«Менің өмір сүргім келеді. Сол себепті осы текстты жазып отырмын»

Жаңаөзен оқиғасы туралы жазған ресейлік журналисті улап өлтірмек болған


16/08/2023
13:51 15497 0

 

2011 жылы Жаңаөзен оқиғасын жазған ресейлік «Новая газета» басылымының журналисі Елена Костюченконы Германияда улап өлтірмек болған. 

 

15 тамызда «Meduza» басылымында Елена Костюченконың «Я хочу жить. Поэтому я пишу этот текст» атты материалы шықты. Онда журналист 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Одесса, Херсон, Николаев қалаларына қалай барғаны туралы, сол уақытта қоршауда болған Мариупольға бара алмай, Германияға қалай қоныс аударуға мәжбүр болғаны жөнінде жазады. Костюченконың сөзінше, ол өзінің уланғанын бастапқыда білмеген. Германия астанасы Берлиннен Мюнхен қаласына барған уақытта уланған. Нақты қай жерде, қандай жағдайда уланғаны белгісіз. Ол Мюнхендегі Украина консулдығынан виза алып, соғыс жүріп жатқан аймаққа қайтадан бармақшы болған. 

 

«Новая газета» басылымы жабылу қауіпі төнген соң, 2022 жылдың наурызында Елена Костюченконың барлық материалдарын сайтынан өшіруге мәжбүр болған. Сол уақыттан бері оның бірде-бір тексты басылымға жарияланбаған. Кейіннен журналист қызметін «Meduza»-ға ауыстырып, Германияға қоныс аударған. Қазір «Новая газета» баслымына Ресей аумағында жұмыс істеуге тыйым салынған. Билік оның лицензиясын қайтарып алған.

 

Қазір Елена Костюченко күніне үш сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Ол өзінің улануын журналистік қызметіне жасалған кедергі деп есептейді. 

 

Бірнеше аптадан кейін Елена Костюченконың Ресейдің қалай фашизмге жеткені туралы «Моя любимая страна» атты кітабы шығады. Кітап 7 тілде жарық көреді деп күтілуде. 

 

Елена Костюченко 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасын ең алғашқы болып жазған шетелдік журналист. Ол Жаңаөзенде ресми деректегідей 14 емес, 64 адам қайтыс болғанын айтып, сол адамдардың жерленген жеріне дейін тауып, барған. 

 

– Мен көшеде кетіп бара жатқан әйелге барып: «Не болып жатыр?» деп сұрадым. Ол: «Сен кімсің. Қайдан келдің?» деп сұрады. Мен: «Мәскеуден келген журналиспін!» дедім. Ол мені үйіне ертіп апарып, өзінің киімдерін берді. Сосын, қаза тапқандардың, жаралылардың үйлеріне алып барды. Сол уақытта ол әйелдің аяғы ауыр болды. Ол мені балаларымен бірге алып жүрді. Менің сөмкемді оның кішкентай қызы көтеріп жүрді. Себебі кішкентай қызды ешкім тексермейді. Мен одан: «Сен неге маған көмектесіп жүрсің?» деп сұрағанымда, ол маған: «Мен саған көмектесіп жүрген жоқпын!» деді. Мен олардың үміті болдым. Сол кезде менімен сөйлескен, маған көмектескен жаңаөзендіктердің қайсарлығы болмағанда бұның ешқайсысы болмас еді. Барлығы белгісіз болып қалатын еді. Маған осындай құрмет бұйырды, - деген еді Костюченко 2021 жылы Скажи Гордеевой You Tubeарнасына берген сұхбатында. 

 

Сол сұхбатта Елена Костюченко Жаңаөзен оқиғасынан кейін қалай «посттравматический синдромға»шалдыққанын айтқан

 

Ресей Украинаға басып кіргелі бері шетелге кетуге мәжбүр болған ресейлік журналистер мен саяси белсенділерге қастандық жасау операциясы жүріп жатыр. Елена Костюченкодан бөлек, «Эхо Москвы» журналисі Ирина Баблоян, «Свободная Россия» қорының жетекшісі Наталья Арно уланған. The Insider және Billngcat басылымдары журналистерді улау, қастандық жасау жөнінде зерттеу жүргізуде.

Поделиться

Нет комментариев.

16/08/2023 13:51
15497 0

Уведомление