Мәжіліс ереуіл өткізуді «жеңілдететін» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Құжатта «бір сағаттық ескерту ереуілі» деген ұғым бар, мұны бітімге келу немесе келіссөз процедуралары кезінде жүзеге асыруға болады


07/12/2022
15:12 24153 0

Мәжіліс 7 желтоқсанда «ереуіл өткізуді жеңілдететін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

 

Жоба авторларының айтуынша, құжат жұмысшыларға «бір сағаттық ескерту ереуілдерін өткізуге жағдай жасайды»«жұмыс берушіні ереуіл өткізетін орын бөлуге міндеттейді»«келісім комиссиясының мәртебесін арттырады».

 

– Негізгі міндет – жұмыс беруші мен қызметкерлердің келіспеушіліктерін реттеу және тараптар мүддесін ескере отырып, ортақ ұстанымға келтіру. Осы орайда заң жобасында келісу комиссиялары мен еңбек төрелігі институтын күшейту, еңбек дауларын шешуде кәсіподақтардың рөлін күшейту ұсынылады, ­– деді депутат Жанат Омарбекова.

Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасына сәйкес ереуіл өткізу туралы шешімді бұрынғыша 2/3 емес, жұмысшылардың басым бөлігі қолдаса жеткілікті. Құжатта «бір сағаттық ескерту ереуілі» деген ұғым бар, мұны бітімге келу немесе келіссөз процедуралары кезінде жүзеге асыруға болады. 

Депутат мұндай заң жобасын әзірлеуге елде негізінен еңбек дауларынан туындап жатқан митингілер мен ереуілдерінің артуы түрткі болып отырғанын айтты. Ол басым бөлігінде келісім комиссиясы болмағандықтан ереуілдер көп жағдайда заңсыз танылатынын жеткізді. «Осының барлығы келіссөз және бітім институты жұмысындағы кемшіліктерді көрсетеді» деді депутат. 

Қазақстанда кейінгі кезде ереуілдер жиі болып жатыр. Жуырда Жамбыл облысында «Қазфосфат» мекемелеріндеереуіл болып, жұмысшылар жалақыны арттыруды, еңбек жағдайын жақсартуды және өзге талаптар қойған. Ізінше талаптарды кәсіпорын басшылығы қарап жатқаны хабарланды. 

Жыл басынан бері Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласында да еңбек жағдайына шағымданған жұмысшылар мен жұмыссыз азаматтардың наразылығы өткен. Жұмыссыздар биліктен мұнай-газ саласында жұмыс тауып беруді, ал осы салада жұмыс істейтіндер жалақыны көбейтіп, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. 

Елде ереуіл жұмысшылардың лайықты жалақы талап етіп, талабын орындататын негізгі әдіске айналды. Сарапшылар елде ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығымен байланыстырады.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

07/12/2022 15:12
24153 0

Уведомление