Әкімдіктер 16-17 желтоқсанда митинг өткізуге рұқсат бермей жатыр

Өңірдегі әкімдіктер «жаңа жылға дайындық», «өтініш толық емес» деген сылтау айтуда


15/12/2022
12:04 24096 0

Фото: Adamdar.ca

 

Қазақстан бойынша әкімдіктер белсенділерге 16-17 желтоқсан күндері митинг өткізуге рұқсат бермей жатыр. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

 

Алматы әкімдігі азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің 17-18 желтоқсанда қалада соғысқа қарсы бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеді. Әкімдік мұның себебін «ескерту беру уақытын сақтамады» деп түсіндірген.

 

Белсенді Алматыдағы митингіде Украинаға көмек көрсетуді, Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығуын; Жаңаөзен, Желтоқсан, Қаңтар оқиғаларындағы адам өлімдерін қайта тергеуді, «одақтас елден» бас тартуды талап етпек болған.

Бұған дейін Астана, Петропавл, Орал және БҚО-дағы Ақсай қаласының әкімдіктері де 16-18 желтоқсанға митинг өткізуге рұқсат бермеген.

Петропавлда құқық қорғаушы Сергей Измайлов 17-18 желтоқсанда митинг өткізу үшін әкімдікке үш рет ескертпе тапсырған, бірақ әкімдік 12 желтоқсанда оған митинг өткізуге рұқсат бермеген. Жергілікті билік 17-18 желтоқсанда митинг өтетін жерде «Жаңа жылға дайындық жүргізілетінін» айтқан.

БҚО Ақсай қаласының әкімдігі де белсенділерге 17 желтоқсанда митинг өткізуге екі рет рұқсет бермеді. Жергілікті билік бірінші өтінішке «белсенділер шара туралы толық ақпарат бермеді» десе, екінші өтінішке «17 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне шара өтеді» деген.

Қазақстанда тәуелсіздік күні 16 желтоқсанда тойланады.

Орал әкімдігі белсенді Бекболат Өтебаевқа 17 желтоқсанда «саяси тұтқындарға бостандық, репрессияға жол жоқ, шынайы саяси реформа жасалсын» деген тақырыптағы митингісін өткізуге мүмкіндік бермеді. Әкімдік «Өтебаев шара туралы толық мәлімет бермеді» дейді.

Астана әкімдігі де белсенділерге 17 желтоқсанда Аштық құрбандары ескерткішінің алдында митинг өткізуге рұқсат етпеді. Әкімдік ескерткіш митинг өткізу орындарының қатарына кірмейді деген.

Қарағанды мен Көкшетауда да белсенділер 17-18 желтоқсанда митинг өткізуге рұқсат ала алмады.

Қазақстанда жұрт бейбіт наразылық өткізу үшін алдын ала жергілікті билікке ескертуі керек. Құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт митинг туралы заңы халықаралық стандарттарға сай келмейді, азаматтардың ойын ашық айтуға мүмкіндік бермейді деп сынайды.

 

Поделиться

Нет комментариев.

15/12/2022 12:04
24096 0

Уведомление