Латвия «Дождь» телеарнасына берген лицензиясын қайтарып алды

«Дождь» телеарнасы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Латвияға көшіп барған


06/12/2022
16:49 24205 0

Латвия «Дождь» телеарнасына берген лицензиясын қайтарып алды. Бұл жөнінде Латвияның электронды БАҚ жөніндегі ұлттық кеңес төрағасы Иварс Аболиньш хабарлады. 

 

– Латвия заңын бәрі құрметтеуі тиіс. «Дождь» жетекшілері заңға елеулі нұқсан келтіргенін сезінбей отыр. Сондықтан бұдан былай Латвия аумағында жұмыс істей алмайды, – деп жазды Аболиньш. 

 

Өткен аптада Латвия ұлттық кеңесі «Дождь» телеарнасы Қырымды картада Ресейдің жері деп көрсетіп, журналистердің Ресей әскерін «біздің әскер» деп атағаны үшін 10 мың еуро айыппұл салған. Сол уақытта Аболиньш егер бұндай жағдай үшінші рет қайталанатын болса, телеарна лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтқан. 

 

1 желтоқсанда «Дождь» журналисі Алексей Коростелев тікелей эфирде «көптеген әскери қызметкерлердің майдандағы қарапайым керек-жарағына көмектестік деп үміттенемін» деген. Бұл Латвияда үлкен дауға ұласқан. Ертеңінде «Дождь» кешірім сұрап, Коростелевты жұмыстан босатып, аталған сөзді эфир жазбасынан алып тастаған. 

 

Телеарна кабель желісіндегі жұмысын тоқтатып, You Tube желісіндегі жұмысын жалғастырады. 

 

Ресей Украинаға басып кірген соң 200-ден астам журналист пен жиырмадан астам басылым Ресейден Латвияға көшкен. Осыған байланысты Латвия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі алаңдаушылық білдірген. Олардың жұмысы Латвияның ақпарат кеңістігінің қауіпсіздігіне қатер төндіруі, Ресей барлауымен байланысы болуы мүмкін деп есептеген.

 

Поделиться

Нет комментариев.

06/12/2022 16:49
24205 0

Уведомление