Назарбаев мектебіндегі дау. «Қазақ тілі мен орыс тілі тең мемлекеттің бізге не керегі бар?»

Алматыдағы Назарбаев зиаткерлік мектебінен дау шықты


22/06/2022
15:39 33086 0

Алматыдағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зиаткерлік мектебінен дау шықты. «Өркен» бағдарламасымен оқиға тапсырған балалардың ата-аналары қазақ және орыс тобына бөлінген гранттар әділ бөлінбеген дейді. Олар бұны қазақ тілінде оқитын балаларды кемсіту деп есептейді. 

Математика пәнінің мұғалімі Дархан Ардақұлы қазақ тобына тапсырған балалардың баллы орыс тобының оқушыларымен салыстырғанда әлде қайда жоғары. Бірақ осыған қарамастан қазақ тобында оқитын балалар грантқа түсе алмай қалған. 

Өткен аптада мемлекеттің «Өркен» деген гранты берілді. Жетінші сынып оқушылары соған емтихан тапсырды. Осыдан кейін гранттар бөлінеді. Біздің наразылыққа шығып тұрған себебіміз, қазақ тобына бөлінетін гранттар санын азайтып тастаған. Ал орыс тобына бөлінген грантты керсінше көбейтіп жіберген. Бұған қоса, орыс тобындағы балалардың баллы әлде қайда төмен болып тұр. Қазақ тобы балаларының баллы жоғары болса да грантқа өтпей қалды. Біз бұны әділетсіздік деп санаймыз,  дейді Ардақұлы. 

Дархан Ардақұлы. Фото: Есдәулет Қызырбекұлы. 

Ардақұлының сөзінше, химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебіне қазақ тобының балалары орыстармен салыстырғанда екі есе көп тапсырған. Осыған қарамастан гранттар екі топқа да тең берілген. 

Қазақ тобына шамамен 1480 оқушы тапсырды. Орыс тобына 700-ге жуық оқушы тапсырды. Екі топқа да жүзден грант бөлінген. Қазақ тобында бір орынға 15 бала, ал орыс тобында 7 бала таласады. Қазақ тобында бәсеке екі есе, гранттар саны тең. 100 орында тұрған қазақ тобы мен орыс тобындағы балалардың балл айырмашылығы 60 балл болып тұр. 140 орында тұрған қазақ тобы баласының баллы 100 орында тұрған орыс тобының оқушысының баллымен бірдей. Яғни, біз 40 оқушының өміріне қиянат жасап жатырмыз. Бұл балалар қазақ тобында оқығаны үшін ғана грантқа түсе алмай тұр. Егер олар орысша оқыса түсіп кететін еді. Біз бұны тілдік кемсіту деп есептейміз. Біз қазақ тілінде кемінде тағы екі сынып ашуды талап етеміз,  деді Ардақұлы. 

Тимур Шынтаев. Фото: Есдәулет Қызырбекұлы.

Баласы оқуға түспей қалған ата-ананың бірі Тимур Шынтаев балам 111 орын алды, егер орыс тобында болса 75 орынмен грантқа түсер еді, жалғыз айыбымыз қазақ болып туып, қазақша оқығанымызда дейді. 

Менің балам 1174 балл жинап, қазақ тобында 111 орын алды. Егер орыс тобына тапсыратын болсақ, 75 орынмен грантқа түсіп кетер едік. Біздің жалғыз ғана айыбымыз қазақ болып туып, қазақша оқығанымызда болып тұр. Мектептің басшылығына үш рет бардым. Бірінші күні алтыға дейін жұмыс істейтін қызметкерлер төртте кетіп қалған. Екінші күні директор жоқ деді. Үшінші күні директор қабылдамайды, сайтқа кіріп алдын ала жазыласыз деп айтты. Мен сонымен өзімнің наразы екенімді айтып кеттім. Білім министрлігіне, президент әкімшілігіне барлығына жаздым. Әзірге ешқандай жауап берген жоқ. Қашан жауап беретінін білмеймін,  дейді Шынтаев. 

Немересінің грантқа түсуіне екі орын жетпей қалған Баңдагүл Өмірзаққызы балаларға жастайынан кедергі жасайтын мемлекеттің қандай қажеттігі бар дейді. Оның сөзінше, қазақ тілі мен орыс тілін қатар қою дұрыс емес.

Ата-ана бұл балаларды үшінші сыныптан бастап күн, түн демей дайындады. Қыруар ақшасын жұмсап, ішпей, жемей баласына берді. 9 жастағы баланы таңертең мектепке, түстен кейін дайындыққа апару қандай қиын екенін ойлаңыздаршы.  Бұл бала үшін травма. Егер қазақ тілі мен орыс тілі тең болатын болса, онда бізге бұндай мемлекеттің не керегі бар? Оқу-ағарту министрлігі қайда қарап отыр? Бұлай болатын болса бізге оқудың, мәдениеттің не керегі бар?  Балаға кішкентай кезінен бастап кедергі қойса, өскенде жұмыс таба алмаса, үйленіп, балалы болғанда үй жоқ болса, бізге бұндай мемлекеттің не керегі бар? Бұдан кейін біздің мемлекетіміз аяғынан тұра ма, тұрмай ма білмеймін,  дейді Бағдагүл Өмірзаққызы. 

Мектеп директоры Гүлмира Бақытбекқызы. Фото: Есдәулет Қызырбекұлы.

Басында мектеп қақпасын құлыптап тастап, кейіннен ата-аналар мен журналистер хабарласқаннан кейін сыртқа шығып, өзін мектеп директорымын деп таныстырған Гүлмира Бақытбекқызы гранттардың бөлінуіне жауап бермейтінін айтты. Оның сөзінше, мектеп бекітілген ереже бойынша жұмыс істейді. 

Грант бөлуді мектеп шешпейді. Бізде республикалық комиссия бар. Сол комиссия бізге балалардың тізімін береді. Сол тізіммен балаларды қабылдаймыз. Ереже бар, сол ереже бойынша, мектептің жоспарлық күш-қуатын қарайды. Республикалық комиссия бұл аймақта қанша қазақ сыныбы бар, қанша орыс сыныбы бар екенін қарайды. Биыл бізге берген мәлімет бойынша, Алматыда алтыншы сыныптағы балалардың саны 33 420. Оның ішінде 15 536 бала қазақ сыныбын, 17 884 бала орыс сыныбын бітірген. Барлығын республикалық комиссия шешеді. Мен оған ешнәрсе деп айта алмаймын, — дейді Бақытбекқызы. 

Поделиться

Нет комментариев.

22/06/2022 15:39
33086 0

Уведомление