«Мәселе шешілген жоқ». Жетібайдағы наразылар президентке үндеу жасады

«Талапты толық орындамайынша ереуіл тоқтамайды»


29/03/2023
13:10 14750 0

Фото: Азаттық радиосы

Жетібай тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевке видео үндеу жасады. Олар үндеуде жоғары биліктен мәселеге араласуды, өздерін қудалауды тоқтатуды талап етті. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

– 2022 жылдың қаңтар айының соңынан бастап, Жетібай халқы жұмыс сұрап талап қойып келеміз. Алайда мәселеміз толығымен шешілмей тұр. Осылай жұмыссыздық мәселесімен бейбіт ереуілде тұрғанымызға бүгін екінші күн болады. Қойылған талабымыз әлі күнге дейін шешімін таппауда. Яғни, қойылатын бір ғана талап, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және соған қарасты мердігер мекемелерден бөлінетін 100 пайыз жұмыс орындарының 70 пайызын Қарақия ауданы Жетібай әкімшілігіне тікелей келіп түсуін талап етеміз, – делінген 28 наурыздағы жетібайлықтардың үндеуінде.

Бұған қоса, бейбіт ереуілде тұрғандарға қудаланып жатқынын да айтты. Сейсенбі, 28 наурызда, ереуілде тұрған адамның үйіне полицей келіп, әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты қаулы тастамақ болған.

Жетібайлық жүздеген тұрғын мұнай кенішіне баратын жолды жауып тұр. Екі күннен бері ереуілдеп тұрған жұрт автокөлікте қонып, далада түнеп жатыр. Кеніш маңына жақын тұратын жетібайлықтар ол жерден бөлінетін радиацияның зардабын тартып келе жатқанын, сондықтан тұрақты жұмыспен алдымен өздерін қамтамасыз ету керегін айтады.

Ереуілдеп отырғандар компания өкілдері мен жергілікті басшылармен келіссөз жүргізген. Әзірге одан қанағаттанарлықтай нәтиже жоқ. Сондықтан «талап толық орындамайынша ереуіл тоқтамайды» дейді наразылар.

Қарақия ауданына қарайтын Жетібай кенті облыс орталығы – Ақтау қаласынан 75 шақырым жерде. Жетібайда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жетібай»«Шығыс Жетібай»«Оңтүстік Жетібай» мұнай-газ кәсіпшіліктері бар. Кентте 20 мыңға тарта адам тұрады.

Жетібайдағы жұмыссыздық мәселесі бұған дейін де жиі көтерілген. 2014 жылы тұрғындар өздері комиссия құрып, жұмыссыз адамдардың тізімін де жасаған. Бірақ мәселе толық шешілмей келеді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

29/03/2023 13:10
14750 0

Уведомление