Үкімет қайда қарап отыр: Қазақстан министрлері немен айналысады?

Үкімет не істейді және сол үшін қанша ақша алады


19/08/2021
11:59 8681 0

Біз бұрын парламент пен сот не екенін, әкімдіктер не үшін қажет екенін жаздық. Енді үкімет не істейтінін, министрліктер неге жауап беретінін анықтаймыз. 

 


 

Қазақстанда мемлекеттік билік үш тармаққа бөлінген: заң шығарушы билік, атқарушы билік және сот. 

 

Атқарушы билік — министрлік, комитет, агенттіктер мен әкімдіктерді басқаратын үкімет. Парламент пен соттан басқа барлық дерлік мемлекеттік мекеме атқарушы билікке жатады. Бұл тармақтың көптеген міндеті бар, ең негізгісі — мемлекетті басқару. Сондықтан оның бюджеті мен ресурстары басқалардікіне қарағанда көбірек.  

 


 

Үкімет — атқарушы биліктің басты органы. Оның негізгі міндеті — заң бұзылмағанын қадағалау. 

 

Үкімет не істейді: 

 

• Мемлекеттің әлеуметі мен экономикасын дамыту және өзге де саясатына жауапты: бағаны реттейді, ел қауіпсіздігіне жауап береді және тағысын-тағы. 

• Мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, дұрыс орындалғанын тексереді;

• Мемлекет бюджетінен қанша ақша кететінін шешеді, жөнді жұмсалғанын қадағалайды, парламентке сол туралы есеп береді. 

• Парламентке заң жобаларын ұсынады, заңдар орындалғанын қадағалайды. 

 

Үкіметті қысқа да нұсқа түсіндірер болсақ, айтарымыз — осы.   

 

Бірақ үкімет бірнеше министрліктен тұрады. Олардың әрқайсының өз жауапкершілігі мен міндеттері бар. 

 

Министрлік — белгілі бір саладағы негізгі орган. Олар өз саласында стратегиялық міндеттерді орындап, басқа органдардың жұмысын қадағалайды. Министрліктің ведомство, департаменті мен басқармалары болады. 

 

Қазақстанда қандай министрліктер бар және олар не істейді? 

 

Бізде 18 министрлік бар. 

 

        • Сыртқы істер министрлігі (министр — Мұхтар Тілеуберді). Сыртқы саясат, виза және консулдық мәселелерін шешеді, шетелден инвестиция тартумен айналысады. 

        • Қорғаныс министрлігі (министр — Нұрлан Ермекбаев). Әскер мен оның дайындығымен айналысады, әскери білім береді, Қарулы күшті басқарады. 

        • Ішкі істер министрлігі (министр — Ерлан Тұрғымбаев). Полиция мен құқық қорғау жүйесінің проблемаларын шешеді. Көші-қон қызметі мен Ұлттық ұлан осы органға қарайды. 

        • Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі (министр — Аида Балаева). Ақпаратқа қол жеткізу, ақпарат кеңістігіндегі саясат (БАҚ мен интернет), жастар істеріне жауапты. 

        • Әділет министрлігі (министр — Марат Бекетаев). Заң мен құқықтық актілерді, заңды тұлғаларды тіркейді, адвокат фирмалары мен нотариустардың жұмысын қадағалайды, сот сараптамасы, атқарушылық өндіріске жауап береді. 

        • Білім және ғылым министрлігі (министр — Асхат Аймағамбетов). Бүкіл білім беру жүйесі (балабақшадан бастап аспирантураға дейін), ғылым мен тіл саясатына жауапты. 

        • Денсаулық сақтау министрлігі (министр — Алексей Цой). Денсаулық сақтау жүйесі, дәрігерлердің жұмысы, денсаулық сақтау саласындағы оқу және ғылыми жұмыстар, дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын тіркейді.

        • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (министр — Серік Шәпкенов). Азаматтарды жұмысқа тұрғызу, әлеуметтік көмек пен сақтандыру, зейнетақы, жұмыстағы құқық пен мұқтаж адамдарды қаржылай қорғауға жауапты. 

        • Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (министр — Бейбіт Атамқұлов). Жол құрылысы, өнеркәсіпті дамыту, көлік жүйесі, құрылыс және тұрғын үй, коммунал шаруашылық пен азаматтық авиацияны қадағалайды. 

        • Қаржы министрлігі (министр — Ерұлан Жамаубаев). Мемлекеттік аудит, қаржыны қадағалау, бюджет заңнамасы мен мемлекеттік органдарының есебіне жауапты. 

        • Мәдениет және спорт министрлігі (министр — Ақтоты Райымқұлова). Мәдениет, спорт, туризм, лотерея мен ойын бизнесін қадағалайды.  

        • Сауда және интеграция министрлігі (министр — Бақыт Сұлтанов). Ішкі және сыртқы сауда мәселелерін шешеді, тұтынушы құқығын қорғайды.  

        • Төтенше жағдайлар министрлігі (министр — Юрий Ильин). Төтенше жағдайды болдырмау мен құтқару жұмыстарына жауапты. 

        • Ұлттық экономика министрлігі (министр — Әсет Ирғалиев). Міндеті —  аймақтарды дамыту, мемлекет бюджеті, салық салу және кеден істерін реттеу, бизнесті бақылау мен дамыту, мемлекет активтерін басқару мен тарифтерді реттеу. 

        • Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (министр — Бағдат Мусин). Телекоммуникация, интернет, пошта байланысы, электрон үкімет және мемлекеттік қызметтер, ақпарат қауіпсіздігі, ғарыш саласы мен жаңа технологияларға жауап береді. 

        • Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (министрі — Мағзұм Мырзағалиев). Экология, су ресурстары, геология, қоршаған ортаға қатысты барлық нәрсеге жауапты. Осы салалардағы сыбайлас жемқорлықты тексереді. 

        • Энергетика министрлігі (министр — Нұрлан Ноғаев). Мұнай, газ өнеркәсібі, электр және атом энергетикасы салаларын реттеп отырады.  

        • Ауыл шаруашылығы министрлігі (министрі — Ербол Қарашүкеев). Агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы мен ауылдарды дамытады.  

Үкімет басшысы — премьер-министр. Қазір бұл қызметте Асқар Мамин отыр. Оның бірнеше орынбасары мен кеңсе меңгерушісі болады. Олар да үкімет қызметкерлері. 

 

Заңға сай, үкімет Мәжіліс мерзімі біткенде тарқатылады, яғни бес жыл сайын отставкаға кетеді. Содан кейін президент үкіметке жаңа министрлер тағайындайды. Ол бұрынғы министрлерді орнынан алмауы да мүмкін, бұған заңда тыйым салынбаған. 

 

Үкімет құрамын тек президент бекітеді — халық министрлерді сайлай алмайды. Кез келген министр өз еркімен отставкаға кете алады. Премьер-министр кетсе, үкіметтің жұмысы жаңа басшы тағайындалғанға дейін тоқтатылады. 

 

Үкімет мүшелері:

 

  • Мәслихат я парламент депутаты бола;
  • Оқытушылық, ғылыми не шығармашылық жұмыстан басқа жерде істеп, жалақы ала;
  • Бизнеспен айналыса, коммерциялық ұйымның басқару органына не бақылау кеңесіне мүше бола алмайды. 

Үкімет мүшесі беретін ант:

 

«Қазақстан Республикасының халқы мен президентi алдында өз Отаным — Қазақстан Республикасын экономикалық және рухани дамыту iсiне барлық күш-жiгерiм мен бiлiмiмдi жұмсауға, мемлекеттiң Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзiмнiң барлық iс-әрекетiмде заңдылық пен әдiлеттiлiк, азаматтық және ұлтаралық татулық принциптерiнен айнымауға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, әлемдiк қоғамдастықта өз елiмнiң мемлекеттiгi мен беделiн нығайта беруге салтанатты түрде ант беремiн. Ант етемiн».

 

Үкімет өзекті мәселелерді талқылау үшін айына кем дегенде бір рет жиналады. Министрлер мен әкімдер жиында сөз сөйлейді. Мысалы, 29 маусымда өткен кездесуде олар коронавирусқа қатысты жағдай мен мектептегі қауіпсіздікті талқылады. 

 

Айтпақшы, үкімет отырыстарын онлайн көруге болады. 

 

Үкімет кімге бағынып, кімді басқарады?  

 

Үкімет президент пен парламентке есеп береді. Министрлер өздері шешім шығара алса да, премьер-министрге жауап беруге міндетті. 

 

Үкімет заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламаларды бекітерде президенттен рұқсат сұрайды.

 

Үкімет заң шығару керек деп бастама көтере, яғни Мәжіліске заң жобаларын өткізе алады. Одан бөлек, үкімет парламент депутаттарының сауалдарына жауап береді. Айта кететін жайт, өткен парламент сессиясында (2019–2020 жылдары) 127 заң жобасының 34-ін (26,8 %) депутаттар, қалған 93-ін (73,2 %) үкімет әзірлеген. 

 

Үкімет әкімдіктерді басқарады. Әкімдер үкіметке есеп береді, мемлекетті басқаруға қатысты ұсыныс айта алады. 

 

Мемлекет бюджеті мен министрлердің жалақысы 

 

Қазақстанда мемлекеттік қызметкердің жалақысы — құпия ақпарат. Министрлер мен депутаттар сөз қылып айтқаны болмаса, олардың жалақысы туралы ештеңе білмейміз. 

 

Мысалы, 2018 жылы жаңадан тағайындалған қаржы министрі Әлихан Смайылов журналистерге жалақысы шамамен 1 миллион теңге екенін айтты. «Мен “Самұрық-Қазынада” істегенде екі есе көп алатынмын», — деді Смайылов. 

 

Үкіметтің бірыңғай бюджеті жоқ, министрліктер қажетіне қарай ақша алады. 

Қазақстан Республикасының 2021–2023 жылғы бюджетіне сай, 2021 жылы бюджеттің көп бөлігін — 4 триллион теңгені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлік алады. 

 

Қаржы министрлігіне 3,5 триллион, Денсаулық сақтау министрлігі, Индустрия министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне бір триллионнан астам қаражат бөлетін болды. 

 

Қалған министрліктер бұдан азырақ алады. Ең азы Әділет министрлігінің еншісіне тимек. Көлемі — шамамен 47,5 миллиард теңге.

 

Қазақстанда министрлер сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен жиі ұсталады. Кейінгі атышулы істердің бірі — бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің аса ірі көлемде мемлекет қаражатын жұмсады деп күдікке ілінгені. Қазір ол үйқамақта отыр. Сотта Біртанов тағылған айыпты терістеді. 

 

Қаражат ұрлады деп мына бұрынғы министрлер айыпталған еді: 

 

        • Экология министрі Нұрлан Ысқақов 2009 жылы тұтқындалып, төрт жылға сотталды, екі жылдан кейін бостандыққа шықты; 
        • Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев 2011 жылы жеті жылға сотталды, бірақ 2012 жылы Назарбаев кешірім бергесін бостандыққа шықты; 
        • Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаев 2017 жылы қамауға алынып, 2018 жылы он жылға сотталды, 2019 жылы ерте босап шықты;
        • Экс-премьер-министр Серік Ахметов 2015 жылы он жылға сотталды, мерзімі екі рет қысқартылды, ал 2017 жылы түрмеден шығып, төрт жылға бас бостандығы шектелді. 

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚГЕЙТ, ИНСУЛЬТ, LRT: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АТЫШУЛЫ 5 ЖЕМҚОРЛЫҚ ІСІ

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

19/08/2021 11:59
8681 0

Уведомление