«Менің басымнан өткенді өзгелер сезінбесе екен»: Қытайдан көшіп келген қандастың оқиғасы

«Қарсылық танытсаң, жабылып ұрып кетеді»


24/03/2023
18:45 2523 0

 

Ернар (кейіпкер өтінішімен аты өзгертілді), 19 жаста – Қытайдан Қазақстанға 2016 жылы көшіп келген. Ол содан бері 13 мектеп ауыстырған. Анасымен қауышпағанына 7 жыл болған. Қазір көлік жөндеумен айналысады. Бүгін біз «Тіл кеспек жоқ» басылымында жарияланған Қытайдан келген қандастар мәселесі жөніндегі материалды ықшамдап беруді жөн көрдік. 

 

«Қарсылық танытсаң, жабылып ұрып кетеді» 

 

Кей мектепте балалармен келіспегендіктен, кетіп қалғанмын. Әрі-бері көшіп жүріп, бір мектепте тұрақтай алмадым. 8-сыныпты Қытайда бітіріп, Қазақстанда оқуды 7-сыныптан бастадым. Соңғы партада отыратынмын. Мұғалімдер де аса мән бермеді. Сыныптас ұлдар «атамандарға ақша жинау, жүйеге қосылу» деген сияқты ережелерді айтатын. Қарсылық танытсаң, жабылып ұрып кетеді. Қытайша сөйлеп қалсам «мені боқтап тұрсың»  деп тиісетін. Маған сол кезде ең ауыр тиетіні «кәпірсің», «сен де қытайлар сияқты шаян, құмырсқа  жейсің бе?» деген сөздер еді. Ондай емес екенімді, айтсам да сенбей, мазақ қылатын.

 

«Қазақстанда тұрып, орысша сөйлей алмайтын адам бола ма?»

 

Ернардың сөзінше, мектеп бағдарламасындағы сабақтардың ішіндегі ең қиыны орыс тілі болған.

 

– Қай мектепке барсам да, орыс тілінен қиналатын едім. Бәлкім, балабақшадан бастап қытайша оқығанымнан да болар. Қытай мектебінде оқысам да, үйде қазақша сөйлейміз,- дейді Ернар.

 

Ол 10 сыныптан кейін колледжге оқуға түскен. Сол кезде аспаз болып жұмыс істеген. Жұмыс орнында  бәрі орысша сөйлегендіктен, орыс тілін білмегені үшін жиі ұрыс естігенін айтады.

 

– «Айдаладан келдің бе, неге орысша сөйлей алмайсың?, Қазақстанда тұрып, орысша сөйлей алмайтын адам бола ма?» деп те айтқан. Шындығында Қазақстанда тұрып, орысша түсінбегенім үшін мен емес, қазақша білмейтіні үшін олар ұялуы керек деп ойлаймын. Қазақстан Ресей емес қой. Орыс тілін үйренгім келмейді. Алайда, амал жоқтан үйренуге тура келеді, - деді ол.  

 

Ернар  мектепке үйренісе алмаса да, колледжде бәрі жақсы болғанын айтады. Балалармен де тез тіл табысып  кеткен. Қиналмай сабақ оқып, 2 курста колледж президенті болып сайланған. 

 

«Қытайдан көшіп келгендер  – қарақытайлар»

 

Әкемнің телефонынан   «қытайдан көшіп келгендер  – қарақытайлар»  деген сөздерді байқаусыз естіп қалдым. Әлі күнге дейін адамдар (бәрі емес әрине) бізге, яғни, Қытайдан келген қандастарға жақтырмай қарайды. Неліктен олай екенін әлі түсіне алмадым.

 

«Елге оралғанда мемлекеттен мүлдем көмек көрсетілмеді»

 

Қытай шекарасынан қазақ шекарасына әкем жылап тұрып өткен. Мен де сол сәтте өте күшті сезімде болдым. Елге келгенде бәрі жақсы болады деп ойладым. Басында дым ұқпадым, ештеңеге үйренісе алмадым. Тіпті қазақ тілінің кирилл әліпбиін де білмейтінмін. Миымда тек қытай тілі. Елге оралғанда, мемлекеттен мүлдем көмек көрсетілмеді. Басында туысқандырымыздың үйінде тұрдық. Кейін өзіміз үй салдық. 

 

Қалтамда 100 юань болса  туысқаныма беремін, ол маған 500 теңге беретін. Сөйтсем, сол уақытта 100 юань 5000 теңге болған екен. Солай алданған кезім де болды. Кейін Жетігенге көштік. Әкем бір апаймен таныстырды. Ол кісі мені 1,5 ай бойы оқытты. Содан сәл де болсын  әріп танып, қазақша кітап оқи алатын болдым. 

 

Қытайдағы жағдай туралы 

 

Үйге әр үш күн сайын қытайлар келіп тұрады. «Қазақ-қытай бір туған» деп жиі айтатын. Күнде бір-бірінің үйіне  қонаққа барып тұруы керек деген сылтаумен, тексеріс жасайды. Үйде құран, жайнамаз, артық пышақ, қазақша оюы бар заттарды ұстауға  тыйым салған. Егер осы заттар үйде болып қалса, «сені үйретуге алып кетеміз»  деп, колонияға қамайды. Өзім түзету колониясында болып көрмедім. Көбіне үкіметте жұмыс істемейтіндер елге орала алады. Мемлекеттік орындарда жұмыс істейтін адамдардың  құжаттарына таңба басып, жібермей қояды. 

 

«Анам әлі оралмады»

 

Анамды көрмегелі 7 жыл болды. Ол Қытайда мұғалім болып жұмыс істейді. Анамды қайтарудың түрлі жолдарын қарастырып көрдік, ештеңе шықпады. Қазір байланыса да алмаймын. Өйткені Қытай қосымшасы телефонға орнатылмайды. Әкемнің Қытайдан әкелген телефоны арқылы байланысамыз. Соңғы рет 1,5 жыл бұрын сөйлестім. Ары кетсе 5-15 минут қана сөйлесетінбіз.

 

«Айт, ұялма, қысылма дегім келеді!»

 

Жеке куәлігімді 19 жасымда «анауың-мынауың дұрыс емес» деп созып әрең алдым. Керек құжатты дайындайсың, бірақ болмайтын жерден сылтау тауып қайтарып жібереді. Солай 16 жасымда алуым керек  куәлікті 3 жыл жүріп әзер жасаттым. Қытайдың  кемшіліктері көп әрине, бірақ ол жерде заң мықты. Бізде де заң қатаң сақталса, адамдар да жақсы жұмыс істер еді.

 

Мемлекет шетелден келген басқа ұлттарға баспана беріп көмектеседі, ал қандас қазақтарға неліктен көмек көрсетпейді?! Менің басымнан өткенді, өзгелер сезінбесе екен деймін. Егер маған ұқсас жағдай басынан өтіп жатқан адам болса,  өзіңе қысым көрсетілгені туралы айт, ұялма, қысылма дегім келеді! Бәрін заң арқылы шеш дер едім.

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/03/2023 18:45
2523 0

Уведомление