Гомосексуалдар мерзімді әскери қызметтен бас тарта ала ма?

Заңгерлердің айтуынша, мұндай адамдар құқығын қорғауды заңға көпке созбай енгізу керек


06/10/2020
12:32 5367 0


Қазақстан қоғамында гомосексуалдар мен трансгендерлер мәселесі «айтылмайтын тақырып» болуы әскерге шақырылушылардың бір тобын тығырыққа тіреп отыр. Осы топқа жататындар я әскери борышын жыныс ерекшелігін жасырмай өтей алмайды, я сол себеппен әскерден босай алмайды. Казармада әлімжеттік пен гомофобия үстем болып тұрғанда қайтпек керек?! Бұл материалда осы сауалға жауап іздеп көреміз.

ГОМОСЕКСУАЛДАР ӘСКЕРГЕ БАРУДАН НЕГЕ ҚОРҚАДЫ?

Ақтөбеде тұратын Н. есімді бозбала әскерге шақырылған, бірақ барғысы келмейді. «Гей болған соң ол жақта таяқ жейтінім анық, суицид жасауым мүмкін» дейді. Медициналық комиссия кезінде мамандарға сол ерекшелігін айтып, мерзімді әскери қызметтен бас тартпақ ойы бар, құпиясы жария болмауы үшін басқа да сылтау тапқысы келеді.


Гомосексуал — өзімен жыныстас адамды жақсы көре алатын, басқа жыныс өкілімен сексті қаламайтын адам;

Бисексуал — ерлермен де, әйелдермен де жыныстық қатынасқа түсе алатын, екі жыныс өкілін де жақсы көре алатын адам;

Трансгендер — гендер болмысы биология бойынша жынысына сай келмейтін, мысалы, денесі ер адамдікі болғанымен өзін әйел ретінде сезінетін адам. Болмысы ер/әйел жынысына сай келмейтін адамдар өз ішінен тағы бірнеше түрге бөлінеді, бұл материалда оларға жеке-жеке тоқталмаймыз.


Қазақстан әскерінде «күштінің әлсізге қысым көрсететін» жазылмаған заңы бар әрі қоғамда мұндай санаттағы адамдарды шеттететін, кемсітетін көзқарас қалыптасқан. 

РҰҚСАТ БЕРУ КЕРЕК ПЕ, ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК ПЕ?

Қазақстанның «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы»(1) заңында гомосексуалдарға, шақырылушылардың жалпы жыныс ерекшелігіне қатысты ештеңе айтылмаған.

Заңгер Жангелді Сүлейманов гомосексуалдарды, бисексуалдарды, трансгендерлерді, болмысы жынысына сай келмейтін басқа да адамдарды әскерден босату немесе әскерде олардың құқығын қорғау мәселесін заңға көпке созбай енгізу керек деген пікірде.

— Секс азшылық өкілдерінің мерзімді әскери қызмет өтеуіне қатысты ешқандай норма болмауы қиын жағдай қалыптастырып отыр. Олардың денсаулығы әскерге жарамды болып шығуы мүмкін, бірақ біздің жағдайымызда мұндай адамдардың қорғаныс саласында жүргенін елестете аласыз ба?! Бұл адамдар түрлі себеппен әскери борышын өтемеуге тырысады. Өзінің жыныс ерекшелігі барын айтса, әрине, босатуы мүмкін, бірақ ол — тәжірибеде сирек болатын жағдай. Өкінішке қарай, Қарулы күштерде, әскерде әлі де зорлық, күш көрсету, қысым жасау мен әлімжеттік бар. Шамамен 18-23 жас аралығындағы жігіттер қатігез келеді. Ондай ортада гейлердің өмір сүруі қиын. Сол себепті мұндай адамдардың түрлі әдісті қолданып, әскери қызметтен қашуға тырысуы дұрыс та. Заңнама жоқ кезде казарма жағдайында оларды кім қорғайды? Бірдеңе болып қалса, сот та, прокуратура да араласа алмауы мүмкін. Не істеу керек? Болмысы жынысына сай келмейтін адамдар бар екенін заңда мойындау керек, — дейді Сүлейманов.

Қазақстан заңдарында қоғамда мұндай адамдар бар екені ескерілмейді, ол туралы Еңбек кодексінде де айтылмайды. Дегенмен заң шығарушылар олардың құқығын шектеуді ұмытпайды. Мысалы, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» деп аталатын заңның 11-бабында «бір жынысты адамдардың некелесуіне», ал оның 91-бабында «дәстүрлі емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдардың бала асырап алуына»(2) жол берілмейтіні жазылған.

Мәселе адамның құқығын қорғайтын норма мен қоғамның көзқарасында болып тұр. Заң гейлерге әскери борышын я ашық өтеуге рұқсат беруі керек, я ол міндеттен босатуы керек.

Заңгер Сүлейманов қазір әскерге шақырылатын жастағы сексориентациясы басқа адамдардың құқығы бұзылып жатыр деп есептейді. Сонымен бірге мұндай адамдардың әскерден жалтаруы жемқорлыққа және басқа да қылмыстарға жол ашуы мүмкін.

МӘСЕЛЕНІҢ ЗАҢДАҒЫ НОРМАДАН БАСҚА ШЕШІМІ БАР МА?

Қорғаныс саласы мамандары заңда тиісті норма болмағанымен әскерге шақыруда гомосексуалдар мен трансгендерлер мәселесі ескерілетінін айтып отыр. Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің аты-жөнін жария еткісі келмеген қызметкері бізге телефонмен былай түсінік берді:

— Әскерге шақырылушылар алдын ала медициналық, психологиялық тексеруден өтеді. Одан өткеннен кейін әр шақырылушының мәліметін мандат комиссиясы қарап, олармен жеке-жеке кездеседі. Ол комиссияның құрамында ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының, діни ұйымдардың өкілдері, психологтар болады. Мамандар мінезі ерекше жігітті байқап, жеке сұрақ қояды, ол жерде айтылған нәрсенің бәрі құпия болады. Комиссия әскерге шақырылушы гомосексуал не басқа да жыныс ерекшелігі бар адам екенін анықтаса, оны борышын өтеуге жібермейді. Кейде медициналық тексеруден өту барысында әскерден жалтару үшін зіңгіттей жігіттердің өзі «геймін» деуі мүмкін, олардың сөзінің рас-өтірігі психологиялық тест арқылы тексеріледі. Тіпті, айналшығы (анус) да тексеріліп, жыныстық қатынаста болған-болмағаны анықталады.

Сала өкілінің айтуынша, заңда нақты айтылмағанымен суицидке бейім жастар да осы әдіспен анықталады. Әскерге шақыру комиссиялары қазір бұл мақсатқа «Ақсұңқар» әмбебап психодиагностика аппаратын пайдаланады. 

— Аппарат 5 миллион теңгеге сатып алынды. Ол өзін-өзі өлтіруі мүмкін адамдарды анықтауға 100 % кепілдік бермесе де, мінез-құлықтағы тұрақсыздық, көңіл-күйдің жиі ауытқуы сияқты белгілерді тап басуы мүмкін. Психолог соған қарап, «бұл адамды әскерге жіберуге болмайды» деген шешім шығара алады. Көпшілік әскерге жіберу-жібермеуді қорғаныс істері департаменті шешеді деп ойлайды, негізінде оны дәрігер шешеді. Әкесі суицид жасаған адамды да әскерге алмайды. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінен, дәрігерлерден, дін өкілдерінен, психологтардан тұратын комиссия әкесі сыбайлас жемқорлық сияқты қылмысы үшін сотталған жігітті де әскерге жіберуден бас тартуы мүмкін, — дейді қорғаныс істері департаментінің қызметкері.

Алматы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Амантай Өсербаев мәселеге қатысты былай дейді:

— Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы» заңы бойынша азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) төрағалық етуімен жүргізіледі, осыған байланысты аталған мәселемен шақыру комиссиясының төрағасына жүгіну қажет. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда оған заңнамада көзделген тәртіппен шағымдануға құқылысыз. 

ОЛАР ӘСКЕРГЕ БАРМАУ ҮШІН ҚАНДАЙ СЕБЕПТІ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮР?

Заңда азаматтардың мынадай санаттары әскерге шақырудан уақытша босатылатыны айтылған:

  • некелескен, отбасында көмекке мұқтаж, мүгедек, еңбекке қабілетсіз немесе кәмелетке толмаған адамға жалғыз қарап отырған, жалғызбасты ата-анасы бар және отбасындағы жалғыз ер балалар;
  • білім алып жатқан азаматтар (пандемияға дейін қашықтан білім алатындар әскерге шақырудан босатылмады);
  • денсаулығы жарамсыз болғандар;
  • ауылда жұмыс істеп жатқан педагогтар мен дәрігерлер;
  • азаматтық авиация мен кеме қызметкерлері;
  • парламенттің, мәслихаттардың депутаты;
  • полицияның білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіби дайындықтан өтіп жатқандар;
  • іс-әрекеті тергеліп не сотта қаралып жатқан адамдар.

Ал мына азаматтар әскерден мүлдем босатылады:

  • әскерге шақыру комиссиясының шешімімен денсаулығы жарамсыз деп танылғандар;
  • 27 жасқа толған, кезінде заңды себеппен әскерге шақырылмағандар;
  • туыстарының бірі әскери қызмет барысында қайтыс болған немесе екінші топтағы мүгедек атанғандар;
  • басқа елде әскерде болғандар;
  • арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткергендер;
  • ғылыми дәрежесі бар адамдар;
  • ресми діни бірлестіктерде қызмет ететіндер.

Бүгінде азаматтарды әскерге жарамсыз деп тануға себеп болатын ауру түрлерінің бекітілген тізімі бар. Оған 90-ға жуық ауру түрі кіреді. Топтап айтсақ, олар: жұқпалы және паразитар аурулар, ісік түрлері, қан және қантүзу мүшелері, іш құрылысы аурулары, тамақтану мен заталмасудың бұзылуы, психика ауытқулары, жүйке аурулары, көз, құлақ, емізік тәрізді ұлпа аурулары, қанайналым, асқорыту, тынысалу, зәршығару органдары аурулары, сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары, тері және теріасты жасұнық аурулары, жүктілік, жүктіліктен кейінгі асқыну, ағзадағы туабітті кінәрат, хромосома аномалиясы, жарақат пен улану салдары, шынжаулық, шыжың, кекештік пен тұтығу және тағы басқа. Ауру түрлерінің халықаралық классификациясы бойынша гомосексуал немесе транссексуал болу ауру түріне жатпайды. Сол себепті олар бұл жағынан әскерге денсаулығы жарамсыздар санатына қосыла алмайды.

ДҮНИЕЖҮЗІНДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Лесбияндар, гейлер, бисексуалдар, трансгендерлер және интерсексуалдар халықаралық қауымдастығының (ILGA) мәліметінше, бүгінде 92 мемлекетте гомосексуалдар емін-еркін әскери борышын өтей алады. Дегенмен бір жыныс ішіндегі қатынасты тек оның 67-сі ресми заңдастырған.

Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Кариб бассейнінде, Микронезияда және Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның кей елінде дәстүрлі емес сексориентация өкілдерінің әскери қызметіне қатысты дискриминация жоқ. 

АҚШ-та 2010 жылдың соңына дейін «Сұрама, айтпа» деп аталып кеткен заң болды. Бұл заң бойынша дәстүрлі емес сексориентациясын жасырмайтын адамдар әскерге алынбады. 

Түркия гомосексуалдарға «психикасы бұзылған адам» деп қарап, әскери міндеттен босатады. 

ТМД елдерінің заңнамасы ЛГБТ өкілдерін мойындамайды, олардың құқығы жалпыазаматтық негізде ғана қорғалады.


Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

06/10/2020 12:32
5367 0

Уведомление