Курьерлер қалай жұмыс істейді және олардың құқықтары қандай?

Олар қанша ақша табады? Жеткізілмей қалған тапсырыс үшін кім жауапты? Егер курьер аяғын сындырып алса, оның еміне компания төлей ме?


07/08/2020
15:53 5512 0


2019 жылы Қазақстанға қатарынан үш ірі жеткізу қызметі келді — Яндекс, Glovo және Wolt. Бұрын тек Chocofood бар еді. Карантинге дейін сары, қызыл, көгілдір және жасыл сөмке асынған жас жігіттер қала пейзажының дағдылы бөлігіне айналды, ал локдаун кезінде көпшілік үшін курьерлер азық-түлікті, тағам мен дәрі-дәрмекті жеткізіп беретін жалғыз мүмкіндік болды. Бір ғана Glovo компаниясының өзінде Алматыда шамамен 3 500-ге жуық курьер бар. Бұл — студенттер үшін жұмыс кестесі қолайлы, қосымша ақша табуға таптырмайтын мүмкіндік. Алайда курьерлердің жұмысы сырт көзге көрінетіндей оңай емес. Ендеше олардың қанша ақша табатынын, олардың қандай құқықтары бар екенін және егер жеткізу барысында тапсырыс берілген тағамға немесе жеткізішуге бірдеңе болап қалса, кім жауап беретінін сөз қылайық. 

КУРЬЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ҚАНДАЙ?

— Мен курьер болып жұмысқа қаңтардың басында орналастым. Міне, алтыншы ай басталды, — дейді осындай компаниялардың бірінде жұмыс істейтін алматылық Расул. — Маған бұл жердегі қызметкерлердің бір-біріне деген достық қарым-қатынасы ұнайды, көшеде бір-біріңмен амандасып жүру корпоратив этикасының бір бөлігіне жатады. Велосипедпен қастарынан өтіп бара жатқанда әріптестеріңе сигнал бересің, олар да саған дәл солай жауап қайтарады. Дегенмен аса жағымды емес жағдайларға да тап боласың. Мысалы, қандай да бір проблема болғанда қолдау көрсету орталығына хабарлассаң, көбінесе шаблон түріндегі жауап аласың. Сонымен қатар слоттар (келіп түскен тапсырыстар туралы ақпарат — ред.) ашылған кезде, оларды көбіне рейтиңі жоғары курьерлерге береді. Ал рейтиңі төмен курьерлерге аса танымал емес, бағасы аз немесе шалғай аудандардағы тапсырыстар қалады. Бірақ мұндай тапсырыстармен жұмыс істегенде, алыс жерлерге ары-бері шапқылап жүріп, рейтиңіңді көтеру үшін үлкен жоспарды орындау қиын. Осылайша бір шеңберден шыға алмай қаласың. Ал егер қолайсыз тапсырыстан бас тартсаң, рейтиңің бұдан да төмен болып қалады, келесі жолы тапсырыссыз қалуың мүмкін немесе одан да сорақысына тап боласың.  

ЖОҒАРЫ РЕЙТИНГ —> ҚОЛАЙЛЫ ТАПСЫРЫС —> ЖОҒАРЫ РЕЙТИНГ

ТӨМЕН РЕЙТИНГ   —>  НАШАР ТАПСЫРЫС —> ТӨМЕН РЕЙТИНГ

Расулдың айтуынша, келесі проблема қозғалыс құралына байланысты туындайды: курьерлердің басым бөлігі — велосипед, самокат секілді жеңіл көлікті пайдаланады. Мопедпен жүретіндер де бар. Ал кейде жаяу жеткізетіндер де кездеседі.    

«Көлік және автобустың жүргізушілері біздерді өздерімен тең құқылы жүргізуші ретінде қабылдамайды. Алдымыздан кесіп өтіп, жолдың жиегіне қарай қысып, алға жүруге мүмкіндік бермейді. Егер біз алдында келе жатсақ, сигналдатып жол беруімізді талап етеді. Велосипедпен жүретіндерге тіпті қиын, тапсырыс оңтүстік бағыттан келгенде, жоғары көтерілуге тура келеді. Біз тағамды алып кететін кей орын, тіпті жаңбырлы немесе қарлы күнде де ішке кіргізбейді, ақыры далада күтуге тура келеді», — дейді Расул.

«Дегенмен мұндай жұмыстың жағымды жағы да жоқ емес. Қала көшелерін, онымен қатар дәмді тағамдарды қан жерлерден, қандай бағаға алуға болатынын жақсы біле бастайсың. Кейде жомарт адамдар тап болып, қомақты шайпұл береді, тапсырысты екінші рет апарғаныңда танып жататындар да болады. Ауладағы балалар танып, амандасып жатады. Өзге курьерлердің арасынан немесе кафе қызметкерлерінің ішінен көптеген жаңа таныстар мен достар таба аласың. Түнде таныстарыңа ішімдік жеткізіп беруге де болады».

 

 

КУРЬЕРЛЕР ҚАНША АҚША ТАБАДЫ?

Glovo компаниясының курьері Евгений Овчинников жалақы көлемінің бірнеше факторға байланысты екенін айтады: 

«1) 350 теңге — курьер шақырудың стандартты бағасы. Кейде тұтынушы тапсырыс берген тағам кафеде, тауар дүкенде, дәрі дәріханада болмай қалуы мүмкін. Дегенмен курьер қалай болғанда да сол жерге барғаны үшін 350 теңгесін алады. 2) Километраж — егер қателеспесем, бір километрге 110 теңге төлейді. 3) Күту. Кейде тапсырыс берілген тағамды алып кету үшін кафеге келесің, ал ол дайын болмағандықтан, күтуге тура келеді. Мұндайда 5 минут күткеннен кейін, курьер әр минутына 10 теңге алады. 4) Бонустар. Егер аптасына 100 тапсырыстан артық орындасаң — 35 мың теңге сыйақы тиесілі. Ауа райы нашар кезде — жаңбыр және қар жауғанда — жұмыс істеген үшін бонустар беріледі. Мұндайда курьерлер шамамен 30 % көбірек алады. Қысқасы, осындай тұстары көп. Жалпы алып қарағанда, мен бір күнде әрқайсы 5 километрден 10 тапсырыс орындадым десек, барлығымен есептесіп болған соң, өз қалтамда 10-12 мың теңге қалады. Табысты күн сайын алып отыруға болады. Әр тәулік сайын түнгі сағат екіде шотыма жаңа сома түскені туралы СМС келеді. Мен оны шешіп алсам болады. Бұл кэшаут деп аталады». 

Басқа жеткізу қызметінде жұмыс істейтін Расул бір айда ең көбі 140 мың теңге, ал ең азы 17 мың теңге тапқанын айтады.   

«Бір рет жеткізу ақысы — 400 теңге, бірақ бұл жерде қашықтық та аса маңызды. Жалпы табыстың 21%-і компанияға тиесілі, қалғаны өзімде қалады. Күндіз ең көбі 17 мың, ал ең азы 3 мың теңге таптым. Жаяу жүрген кезде аз шығады. Әрине, қынжыласың, себебі күніне он сағат бойы жаяу жүремін. Сонымен қатар, егер үш мыңнан аса теңгерім қолда қалса, оны бір күнге аванс ретінде береді, бірақ ондай жағдай күнде бола бермейді. Тапсырыс құны біздің теңгерімімізден бірден алынады, ал қосымша белгілі бір соманы өзімізге қалдыра алатынымыз туралы түнгі сағат үш-төртте хабарлайды. 

Бірде мамыр айында ауысым аяқталуға он минут қалғанда теңгерімімде шамамен он мың теңге қалған еді, тура сол сәтте сегіз мыңға тапсырыс келіп түсті. Тапсырысты төлеуге мәжбүр болғандықтан, өзіме ештеңе қалған жоқ. Осындай сәттерде тапсырыстарды тарату жүйесін неге өшіріп тастамадым деп өкініп қаласың. Осыдан соң ақша өз қалтамда қалуы үшін қосымшаны ауысым аяқталуға бір немесе екі сағат қалғанда өшіріп тастайтын болдым». 

ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ FAQ 

КУРЬЕРЛЕРДІ ҚАЛАЙ РӘСІМДЕЙДІ?

Расул: «Біз екі түрлі шартпен жұмыс істейміз. Азамттық-құқықтық сипаттағы келісім шарты (АҚС)  және жеке кәсіпкерлік (ЖК). Егер ЖК-ті таңдасаң, салықты өзің төлейсің. Ал АҚС болса, компания салықты әр алты ай сайын төлеп отырады. Мұндайда барлығы пайыз бойынша жүреді. Саған жалақының 84 %-і түседі, ал қалған 16 %-ын компания ұстап қалады және салықты өзі төлейді. (Бұрын 21 % ұстап қалатын). Егер қаласақ, шартты біз бұза аламыз. Қай күні, қай ауданда жұмыс істеуді және жұмысты қай уақытта бастауды курьер өзі таңдайды».

Курьер мен жеткізу қызметі арасындағы серіктестіктің екі нұсқасы туралы Chocofood баспасөз қызметі айтып берді.  

«Бізде шарттың екі түрі бар: АҚС және ЖК. Рәсімдеудің әр формасы үшін өзіндік құжаттар қажет, жалпы мыналарды талап етеміз:  

- Жеке куәлік;

- ЖК құжаттары  (талон/хабарлама/ЖК тіркелгені туралы анықтама);

- Есептесу шоты (IBAN шот);

- Санитарлық кітапша;

- Жүргізуші куәлігі, техникалық төлқұжат (егер жеткізушінің көлігі машина болса)».

 

 

 

КУРЬЕРЛЕРМЕН РЕСМИ ЕҢБЕК ШАРТЫ ЖАСАЛА МА? 

Жоғарыда атап өткеніміздей, курьер бізге АҚС қызмет көрсету жөніндегі шарт бойынша немесе жеке кәсіпкер ретінде ынтымақтастық туралы шарт жасасып жұмысқа тұра алады. Рәсімдеудің әр түрі үшін міндетті түрде курьермен қызмет көрсету шарты жасалады. Бұл шартсыз курьер жұмыс істей алмайды.    

ШАРТТЫ ҚАЛАЙ БҰЗУҒА БОЛАДЫ?

Қызмет көрсету шартын бұзуға қатысты барлық процедура шарттың өзінде жазылған. Дегенмен біз екіжақты келісім бойынша шартты кез келген уақытта бұза аламыз. Себебі бұл атқарушы (райдер) үшін қызмет көрстеуді тоқтату құқы және мүмкіндігі. Бұл үшін райдер операция бөлімінің менеджерімен хабарласып, жұмысты тоқтату себебін көрсетіп сауалнама толтыруы тиіс. Ары қарай еңбекақысы есептеліп, шығу туралы бұйрық пен атқарылған жұмыстар актісі дайындалады. Кейін курьер инвентарь мен форма жұмыс берушіге қайтарып береді.   

ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚА АУДАРЫМДАР ЖАСАЛА МА? 

ҚР заңнамасына сәйкес, барлық тиісті салық пен аударым (ЖТС, МӘМС, МЗЖ және т.б.) міндетті түрде төленеді.   

ЖҰМЫСТАҒЫ ЕҢБЕК ӨТІЛІ ЕСЕПТЕЛЕ МЕ, ӘЛДЕ БҰЛ ЖАЙ ҒАНА УАҚЫТША ШАРТ ПА? 

Райдер бізбен уақытша шарттық қарым-қатынаста болғандықтан, жұмыс өтілі есептелмейді. Әйтсе де ол жұмыс кестесін таңдап, жұмыс мөлшеріне қарай бірнешеуін қатар алып жүруге құқылы.  

КУРЬЕРЛЕРДІҢ ДЕМАЛЫСҚА ЖӘНЕ АУРУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КЕТУІНЕ ҚҰҚЫ БАР МА?  

Райдерлер жұмыс кестесін өздері таңдап, демалыс күндерін де өздері көрсетеді. Сондықтан демалыс алуына немесе еңбекке жарамсыздығына байланысты кетуіне болады. Алайда демалысқа немесе еңбекке жарамсыздығына төлем жасалмайды, себебі райдер қызмет көрсету шарты бойынша жұмыс істейді. Ал мұндай шарттар демалысқа және ауырып қалған жағдайға төлем жасауды қарастырмаған. Егер ол екі аптадан аса демалам десе, жай ғана инвентарьді өткізіп, ескерту жасауы тиіс.    

ЖҰМЫСТА ЖАРАҚАТ АЛҒАН ЖАҒДАЙДА ӨТЕМАҚЫ БЕРІЛЕ МЕ? 

Мұндай жағдайлар өте сирек болады. Дегенмен егер ондай жағдай болса және оған компания кінәлі болса, өтемақы төленеді. Біз үнемі оның себебін анықтауға тырысамыз. 

КУРЬЕРУ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРЫП АЛСА, ОҒАН ӨТЕМАҚЫ НЕМЕСЕ ҚАНДАЙ ДА БІР КӨМЕК БЕРІЛЕ МЕ? 

Бағымызға орай, осы уақытқа дейін бір де бір райдеріміз коронавирус жұқтырған жоқ. Біз әр қызметкерімізге жеке бас қорғанысына керек құралдардың (бір реттік және бірнеше реттік бетперде және антисептиктер) толық берілуін мұқият қадағалаймыз.    

ЕҢБЕК ТӘРТІБІ БҰЗЫЛҒАН ЖАҒДАЙДА ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ? (мысалы, курьер тапсырысты уақытында жеткізбеді немесе абайсызда пакетті бүлдіріп алды?) 

Еңбек тәртібі еңбек шартын жасасқан жағдайда ғана қарастырылады. Шарттағы тарау бұзылғанда біз айыппұл саламыз. Онымен райдерлердің барлығы жұмысты бастамай тұрып танысады. Сонымен қатар біз үнемі жұмысшыларға қандай жағдайда айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертіп отырамыз. Мысалы, ауысымға кешігіп келу немесе келмей қалу, gps жүйесін өшіріп тастау. Тұтынушы тапсырыстан бас тартқанда біз одан, райдер мен серіктестерден әрдайым себебін білуге тырысамыз. Егер райдердің кінәсі болмаса, үнемі тапсырыстың толық сомасын өзіміз төлеп береміз. Сұрақта көрсетілген жағдайлар үшін курьерге айыппұл салмаймыз.   

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА КУРЬЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ НЕМЕСЕ ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛАДЫ? 

Райдер шарттағы құқықты бұзса (мысалы, жұмыс уақытында ішімдік ішу, серіктестермен және клиенттермен дөрекі қарым-қатынас жасау және т.б.) және бұл бірнеше рет қайталанса, жұмыстан қуылады. Біз курьерлердің сыпайы, жинақы және ұқыпты болуларын қадағалауға тырысамыз. 

ЕГЕР КУРЬЕР АЗ ТАПСЫРЫС ҚАБЫЛДАЙТЫНЫН, ТАПСЫРЫСТЫ ТЫМ АЛЫСҚА АПАРАТЫНЫН ЖӘНЕ Т.Б. АЛҒА ТАРТЫП, ӨЗІНЕ ДЕГЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ӘДІЛЕТСІЗ ДЕП ЕСЕПТЕСЕ, БАСШЫЛЫҚҚА ШАҒЫМДАНА АЛА МА?  

Иә, біздің есігіміз райдерлеріміз үшін әрдайым ашық. Жұмыс барысындағы қателіктер мен оларды қалай түзету керектігін бірінші кезекте солар білетіндіктен, кері байланыста жұмыс істеуге кез келген уақытта дайынбыз. Проблемеларды туындай сала шешуге тырысамыз. Олар қосымшалардағы техникалық түйткілдер, тапсырыс орындарындағы мәселелер туралы айтады. Сонымен қатар бізде райдерлерге қамқорлық көрсету қызметінің менеджері бар. Менеджер жаңа курьерлердің жылдам бейімделуі үшін олармен жиі хабарласып отырады, әрі әр тоқсан сайын барлық курьердің жұмыс жағдайын біледі. Райдерлер бізге ұсыныстары және ескертулерін айтады, ал менеджер оларды операциялық бөлімге тапсырады.      

 

Поделиться

Нет комментариев.

07/08/2020 15:53
5512 0

Уведомление