Биыл Қазақстан Конституциясына 25 жыл толды. Ол осы уақытқа дейін қалай өзгерді?

Спойлер: өте қатты


30/08/2020
08:40 6751 0


 

1995 жылы 30 тамызда Қазақстанда 1993 жылғы Конституция күші жойылып, жаңасы қабылданды. Сол кезде мемлекет президенттік республика, парламент екі палаталы болды. Бірақ бұнымен өзгерістер бітпеді. Кейін елдің Негізгі заңы бес рет толықтырылды. 

 

КОНСТИТУЦИЯ ДЕГЕН НЕ?

 

Конституция  елдің басты заңы, оның саяси құрылымын, басқару формасын, территориясын мен дінге көзқарасын анықтайтын құжат. Ең басты мақсаты – азаматтардың құқығын белгілеп, оны қорғау

 

Мемлекеттер өз негізгі заңын уақыт өте келе өзгертіп отырады. Өзгерістерді олар парламентте немесе бүкіл халықтық референдум арқылы енгізеді. Кейде елдер екі жолды да қолданады: алдымен парламент, кейін халық қарап, дауыс береді.

 

НЕГЕ КОНСТИТУЦИЯҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ?

 

Елдер Конституцияны саяси, экономикалық және құқықтық жүйесін өзгерту үшін, мысалы, президеттікке үміткерге қойылатын талаптар, президентті және парламент депутаттарын сайлау ережелерін өзгерту үшін жаңалайды. 

 

Қазіргі таңда әлемде өз Негізгі заңын өзгертпеген ел жоқ. Мемлекеттер оны орташа есеппен алғанда 10-17 жылда өзгертіп отырады.  

 

ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫ НЕШЕ РЕТ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

 

Тәуелсіз Қазақстан екі рет Конституция қабылдады 1993 және 1995 жылдары. Екіншісіне, яғни қазіргісіне бес рет өзгеріс енгізілді  1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары. 

 

1993 жылы  

 

Қазақстанның бірінші Конституциясы(1) 1993 жылы сол кезде Жоғарғы кеңес деп аталған бір палаталы парламентте қабылданды. Ол төрт бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрған.  Онда Қазақстанның тәуелсіз республика екені, мемлекеттік тілдің қазақ тілі, ал орыс тілі халыралық байланыс тілі екендігі жазылған. Тұңғыш Конституция бойынша:

 

Жоғарғы Кеңес: 

 

— Конституция қабылдап, оған өзгеріс енгізе;

— Президентке премьер-министр мен министрлерді тағайындауға рұқсат бере;

— Референдум өткізу туралы шешім қабылдай;

— Ел территориясын белгілеп, соған қатысты дауларды шеше;

— Мемлекеттік бюджетті белгілеп, өзгеріс енгізе;

— Конституциялық, Жоғарғы Арбитраж және Жоғарғы сотты тағайындай;

— Ұлттық банктің басшысын сайлай;

— Қаржы, салық жүйесін орната алатын еді.

 

Ал президент тек:

 

— Мемлекеттік бағдарламаларды бекітетін;

— Заңдарға қол қоятын;

Төтенше жағдай орната алатын.

 

Сонымен қатар мемлекет басшысы жылда бірнеше рет парламентке есеп беретін.

 

Әлі есімде, президент парламентке келіп, депутаттарға есеп беретін, дейді бұрынғы сенатор, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова the-steppe.kz сайтына.

 

Үкімет (Министрлер кабинеті) президент алдында жауап беріп, парламентке заңдардың орындалуына қатысты есеп беретін.

 

Бір сөзбен айтқанда биліктің басым бөлігі үкімет пен президенттің емес, парламенттің қолында болған. 

 

Бұл заңды сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы, кейін 1999 жылы президентті сайлауда Назарбаевтың басты қарсыласы болған Серікболсын Әбділдиннің құрметіне «Әбділдиннің Конституциясы» деп атаған. Оның айтуынша, бірінші Конституция қазақстандық және халықаралық сарапшылардың көңілінен шыққан, тек бір адамға ұнамаған – сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа. 

 

Ол республиканы президенттік қылғысы келді, бірақ оның ұсынысы өтпеді. Біз Конституцияда биліктің тепе-теңдігін сақтау үшін оның үш тармақты екенін ашып көрсеттік. Ал бұл Назарбаевқа ұнамады: ол елді тек өзі билегісі келді, дейді парламенттің бұрынғы спикері Азаттық радиосына. 

 

Басқа сарапшылардың ойынша, бірінші Конституция тәуелсіз мемлекеттің тек өтпелі кезеңіне жарайды, сондықтан жаңа Конституция қабылдау қажет болды. 

 

— 1993 жылғы Ата заң, әрине, тәжірибеге сүйеніп жасалған. Десек те ол өтпелі кезеңнің Конституциясы еді. Ол жерде мемлекетті қалай басқару керек екендігі жазылмаған. Қиын қыстау заман еді. Елді дағдарыстан дереу шығару керек болды. Оны алға сүйрейтін, дамытатын бағдарлама мен қағидалар керек еді, дейді заңгер Марат Бәшімов КТК телеарнасына.

 

 

1995 жылы

 

1995 жылы Назарбаев «жаңа Конституция қабылдау керек» деп, жұмыс тобын құрды. 

 

Конституцияда биліктің үш тармағының тепе-теңдігі сақталмаған, кейбір нәрсе нақты емес. Мысалы, парламент президенттің өкілетін қашан тоқтата, керісінше мемлекет басшысы қандай жағдайда Жоғарғы Кеңесті тарқата алатыны дәл көрсетілмеген, деген президент Қазақстан халқы Ассамблеясын ашу рәсімінде.  

 

Жаңа Конституцияны жасауға Жоғарғы кеңес қатыспады, себебі оны президент тарқатып жіберген еді.

 

Сол жылдың 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдау үшін бүкіл халықтық референдум өтті. Оған сайлау құқығы барлардың 90 %-ы қатысып, оның 90 %-ы  (7,2 млн қазақстандық) жаңа заңға дауыс берген.  

 

Сонымен, жаңа Конституция бойынша(2), енді Қазақстанда: 

 

— Мемлекет парламенттік емес, президенттік республика;

— Парламент бір палаталы емес, екі палаталы – Сенат пен Мәжілістен тұрады;

— Парламент өкілетінің біразы президент пен үкіметке өтті, мысалы, олар заңды қабылдау туралы бастама көтере алады;

— Парламент заңдар мен бюджеттің орындалуын қадағалай алмайды, тек ол туралы есепті талқылайды;

— Конституциялық және Арбитраж соттары жойылды, тек Жоғарғы сот қалды;

— Вице-президент қызметі жойылды.

 

1998 жылы 

 

1998 жылы Конституцияның 19 бабына өзгеріс енгізілді. Олар мынадай:

 

— Президент өкілетінің мерзімі бес жылдан жеті жылға созылды;

— Президент кемінде 40 жаста болуы керек (бұрын 35-те); 

— Президент пен мемлекеттік қызметкердің жасы 65 жастан аспауы керек деген шектеу жойылды (2005 жылы өтетін келесі сайлауда Назарбаевтың жасы 65-ға толған еді);

— Бір адам тек екі рет президент бола алады шектеу жойылды; 

— Сенат депутаттары парламентте төрт жыл емес, алты жыл, ал мәжіліс депутаттары төрт жыл емес, бес жыл отыра алады; 

— Мәжілістегі депутаттар саны артты – 60-тан 70-ке дейін;

10 мәжілісмен саяси партиялық тізім бойынша, яғни партия атынан сайланады.

 

2007 жылы 

 

Ең үлкен және маңызды өзгерістер осы жылы енгізілді. 

 

— Мәжіліс депутаттарының барлығы тек партиялық тізім бойынша тағайындалатын болды, яғни азамат дауысты үміткерге емес, оның партиясына бере алады. Парламентке өткеннен кейін партия онда кім отыратын өзі шешеді. Бұл «жабық партиялық тізім» деп аталады;

— Мәжілістегі депутаттар саны 107-ге дейін ұлғайды. Оның тоғызын Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындайды;

— 15 сенаторды президент тағайындайды (бұрын жетеу еді);

— «Бірінші Президент» деген ұғым пайда болды;

— Президент көп дегенде екі мерзімге сайлана алады, бірақ бұл шектеу Бірінші президентке, яғни Назарбаевқа қатысты емес;

— Президенттің өкілет мерзімі жеті жылдан бес жылға қысқарды;

— Президент әділет, қорғаныс, ішкі істер, сыртқы істер министрлерін тағайындайды, алып тастайды;

— Президент болу үшін кейінгі 15 жыл бойы Қазақстанда өмір сүру керек (бұрын тек «кемінде 15 жыл тұру керек» делінген еді);

— Президент заң шығару бастамасын көтере алады (бұрын бұл парламент пен үкіметтің құқығы болатын);

— Президент саяси партияда қызмет ете алады;

— Үкімет тек президентке есеп береді. Бұрын тек парламент алдында жауап беретін; 

Мәслихаттардың  өкілет мерзімі төрт жылдан бес жылға артты. Оларды сенат емес, президент тарқата алады.

 

2011 жылы

 

Ақпанда Конституцияға «президентті кезектен тыс сайлауды өткізу туралы шешімді президент қабылдай алады» деген өзгеріс енді. Дәл осы айда кезектен тыс сайлау өтетіні белгілі болды. Сайлау сәуір айында өтті. Онда Назарбаев дауыстардың 95,55 %-ын жинады. 

 

2017 жылы 

 

19 бапқа 26 өзгеріс енгізілді. Билік «бұл өзгерістердің президенттің құзыретін үкімет мен парламентке бөліп беруге бағытталған» деп хабарлады.  

 

— Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы деген ұғым пайда болды; 

Президенттің жоғарғы білімді болуы керек;

— Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды бекіте алады, бірақ президенттің келісімінен кейін;

— Үкімет парламент пен президентке есеп береді (бұрын тек президентке);

— Үкіметтің өкілеті жаңа мәжіліс құрылғанда тоқтайды. Бұрын жаңа президент сайланғанда тоқтайтын;

— Конституциялық кеңес президенттің өтінішін қарайды. Бұрын тек соттардың өтінішін қарайтын еді;

— Парламент — заң шығарушы билік. Бұрын ол тек «заң шығару» функциясын атқаратын; 

— Президент парламент депутаттарының үштен екісінің «үкімет мүшесін алып тастау керек» деген бірінші бастамасын қарауға міндетті. Бұрын тек екінші өтінішін қарайтын еді; 

— Жоғарғы сот қарамағындағы соттардың істерін қарайды. Бұрын тек олардың қызметін қадағалайтын еді;

— Сот террористік қылмыстар жасағаны және мемлекеттің маңызды мүддесіне үлкен зиян келтірген (қандай зиян екені нақты айтылмаған) азаматты азаматтықтан айыра алады.

 

2019 жылы

 

Астананың атауы бұрынғы президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова

Поделиться

Нет комментариев.

30/08/2020 08:40
6751 0

Уведомление