Масылдық, әлеуметтік көмек және ЖІӨ: Қазақстан кедей мемлекет пе?


09/02/2024
13:58 4019 0

Фото: Пикабу

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 450 миллиард долларға жеткізуді тапсырып, ол үшін экономиканың жылдық өсімі 6% болу қажеттігін айтты. Қазақстанның жағдайында ЖІӨ мен экономиканың өсуі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қаншалықты әсер етеді? Елде кедейшілік қай деңгейде? Қазақстан кедей мемлекет пе? 

 

Саясаттанушы Досым Сәтбаев соңғы отыз жыл жалпы ішкі өнімнің өсуі халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етпейтінін көрсетті дейді. Оның сөзінше, ЖІӨ өстіру бастамасы да дәл сол сияқты жолмен жүреді.

 

– Тоқаев 2029 жылға дейін ЖІӨ көлемін 450 миллиард долларға жеткізу жөнінде идея айтты. Болды, барлығы бүкіл ресурсты осы тапсырманы орындауға жұмылдырды. Соңғы отыз жыл нені көрсетті? Жалпы ішкі өнімнің өсуі халықтың әл-ауқатына әсер етпейді. Біз бұны көрдік. Бұл Қазақстанда ғана емес, көптеген кедей мемлекеттерде де бар дүние. Тағы да қате тапсырма беріліп, ол тағы да қате  жүзеге асырылуда, – дейді саясаттанушы. 

 

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ЖІӨ-ді жан басына шаққанда Қазақстан әлем бойынша табысы орташа елдердің қатарына кірген. Бірақ ол шынайы өмірмен сәйкес келмейді. 

 

– Макро экономикалық көрсеткіштерге қарасақ, қазір ЖІӨ жан басына шаққанда 13 мың доллардан асты. Ол жақсы көрсеткіш. Қазақстан табысы орташадан жоғары елдердің қатарына кіріп кетті. Бірақ реалды түрде қарасақ, халықтың жағдайы ондай емес. Энгелдің заңы бойынша, халық табысының 50%-ын азық-түлікке жұмсаса, онда ол халық кедей деген сөз. Бізде ол 50%-дан асады. Кейбір отбасылар 100% табысын азық-түлікке жұмсап отыр. Ал кейбірі тіпті қарызға тамақ ішуде,  дейді ол. 

 

Қазақстанда ресми дерек бойынша, жұмыссыздар саны – 5%, кедейшілік деңгейі –5,1%. Бірақ дүниежүзілік банк дерегінше, жұмыссыздық – 15%, ал кедейшілік деңгейі –16%. 

 

Досым Сатбаев Қазақстанды жалған статистика құрдымға кетіруде дейді. Оның сөзінше, қазақстанықтардың 50%-ы ең төменгі жалақыдан аз табыс табады. 

 

– Соңғы ондаған жыл бойы ЖІӨ көлемін мұнай мен құрылыс саласы көтерді. Әлихан Смайыловтың (экс-премьер-министр – ред) есебінде де негізгі драйвер құрылыс секторы екені айтылды. Барлық ақшаны сонда құйды. Қазір салынып жатқан «человейниктер» соның бір көрінісі. Бұл бір жағынан адамдарды уақытша жұмыспен қамту. Осылайша, жұмыссыздық көлемін азайтуда. Бұл жерде құрылыс лоббиі жұмыс істеп жатқаны түсінікті. Оларға да ақша керек дегендей. Кейбір сарапшылар ЖІӨ өсуін еңбекақының өсу деңгейімен қатар есептеу керек дейді. Өткен жылы «Халық финанс» сарапшыларының дерегі шықты. Онда қазақстандықтардың 50%-ы ең төменгі жалақы мөлшерінен (қазір төменгі жалақы 85 мың теңге – ред) аз табыс табатыны жөнінде айтылған. Үкіметті ғана емес, барлығын құрдымға кетіріп жатқан жалған статистика. 2017 жылы экономистер мен қаржыгерлер премьер-министрге хат жазып, жалған статистика жасауды доғаруды сұраған, – дейді саясаттанушы. 

 

Мақсат Халықтың сөзінше, үкімет елдегі шынайы жағдайды мойындамайды. Үкімет басқа әлемде, халық басқа әлемде өмір сүруде. 

 

– Үкімет реалды жағдайды мойындамай отыр. Осыдан тура бір жыл бұрын депутаттық сайлау болды. Оның ішінде өзім де бармын. Сол уақытта қаншама ауыл-аймақты араладық, халықтың жанайқайын тыңдадық. Бірақ қазір депутат болып өткен азаматтар соны қаншалықты дәрежеде көтеріліп жатыр? Ал үкіметіміздің көпшілігі сол аймақтарға шығып көрмегендер. Олардың шығуға батылары да бармайды және халықпен коммуникация да жоқ. Үкімет бір әлемде, халық бір әлемде өмір сүреді, – дейді экономист.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет көмегі халықты масылдыққа әкеліп соқтырғанын айтты. Оның сөзінше, қазір 4,5 миллион адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бірақ олардың басым бөлігі еңбекке жарамды адамдар. 

 

– Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, бұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек беру қажет. Жалпы, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін қайта қараған жөн, – деді Тоқаев. 

 

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та билікте отырған кезінде әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде масылдық жөнінде бірнеше рет мәлімдеген. 

 

Халықаралық «Human Rights Watch» адам құқығын қорғау ұйымы биылғы есебінде 2023 жылы Қазақстанда кедейлік артқанын, үкімет әлеуметтік көмек көрсетіп жатқанымен, АӘК алудың талабы қиын, тексерісі көп екенін айтқан. Ұйымның жазуынша, тұрмысы төмен адамдар бұл көмектен қағылып, жәрдемақы алуда алалауға тап болған. 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

09/02/2024 13:58
4019 0

Уведомление