Испанияда наразылық өршіді: жалпыұлттық ереуілге 4 млн жұмысшы қатысты
Мадрид пен Барселонада мыңдаған адам қатысқан шерулер соңы полициямен қақтығысқа ұласты.
Бұл - Испанияда соңғы 14 жылда алғаш рет өткен жалпыұлттық ереуіл. Кәсіподақтардың мәліметінше, оған шамамен төрт миллион жұмысшы қатысқан. Бұл елде еңбек ететін азаматтардың әрбір бесіншісіне жуық. Қатты жауынға қарамастан, жұртшылық көшеге шығып, наразылық акциялары Испанияның бірнеше қаласында өтті.
Шерулердің басым бөлігі бейбіт сипатта болғанымен, кешке қарай жағдай ушыға түсті. Барселонада тәртіпсіздікке қатысушылар дүкендердің әйнегін сындырып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қақтығысқан. Ал Мадридте полиция жиналған жұртты тарату үшін арнайы құралдар қолданды.
Испаниялық БАҚ-тың соңғы мәліметінше, ел бойынша кемінде 75 адам ұсталған. Кәсіподақтар шеруге қатысушылар арасында зардап шеккендер бар екенін хабарлап, полицияны күшті шамадан тыс қолданды деп айыптады.
Испандықтардың наразылығына түрткі болған басты мәселе – баспана бағасының күрт қымбаттауы. Испания Жастар кеңесінің дерегінше, пәтерді жалға алу құны орта есеппен айына 1176 еуроға жеткен. Бұл жас маманның орташа айлық жалақысының 99 пайызына жуық.
Испания банкі елде 750 мың тұрғын үй жетіспейтінін есептеген. Ал 2028 жылға қарай баспана тапшылығы бір миллионнан асуы мүмкін.
Қазіргі наразылық толқыны қыркүйекте Мадридте 87 жастағы әйелдің пәтерінен шығарылуынан кейін басталған. Көп ұзамай ол қайтыс болып, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
фото: Emilio Morenatti/AP/TASS
08:52
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.