Халық қаңтар оқиғасын ұмытып кетті ме?

Қаңтар оқиғасының болғанына үш айдан астам уақыт өтті. Осыған дейін сан алуан комиссия құрылды, азаптау, сот процесі, көз жұмғандар жөнінде әлеуметтік желі мен тәуелсіз БАҚ-та көп айтылды


29/04/2022
13:41 6940 0

Қаңтар оқиғасының болғанына үш айдан астам уақыт өтті. Осыған дейін сан алуан комиссия құрылды, азаптау, сот процесі, көз жұмғандар жөнінде әлеуметтік желі мен тәуелсіз БАҚ-та көп айтылды. Бірақ ел қаңтар оқиғасын қысқа уақыт ішінде ұмытып кеткен сияқты. Бұл халықтың қанды қасіретті сезіне алмауы ма, жоқ әлде үрейден туған шарасыздық па? 

 

Қаңтар оқиғасын талқылау бәсеңдеп қалған шығар, бірақ ол ұмытылған жоқ 

 

Қаңтар оқиғасына байланысты құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы Қаңтар оқиғасын талқылау бәсеңдеп қалған шығар, бірақ ол ұмытылмайды деп есептейді. 

 

— Қаңтар оқиғасын талқылау қоғамда мүмкін бәсеңдеп қалған шығар. Ол ешуақытта ұмытылмайды. Біз күнде комиссияда аналардың мұң-зарын тыңдап жүргендіктен біз үшін ұмытылған жоқ, керсінше еселеніп жатыр. Мемлекеттік БАҚ бұны көрсетпеді емес, көрсетті. Бірақ басқа қырынан көрсетті. Ал әлеуметтік желіде талқыланбай жатуы ол оның заңы. Ол қандай мәселе болса да елпең-желпең, жеңіл-желпі айтып өтеді.   «Азаттық» радиосына, «Бәсе» ютуб арнасына, Қойшыбек Мүбарак, Думан Мұхаммедкәрім деген азаматтар ризашылығымды білдіремін. Нағыз тәуелсіз журналистер осылар. Олар оқиғаға қатысы бар адамдардың талап-арызын жазып алып жүр. Бұл журналистерге мемлекет тендер беріп жатқан жоқ. Бізден басқа да комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Оның барлығы ұмытпау үшін керек нәрсе. Мен бұны адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп есептеймін. 230 адамның өлімі жеке қасірет емес, тұтас адамзатқа жасалған қылмыс. Оған біз қозғау салмасақ қалай болады?

 

Қаңтар оқиғасы жапа шеккендер мен белсенділердің тақырыбы болып қалды

 

Қаңтар оқиғасын басынан аяғына дейін жазып, көрсетіп келе жатқан «The Qazaq Times» порталының бас редакторы Қойшыбек Мүбарак халық Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық бергеннен кейін үрейленіп қалды дейді. 

 

—Өкінішке орай, бізде мемлекеттік машина осындай кездерде өте керемет жұмыс жасайды. Оны – Шаңырақ оқиғасында, Бақайдағы бассыздықта, Қызыл-ағаш қасіретінде, Жаңаөзен қырғынында көрдік. Қаңтар қырғынында бұл шегіне жетті деуге болады. Соның салдарынан күні бүгінге дейін Алматыны 20 мың террорист басып ала жаздады, иә болмаса МемБАҚ-тың басқа да пропагандасына сенетіндер өте көп. Бұл саналы және бейсаналы түрде жүріп жатыр. Біздің МемБАҚ-тағы әріптестеріміз қанды қаңтар қасіретін әлі түсінбеген секілді. Қаңтар қырғынының кең көлемде айтылмай ұмыт болып бара жатуы – анығында басқа себептерге байланысты болса керек. Жасырып,  жабатын түгі жоқ. Біздің халық бүгінге дейін экс - президент Назарбаевтан қорқатын-тұғын. Соның салдарынан да 30 жыл бойы Назарбаевтың айтқаны болып келді. Тұтас мемлекет жеке меншігіне өтіп кеткендей болды. Ал қазіргі президент Тоқаевтың қаңтарда ескертусіз оқ ату деген қанқұйлы бұйрығынан соң тіптен үрейленіп қалды. Қазір қаңтар оқиғасы жақындары жапа шеккендер мен белсенділердің ғана тақырыбы болып қалды. Қалған халық үнсіз. Біз балық сияқты қоғамбыз. Кез келген оқиғаны, мәселені талқылау мерзіміміз бір апта немесе бір айдан ары аспайды...

 

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Билік осы уақытқа дейін тек көз жұмған күштік құрылым қызметкерлерінің аты – жөнін жариялады. Ал оққа ұшқан бейбіт халықтың аты – жөнін әлі күнге дейін жарияламады.

Поделиться

Нет комментариев.

29/04/2022 13:41
6940 0

Уведомление