«Киіктерді заңсыз атқан»: «Охотзоопром» қызметкерлерімен жанжалдасып қалған тұрғындар қамалды


26/01/2024
14:30 9229 0

Фото: Ашық дерккөзден

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында «Охотзоопром» қызметкерлеріне «кедергі жасады» деп айыпталған Қызылжар ауылының тұрғындары қамалды. Бұл жөнінде Азатық радиосы хабарладыТұрғындар мен «Охотзоопром» қызметкерлері арасындағы оқиға 16 қаңтарда Қызылжар ауылы маңында болған. 

 «Охотзоопром» қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған, оларға күш қолданып, кейін ізін жасырған ауылдың төрт тұрғыны ұсталды. Төртеуі де қызметкерлерге күш қолданды деген күдікке ілінген. Изоляторға қамалды. Тергеу соты оларды қамауға рұқсат берді, — деді Ұлытау облысы полиция департаментінің өкілдері. 

Ұсталғандардың жақтастарының айтуынша, күдікті төрт адам киіктерді атуға кедергі жасамақ болған. Туыстары жан-жақты әрі ашық тергеу талап етіп отыр. Ауыл тұрғындарына сарапшы Алмасбек Садырбай араша түсті. Оның сөзінше, тұрғындар «киіктерді заңсыз ату» жағдайына куә болған. Атылған киіктер арасында буаздары да болған. 

«Заң бәріне ортақ болғанын талап етеміз» деді Алмасбек Садырбай Instagram-дағы парақшасында. 

Ол сонымен бірге ауыл тұрғындарының видеомәлімдемесін де жариялады. Олардың сөзінше, ұсталған төрт адам атылған оқ дыбысын естіп, сол орынға барған. Олар ұсталғандар «Охотзоопром» қызметкерлерін ұрды, қаруларын тартып алды деген ақпаратты жоққа шығарды. 

Ал «Охотзоопром» мекемесінің мәлімдеуінше, 16 қаңтарда «киіктердің санын реттеу шарасы кезінде» Қызылжар ауылының төрт тұрғыны "Охотзоопром" қызметкерлерімен төбелесіп, олардан қызметтік қарулары мен қызметтік көлік кілтін тартып алып, кейін жасырынған.

Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті өкілдері аталған шара «заңға сәйкес» жүргізілгенін, киіктер түнде атылғанын, ал таңертең өлген киіктер жинау үшін аумақты жүріп өткенін айтқан. 

«Алайда жанжал кезінде жергілікті тұрғындар өлген киіктерді жинауға мүмкіндік бермеген, олардың талабы бойынша киіктер полиция бөліміне тапсырылған» деді орман және аңшылық шаруашылығы комитеті өкілдері.

Қазақстан экология министрлігі «киіктер ауыл шаруашылығына зиян тигізіп жатыр» деп санын азайту үшін атуға рұқсат берген. Киіктерді ату былтыр қазанда басталған.

Поделиться

Нет комментариев.

26/01/2024 14:30
9229 0

Уведомление