Мысыр Газа секторынан келетін босқындарға гуманитарлық дәліз ашудан бас тартты

Аймақта 339 мың адам үйлерін тастап, босып кеткен


13/10/2023
12:45 13863 0

Фото: Reuters 

 

Reuters агенттігінің дерегінше, Мысыр Газа секторынан келетін босқындарға гуманитарлық дәліз ашудан бас тартқан. Бірақ өз шекарасы арқылы гуманитарлық көмек өткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Ресми Каир бұл шешімін «Палестиналықтардың өз жерін қорғау құқығын қолдау» деп түсіндірген. 

 

БҰҰ мәліметінше, Газа секторында 339 мың адам үйлерін тастап, босып кетуге мәжбүр болған. Олардың басым көпшілігі қазір мектеп сияқты мемлекеттік нысандарды тасалауда. 

 

Гуманитарлық дәліз ашуға Еуропа Одағы өкілдері шақырған. АҚШ Израиль мен Мысыр арасында дәліз ашу мәселесі талқыланғанын мәлімдеген. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш «Газа секторына жанармай, азық-түлік, су жеткізілуі керек» деген. Reuters мәліметінше, дәліз ашу Мысыр, АҚШ, Түркия және Катар арасында талқыланған. 

 

ХАМАС шабуылынан кейін Израиль Газа секторына қарымта шабуыл жасап, электр, жанармай және су беруді тоқтатты. Газа секторындағы жалғыз электр станциясы жанармайдың жоқтығынан істемей қалды. Сенбіден бері Палестина ауруханаларында жараланғандар саны көп екені айтылды.

Кейінгі мәліметке қарағанда, ХАМАС-тың Израильге шабуылы салдарынан елде 1300-ден астам адам қаза болған, Газа секторында ХАМАС шабуылына жауап берген Израильдің соққысынан қаза болғандар 1200-ден асқан. Екі жақтан әрқайсысында 9 мыңнан астам адам жараланған. 

ХАМАС тобы 130 адамды кепілдікте ұстап отырғанын айтты. Израиль энергетика министрі ұрланған израильдіктер үйлеріне қайтпайынша «бірде-бір сутартқыш ашылмайды» деп мәлімдеді.

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/10/2023 12:45
13863 0

Уведомление