Халел Досмұхамедұлы туралы не білеміз?

Алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Алаш Орда қайраткерінің өмірбаяны


31/05/2021
12:05 9100 0

31 мамыр — саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Соған орай Алаш Орда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Сталин репрессиясының құрбаны Халел Досмұхамедұлының өмірбаянын айтып береміз. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҰЛЫ ЖҰТ ТУРАЛЫ 10 ДЕРЕК

 


 

1. Халел Досмұхамедұлы 1883 жылғы 24 сәуірде қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Он баланың жетіншісі болған. Отбасы әрең күн көрген. 

 

2. 1903 жылы Орал казак училищесін бітіргеннен кейін Халел Петербург медицина академиясына оқуға түседі.

 

3. 1905–1906 жылғы революция кезінде өзге қазақ студенттерімен бірге Орал облысында саяси үгітпен айналысып, 1906 жылы тұтқындалды. Кейін оларға саяси іспен айналысуға тыйым салынды.

 

4. 1910 жылы Халел Досмұхамедұлы жоғары оқу орнын бітіріп, учаскелік дәрігер болып жұмысқа тұрды, оба жұқтырғандарды емдеді. Сол кезде оба індеті Қазақстанда қайта-қайта өршіген еді. Мысалы, 1905 жылы аурудан төрт айда 600-ден астам адам көз жұмды.

 

Адам шығыны көп болмауы үшін көшпелі қазақтарға арналған карантин ережелерін ойлап табу керек болды. Сондықтан 1918 жылы Досмұхамедұлы «Қырғыз (қазақ) халқының арасында обамен қалай күресуге болады» деген кітап жазды. Онда автор мүліктің көзін құртқанда мемлекет қандай өтемақы беруі керегін де көрсеткен. 

 

Сонымен қатар ол «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрісі хақында» , «Сары кезік — сүтек» және «Жұқпалы ауру хақында» мақалаларын жазды.

 

5. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Халел Орал облысы мен бірінші жалпықазақ съезіне қатысты. Құрылтай съезіне «Алаш» партиясынан депутат боп сайланды. Бұл жиынға депутаттар елдің саяси жүйесін анықтауға — Ресей федератив мемлекет бола ма, ұлттық азшылықтарға автономия беріле ме, жоқ па, соны шешуге жиналған еді. 

 

6. 1917 жылғы қазанда большевиктер билікті басып алғаннан кейін, Алаш Орда екінші жалпықазақ съезін өткізді. Онда зиялылар қазақ автономиясын жариялау қажет деп шешім шығарды. Халел Досмұхамедұлы Алаш Орда үкіметіне мүше болды. 

 

7. 1918 жылы қаңтарда большевиктер Құрылтай съезін таратып жіберді. Халел Досмұхамедұлы мен Алаш Орда батыс бөлімінің басшысы Жаһанша Досмұхамедұлы Сталин мен Ленинмен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге аттанады. Большевиктер қазақ автономиясын мойындаймыз дегесін Алаш Орда оларға жақтас болады. Ал басқа — консерватив саяси күштер автономия туралы естігісі де келмеді. 

 

Келіссөзде тараптар бір-бірін мойындаймыз деп уағдаласты. Кейін Алаш Орданың батыс бөлімшесі Кеңес өкіметін мойындау туралы үндеу шығарды. Бірақ большевиктер келісімді орындаудан бас тартып, Алаш Ордамен барлық байланысын үзеді. Кейін алаштықтар Азамат соғысында оларға қарсы шығып, ақтарға болысады. 

 

8. Алаш Орда большевиктерден жеңіліп, Қазақстанда Кеңес өкіметі орнады. Әлихан Бөкейханның ұсынысы бойынша Алаш Орданың көптеген мүшесі қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау үшін кеңес мекемелерінде жұмыс істей бастады.

 

Халел Досмұхамедұлы Түркістан республикасында ағартумен айналысты: Ташкент университеттері, баспа мен ғылыми мекеме істері жөніндегі ғылыми комиссияда еңбек етті. Оның жетекшілігімен қазақ тілінде ондаған кітап жарық көрді. Өзі қазақ тілінің ғылыми терминологиясы туралы еңбектер мен жаратылыстану, қазақ ауыз әдебиеті оқулығын жазды.

 

9. 1930 жылы 14 қыркүйекте Досмұхамедұлы жасырын ұлтшыл ұйым құрды және ұжымдастыру іс-шарасына кедергі келтірді деген айыппен қамауға алынды.

 

1932 жылы 20 сәуірде қайраткер бес жылға Воронежге айдалды. Онда Воронеж гигиена және әлеуметтік денсаулық сақтау институтының бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. 

 

1938 жылғы 26 маусымға қараған түні Халел қайтадан тұтқынға алынды. 1939 жылы ату жазасына кесіліп еді, бірақ сол жылғы 7 тамызда Алматыдағы түрме ауруханасында туберкулезден қайтыс болды.

 

10. 1958 жылы 28 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы соты Халел Досмұхамедұлын толық ақтады.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

31/05/2021 12:05
9100 0

Уведомление