Ескі де жаңа жүйе: Кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы қалай өтеді?

Қазақстанда бұндай жүйе 2004 жылға дейін болған


02/02/2023
12:52 16606 0

Қазақстанда 19 наурызда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы өтеді. Бұл жолғы сайлаудың бұрынғы сайлаулардан қандай ерекшелігі бар? Ескі де жаңа жүйемен өтетін сайлауға кімдер қатыса алады? Бүгін біз кезектен тыс парламент сайлауына қысқаша тоқталып көруді жөн санадық.  

 

19 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс пен мәслихатты таратты. Депутаттардың бұл шақырылымы 2021 жылдың қаңтарында жасақталған. Олар небәрі екі жыл ғана отырды. Жалпы, Қазақстанда сайлаулардың кезектен тыс өтуі дәстүрге айналған. 

 

Конституцияның өзгеруіне байланысты бұл жолғы Мәжіліс 98 депутаттан жасақталады (бұрын 107 болған). Олардың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. 

 

Қазақстанда бұндай жүйе 2004 жылға дейін болған. Парламент жартылай партиялық, жартылай мажоритарлық жүйе бойынша жасақталып келген. 2007 жылы Конституцияға өзгертулер енгізіліп, бұл жүйе жойылып, кандидаттар тек партиялық тізіммен іріктелетін болған. 

 

Үміткерлердің өзін-өзі ұсынуы 20 қаңтарда басталған. Ол ақпанда аяқталады. 18 ақпан – кандидаттарды тіркеу күні. Осыдан кейін үгіт-насихат жұмыстары басталады. 

 

Қазір Қазақстанда ресми тіркелген жеті партия бар: 

 

·      Amanat (бұрынғы «Нұр Отан»)

·      «Ақ жол»

·      Қазақстан халық партиясы (бұрынғы «Коммунистік партия»)

·      «Ауыл»

·      ЖСДП

·      «Байтақ» жасылдар патиясы

·      «Respublika»

 

Партия мүшелері бір мандатты округтерге өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлауға түсе алады. Бірақ, партиялық тізімде бар кандидат бір уақытта екі жақтан да сайлауға қатыса алмайды. 

 

Парламент Мәжілісі депутаты болу үшін үміткер 25 жастан асқан, соттылығы жоқ, Қазақстан аумағында он жыл тұруы тиіс. 

 

Мәслихатқа 20 жастан асқан кез келген Қазақстан азаматы үміткер бола алады. 

 

Мәжіліс депутаттығына үміткер болу үшін кандидат 15 АЕК – 1050 000 теңге, мәслихат депутаттығына кандидат болуға 5 АЕК – 350 мың теңге жарна төлеуі қажет. 

 

Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша тәуелсіз кандидат ретінде азаматтық қоғам мен оппозиция өкілдері өз-өздерін ұсынуда. Бір сыпырасын айта кететін болсақ, Алматы қаласында журналист Динара Егеубаева, құқық қорғаушы Инга Иманбай, Астана қаласында саясаткер Уәлихан Қайсаров, Семей қаласында құқық қорғаушы Ерлан Калиев кандидатураларын ұсынды. 

 

Бұған қоса, тәуелсіз кандидаттар арасында тіркеуден өтпей қалғандар да бар. Алматы облысынан Мәжіліс депутаттығына үміткер болған тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімді жергілікті комиссия сайлауға жібермеді. Ол бұны саяси көзқарасына байланысты жасалған кедергі деп бағалап, сотқа шағымданатынын айтты.  

 

Бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынған кандидаттар сайлауға түседі. Мандаттар жергілікті халықтың санына қарай жасақталады. 

 

Мысалы:

 

Алматы қаласы мен Түркістан облыстарында халық саны көп болғандықтан, бұл аймақтардан Мәжіліске үш депутаттан сайланады. 

 

Астана, Шымкент, Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан Мәжіліске екі депутаттан барады. 

 

Қалған облыстардан парламентке бір депутаттан өтеді. 

 

Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі тәуелсіз бақылаушылардың жұмысының қиындауында. Заң бойынша енді олар сайлауды бақылау үшін Орталық сайлау комиссиясынан арнайы аккредитациядан өтуі тиіс. Олар ОСК-ға сайлауды бақылауға құқығы бар екенін дәлелдеп, көрсетуі тиіс. 

 

ОСК ұйымның өтініш, арызын 30  күн ішінде қарап, бір жылға аккредитация беруі қажет. Тәуелсіз бақылаушылар бұны өздерінің жұмыстарына жасалған кедергі деп есептейді. Олар билік осылайша тәуелсіз бақылаушылар ұйымдарының жұмысын шектеп жатыр дейді. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

02/02/2023 12:52
16606 0

Уведомление