Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінде орналасқан. Бұзылған жолдар, теңселіп тұрған бағаналар, бірақ күтімі жақсы, сүйіспеншілікпен салынған үйлер. Мұнда негізінен оралмандар тұрады. Жанның айтуынша, халықтың Жомартта тұрып жатқанына ондаған жылдар болса да, тұрғындардың 20 %-ның тіпті азаматтығы жоқ.

 

 

«Мұндағы халық оларды елден қуып жібереді ме деп қорқады, кез-келген шенеуніктен қорқады, бірақ осы жерде тұрады, жұмыс істейді және олар этникалық қазақтар. Оларды түсінуге болады, төлқұжаты жоқ адамдарды айтпағанда тіпті біздің азаматтарымыздың да бұл жерде ешқандай құқығы жоқ. Бұл жердегі басты мәселе азаматтар сатып алған жерлерін жекеменшіктей алмай отырғаны. Бар проблема осы жерден басталады. Карантин кезінде 42 500 теңге әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алмайды, өйткені олар "жүйе" үшін жоқ адамдар. Алайда ондаған жылдар бойы осында тұрып, учаскелер сатып алып, үй тұрғызды. Қарапайым жолды айтпағанда, мұнда тіпті мектеп те жоқ. Балалар бес шақырым жердегі мектепке балшықпен жүріп, кейде иттерге таланып, тіпті жоғалып кетіп жатады. Бірақ мешіт бар! Мектептің орнына мешіт тұрғанын көргенде адамдар қатты ренжіді».

 

 

Мешіт шынымен де тұр екен. Оң жақта көшедегі душ, қабырғаларының орнына Назарбаевтың суреті бар жарнама баннері ілініп тұр.

 

САЯЖАЙЛАРДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ПРОБЛЕМАСЫ НЕ?

Соңғы 20 жыл ішінде Алматы маңындағы саяжай кооперативтері өзінің бастапқы мақсатын жоғалтып, бала өсіріп, жұмыс істеп жүрген тіркелмеген адамдар тұратын аудандарға айналды. Жанның бағалауынша, бұл жердегі халық саны кемінде бір миллион. Олардың 80 %-ы оралмандар және басқа қалалар мен облыстардан жақсы өмір іздеп келгендер. Көбі ресми түрде жұмыс істемейді — базарларда, Барахолкада жұмыс істейді, көше сыпырады, такси жүргізеді, еден жуады.

 

----- SLIDER STARTS HERE -----
 
 
 
----- SLIDER ENDS HERE -----
 
 
 
 

Адамдар көшіп келіп, жер сатып алды, үй тұрғызды. Бірақ уақыт өте келе жерді сатып алу жеткіліксіз екені, жердің бір бөлігі оларға заңсыз сатылғаны, ал бір бөлігі бірден бірнеше адамға сатылғаны белгілі болды. Қағаз жүзінде бұл қарапайым көрінеді - төрағадан құжаттарды алып, тұрғындар арасында жиналыс  өткізу керек. Бірақ тұрғындарға құжатты бермей отыр. Жан мен тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік қорыққаннан құжаттарды бермей отыр. Егер құжаттар тұрғындардың қолына түссе, онда бір жерді бір уақытта бірнеше адамға сатып, сыбайлас жемқорлық схемалары ашылуы мүмкін.
 
 
Алматы маңындағы аудандарды жемқорлар үшін жұмақ деп атауға болады. Тек өткен жылы ғана «жер үшін пара алды» деп Іле ауданы, Ашыбұлақ ауылдық округінің әкімі Серік Күзембаев пен оның көмекшісі А. Тұралина қамауға алынды. Әкімге жеті жыл бас бостандығынан айрылу жазасы кесілді, бірақ кейін Алматы облыстық соты шешімнің үкімін жойды.
 
 
 
«Кейіннен сотқа дейінгі тергеу барысында С. Күзембаев бұл ақшаны "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша пайдаланғысы келгенін айтты».
 
Сот түсіндірмелерінен үзінді.
 
Заңға сәйкес, бұрынғы әкім бас бостандығынан айрылу немесе айыппұл төлеуі керек еді. Сот әкімді босатты және айыппұлды төлеушінің «материалдық жағдайы төлеуге мүмкіндік бермеді» деп төлемеді. 
 
 
Zakon.kz-тің хабарлауынша Туралина ауыр қылмыс жасағанына қарамастан, тәртіптік жазаға тартылмаған және өз қызметінде жұмысын жалғастыруда.
 
 
Онымен қоймай Туралина осы ақпаратты Facebook-те жариялағаны үшін Жанды жала жапты деп сотқа берді. 
 
 
Іле ауданы әкімдігінің хабарлауынша, бір кооперативтің төрағасы Шаяхмет Алжамбаев бірнеше жыл бойы жаңадан келген алматылықтарға жерді заңсыз сатқаны үшін басбостанлығынан айрылды. 2017 жылы ауыл төрағасы түрмеге қамалды, тұрғындарды әкімдік «басып алушылар» деп атаған. 
 
Жомарттың проблемасы бірегей емес екенін заңгер Анна Данилина да растап отыр.
 
«Қараңыз бұл күрделі мәселе, иә?! Бір жағынан, оларда бау-бақша кітаптары бар, екінші жағынан, меншік құқығын растайтын бірде-бір құжат жоқ. Міне! Бұл заңдастыруға қатысты өте күрделі мәселе».
 
 
Оның айтуынша Алматыда кезінде заңдастырудың екі ағыны болды. Жомарттың тұрғындары да сол кезде құжаттарын сол кезде тапсыруы керек еді.
 
«Мәселені шешудің бірнеше жолы бар: егер бау-бақша қоғамы физикалық тіркелген болса, онда адамдар алдымен бау-бақша серіктестігіне жүгінуі керек. Жалпы жиналыс өткізіп, онда меншік құқығын тіркеу үшін қандай да бір ақша бөлінетінін талқылауы тиіс. Бау-бақша қоғамы бойынша бұл жер қалай берілді? Уақытша және тұрақты пайдалануға. Бірақ келесі мәселелер бойынша қиындық туады. Яғни бізде бау-бақша қоғамы сияқты кооперативтер бойынша бау-бақша қоғамының жер учаскесін заңдастыру үшін жиналыс хаттамасын меншік құқығымен беру құқығы бар. Егер қандай да бір бау-бақша қоғамы мұндай хаттаманы жазса, онда сәйкесінше жұмыс әкімдік арқылы, жер қатынастары басқармасы арқылы ары қарай жылжиды. Онда алдымен жерді уақытша пайдалануға, содан кейін тұрақты пайдалануға өтініш береді. Яғни, жер алдымен белгілі бір уақыт аралығында жалға беріледі. Содан кейін ол осы негізде меншік құқығына, осы жерді сатып алуға өтініш береді және сәйкесінше мемлекет арқылы сатып алады. Міне! Болды».
 
Сөз жүзінде бәрі қарапайым көрінгенімен, іс жүзінде Жомарт пен Жан тұрғындары қауіп-қатерге, арандатуларға, уақыт созуға, әуре-сарсаңдыққа тап болып жатыр. Үш жыл ішінде адвокат сотқа 500-ден астам өтініш пен арыз жазды. Ол маған іші қағазға толы қалың папканы көрсетті. Бұл мәселені шенеуніктер де, сот та шешкісі келмейді. 
 
Әкімдерді түрмеге отырғызып, орнын ауыстырып жатқанда, Алматы мен облыстағы миллионға жуық тұрғын дауыс бере алмайды, электр энергиясына жоғары тарифпен төлейді, балаларды мектептерге орналастыра алмайды, жалпы өз аудандарында мектеп немесе ауруханаға жете алмай отыр. Заң бойынша, саяжай тұрғындарына мұндай құқық қарастырылмаған. Техникалық жағынан қарасақ олар тіпті жоқ. 

 

 

Әрине Алматы тарихында тұрғындар учаскелерін заңдастырған оқиға болды, алайда ол - қайғылы Шаңырақ оқиғасы. 

 


 

ШАҢЫРАҚТА НЕ БОЛДЫ?

2006 жылы тұрғын үйге артқан сұраныс пен жер бағасының күрт өсуі кезінде билік Алматы маңындағы Шаңырақ елді мекенінің тұрғындарын күшпен шығаруға тырысты. 

«Әрине, "проблемалы" шағын аудандар мен кенттерді басып алу, учаскелерді сатуда алаяқтық (көбінесе әкімдіктің қолдауымен) болды. Бірақ "шаңырақтықтардың" көпшілігінде қандай да бір құқық белгілейтін құжаттар болған, көбі жаңа жерде тұрып үлгерді, бұл заң алдында оларға белгілі бір құқық берді. Дегенмен өзіңіз білетіндей, заң "рөлде" отырғанның қалауына байланысты кез келген бағытқа бұрылу ерекшелігіне ие. Жер-тұрғын үйге сұраныс артты, ал билік "әлеуметтік аутсайдерлер" үшін құқықтық және нақты орынды анықтай отырып, үлкен қалаларда тәртіп орнатуға мәжбүр болды. Бақайдағы, Ақбұлақтағы және жақында Алматы құрамына кірген басқа да қала маңындағы кенттердегі лашықтарды күшпен шығару және бұзу басталды», - деп хабарлайды Camonitor.

Қаруланған тұрғындар үйін қорғай бастайды. Нәтижесінде полиция қызметкері Әсет Бейсенов тірідей жанып кетті. Тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны үшін ақын Арон Атабек 18 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға және Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Шаңырақтың тағы 20 тұрғынын сот кінәлі деп таныды, бірақ оларға шартты жаза тағайындады. Осы қайғылы оқиғалардан кейін Шаңырақ тұрғындарына басып алынған жер учаскелерін заңдастыруға рұқсат етілді, инфрақұрылым құрды, ал Алматыда жаңа аудан — Алатау ауданы құрылды.

 


ҚАЛАЙ АУЫЛ БОЛАМЫЗ?

 

 

Заңгер Жомарт ТК-ның және басқа да саяжай кооперативтерінің мәселесі шешілмесе, Шаңырақ-2 оқиғасы болуы мүмкін дейді. Биліктің екі жолы бар: бірі тұрғындарға құжаттарды заңдастыру үшін керек құжаттарды беруге төрағаларды мәжбүрлеу немесе Жомартқа ауыл мәртебесін беру.

«Мұнда бес мыңнан астам адам тұрады, заң бойынша олар ауыл мәртебесін алуы керек еді, бірақ оларға бермей отыр. Сонымен қатар, 15 жылдан бері шешілмеген инфрақұрылым проблемалары бар. Ауа-райы нашар кезде электр қуаты әрдайым сөніп қалады. Басты мәселе  тұрғындардың өз учаскелеріне құқығын белгілейтін құжаттардың болмауы».

«Шаңырақ» оқиғасының қорғаушылары үшін бәрі түрмемен аяқталды. Жан өзіне үнемі қауіп төніп тұрғанын айтады: оны бопсалайды, жала жабады және сотқа тартады.

«Мен сындарлы диалог болады деп үміттендім, оның орнына әкімдік ол жерде қанша адам тұратынын білмейтініне қарамастан, қарапайым тұрғындарды айыптай бастады. Аппарат басшысынан тұрғындар санын сұраған кезде: "екі жыл бұрын 2 мың немесе 2 500 адам болған" деп жауап берді. Шын мәнінде, 5 200 адам болды,  санақты өзім жүргіздім. Тұрғындар өз құқығы мен заңды білмегені үшін және қарапайым, әрі аңқау болғаны үшін кінәлі. Әрине мұны өзін өзі тағайындаған әкімдік пен жалған төрағалар пайдаланды. Тұрғындар жиналысында әкімдік қызметкерлерінің біліксіздігі мен әрекетсіздігін көрсеттік. Содан кейін Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімдігі мен Іле ауданы әкімінің орынбасарлары мені қудалай бастады».

 

 

Жанның айтуынша, алдымен телефон арқылы қорқыта бастаған (жазбалар бар), содан кейін арандатушылық болған. Белгісіз біреулер мені үй маңында аңдып, қорқытты, өздерін полиция қызметкері деп атады. 

 

«Әрине, полицияға шағым жаздым, бірақ шағымым қайтып келіп отыр.  Бірде олар маған келіп, өміріме қауіп төндіріп, қолымды бұрап, телефонымды тартып алды. Бірақ заң бойынша әрекет ететіп, шу көтеріп, арыз-шағым жаза бердім. Осы оқиғалардан кейін балам, отбасым үшін қорқыныш пайда болды. Бірақ алған істі соңына дейін аяқтауым керек еді. Екіншіден, қазір баламның жасы 12-де. Немен айналысып жүргенімді біледі. Тіпті оны бір күні Жомартқа алып келдім, маған полицияның келгенін өз көзімен көрді. Егер он жылдан кейін маған келіп: "Әке, неге бәрін тастап кеттің? Қорықтың ба?" деп сұраса, не деп жауап беремін. Мұны әйеліме де  түсіндірдім. Мен соңына дейін күресуім керек. Себебі күресу жолын таңдадым».

 

2018 жылдан бастап Жомарттың тұрғындарына Жанның денсаулығы туралы мәліметтер таратыла бастады. Екі жыл ішінде адвокат полицияға, прокуратураға, ҚР Президенті Әкімшілігіне, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, ҚР Бас прокуратурасына, Премьер-министрге, ҚР Жоғарғы сотына, Алматы облысының әкімдігіне жүздеген шағым түсірді, бірақ әзірге бәрі нәтижесіз.

 

СОТ, БЮРОКРАТИЯ ЖӘНЕ АМАЛСЫЗДЫҚ

Бұл оқиғада міндетті және жергілікті әкімшілік тарапынан таңылған бюрократия көп. Тұрғындармен кездесуде ол маған үлкен папкаларды көрсетті, ішінде тұрғындардың жүздеген, мыңдаған өтініштері бар.

«Әкімдік "егер біз ауданды ауылға айналдырсақ, онда үйлерді жылжытуға, жолдарды кеңейтуге тура келеді. Олай болмаса өрт сөндіру машинасы қалай өтеді?" дейді. Адамдар үйін бұзуға және қозғауға дайын, бар болғаны құқығы пайда болса екен», — дейді.  

Оның айтуынша, уақытының 25%-ын қалада ақылы жұмысқа арнайды, ал қалған уақытында тұрғындарға көмектеседі.

«Мен өзімді ерікті санамаймын, бұл менің міндетім. Сіз олардың кейбіреулері қандай ауыр жағдайда екенін білсеңіз ғой. Мысалы жақында үйінен қуылып жатқан адам көмек сұрады. Мұндай жағдайларда шұғыл әрекет ету керек. Адамның қолында бұл оның заңды жері екенін растайтын сот шешімі болды, бірақ сот шешіміне олардың түкіргені бар. Кейбірін бопсалайды, мұндай жағдайлар өте көп орын алады. Осы екі жарым жыл ішінде адамдардың проблемалары менің күнделікті жұмысыма айналды. Бастапқы кезде әйелім ренжитін еді, тіпті ажырасуға да жетті. Сонда мен оған: «кімге тұрмысқа шыққаныңды білдің. Мен мұны тастай алмаймын, мені сүйсең, қолдау білдіресің» дедім.

Жұбайының пікірі Жомартқа барып, тұрғындармен танысқан кезде өзгерді. Ол күні Алаштың 102 жылдығына арналған мереке еді. Жан автобусты жалға алып, тұрғындарды қуанту үшін,  ауылға әртістер алып келді.

«Қазір ол менің бас кеңесшім, оның пікірін білмей, шешім қабылдамаймын. Себебі көп жағдайда Жомартқа қатысты мәселелерде әйелімнің кеңестері дұрыс болды. Әйел ерге қарағанда дана екеніне көзім жетті.

Жомартқа және басқа да саяжайларға келетін болсақ, мен одан әрі күресуге дайынмын.

Жақында Еңбекшіқазақ ауданы, Рахат ауылдық округінде Алтын Адам саяжай алабында жиналыс өткізілді. Тұрғындар құжаттарды бермейтін төрағаны сотқа беруді ұйғарды, бірақ істі шыр айналдыруда. Біз Жоғарғы сотқа жүгінеміз».

2020 жылдың тамызында Жан жүйе үшін ресми түрде жоқ адамдарға тұрақты көмек көрсету үшін  «Халықтан жоғары Халық» қорын тіркеді.

«Жемқорлар әйтеуір бір күні әділ жазасын алады деп ойлаймын. Қылмысына дәлел бар. Халық көтерілсе, толқыны кез келген билікті орнынан алып тастай алады. Мені полиция заңсыз алып кеткенде, Жомарттың тұрғындары көтерілуге дайын болды. Олар барда ештеңеден қорықпаймын. Алланың екінші аты халық дейді. Мен халық үшін күресемін. Тізерлеп құл болып өлгенше, тік тұрып абыроймен өлген артық».


Суреттер: Офелия Жакаева

Уведомление