Израильдегі наразылық. Полиция шерушілерді күшпен таратты

Көшеге 600 мыңнан астам адам шыққан


27/03/2023
11:51 18043 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Израильде сот реформасына қарсы халық ереуілі жалғасуда. Полиция наразыларды күшпен таратты. Шерушілерді қолдаған қорғаныс министрі қызметінен кетті. 

 

Наурыздың 26-ынан 27-іне қараған түні қорғаныс министрі Йоава Галант қызметінен алынғаннан кейін мыңдаған адам көшеге шыққан. Олар сот реформасы демократияға қайшы деп есептейді және қазіргі елдегі жағдай мемлекеттік қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептейді. 

 

Галант сот реформасын бірнеше айға тоқтата тұруды айтқан. Оның сөзінше, Израиль әскері мен қауіпсіздік қызметінде де реформаға қарсылық көңіл-күй бар. Оны оппозиция жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Яир Лапид те қолдаған. 

 

Бұған жауап ретінде премьер-министр Биньямин Нетаньяху Галатты қызметінен босатқан. Бұл жөнінде жексенбіде The Jerusalem Post хабарлаған. Нетаньяху Галант «үкіметтің сыртынан әрекет етіп, сенімнен шықты»деп мәлімдеген.

 

Израильде сот реформасына қарсылық жалғасып жатқанына бірнеше апта болды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, кеше 600 мыңнан астам адам қарсылық шеруіне шыққан. Бұл – Израиль тарихындағы аса ірі акция. Израиль халқының саны 8 миллионнан сәл-ақ асады.

Биньямин Нетаньяху үкіметі ұсынып отырған сот реформасы бойынша, парламенттегі көпшілік Жоғарғы сот судьяларын іріктейді, ал соттың өзі үкімет шешімін қайтара алмайды. Келесі аптада парламент реформаны дауысқа салады. Наразылық акциясына шыққандар бұл заң қабылданса, сот тәуелсіздігінен айырылады деп есептейді.

Поделиться

Нет комментариев.

27/03/2023 11:51
18043 0

Уведомление