Марафоншы Марат Жыланбаев жеті жылға сотталды

Бұған дейін прокурор оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған


29/11/2023
17:40 10404 0

Фото : Ашық дереккөзден

 

Марафоншы, азаматтық белсенді, тіркелмеген «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев жеті жылға сотталды. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

 

29 қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот үкімінің нақты қай уақытта оқылғаны белгісіз. Белсендінің қызы Азия Жыланбаева бүгін әкесімен кездесу үшін тергеу изоляторына барған. Бірақ мекеме қызметкерлері Марат Жыланбаевтың тергеу изоляторынан сотқа жеткізілгенін хабарлаған. 

 

Бұған дейін Азаттық радиосының журналисі Сәния Тойкен сот үкімі сағат 17:00-де онлайн, Zoom арқылы оқылуы мүмкін екені жөнінде айтқан.  Сот өкілдері үкімнің қай уақытта оқылатыны жөнінде ешқандай ақпарат бермеген. 

 

Бұған дейін айыптаушы прокурор соттан Жыланбаевты кінәлі деп танып, он жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 

 

28 қарашада сотта Марат Жыланбаев соңғы сөзін сөйлеген. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамаған. 

 

Марафоншы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаевқа «тыйым салынған ұйым қызметіне араласу» және «терроризмді қаржыландыру» баптары бойынша айып тағылған. 

 

Белсендінің соты белгісіз куәлердің өтініші бойынша жабық өткен. Марат Жыланбаев пен оның қорғау тарапы бұған қарсылық білдірген. Марафоншы соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялап, ауызын тігіп тастаған. Белсендінің өзі және жақтастары істің саяси астары бар деп есептейді. 

Поделиться

Нет комментариев.

29/11/2023 17:40
10404 0

Уведомление