Эпштейн ісі: 2023 жылы тергеу файлдары хакердің қолына түскен
2023 жылы шетелдік хакер қаржыгер Джеффри Эпштейннің ісін тергеуге қатысты файлдарға қол жеткізген, деп хабарлайды Masa media.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, хакер бұл материалдар құқық қорғау органдарына тиесілі екеніне сенбей, көргендері туралы Федералдық тергеу бюросына өзі хабарлаймын деп қорқытқан.
Агенттіктің мәліметінше, оқиға 2023 жылғы 12 ақпанда балаларға қарсы қылмыстарды тергеумен айналысатын цифрлық сараптама зертханасында болған. ФБР қызметкері цифрлық дәлелдермен жұмыс істегеннен кейін серверге сырттан қол жеткізу мүмкіндігін байқаусызда ашық күйде қалдырған. Соның салдарынан жүйеге бөгде адамдардың енуіне жол ашылған.
Агенттіктің хабарлауынша, шетелдік хакер үш жыл бұрын бюроның Нью-Йорктегі кеңсесінің серверін бұзу кезінде марқұм қылмыскер Джеффри Эпштейннің ісін тергеуге қатысты файлдарға қол жеткізген.
Келесі күні қызметкерлер желінің бұзылғаны туралы хабарламаны байқап, тексеріс жүргізген. Нәтижесінде рұқсатсыз кіру іздері және Эпштейн ісіне қатысты файлдардың ашылғаны анықталған. Қандай нақты материалдарға қол жеткізілгені және олардың жүктеліп алынған-алынбағаны әзірге белгісіз.
ФБР бұл жағдайды “жекелеген кибероқиға” деп атады. Ведомствоның мәліметінше, зиянкестің қолжетімділігі дереу бұғатталып, желінің жұмысы қалпына келтірілген. Қазіргі уақытта сервердің бұзылуына қатысты барлық мән-жай анықталып жатыр.
Reuters дереккөзінің айтуынша, шабуылды жасаған шетелдік хакер өзі құқық қорғау органының серверіне кіргенін түсінбеген болуы мүмкін. Құрылғыдан балаларға қатысты зорлық-зомбылық материалдарын көрген соң, ол ашуын білдіріп, сервер иесін ФБР-ға тапсыратынын айтып хабарлама қалдырған.
Агенттік сұхбаттасушысының сөзінше, оқиғадан кейін бюро қызметкерлері хакерге оның шынымен федералдық агенттермен байланысқа шыққанын түсіндіруге тырысқан. Тіпті видеоқоңырау кезінде қызметтік куәліктерін көрсеткені де айтылды.
фото: nst.com.my
18:08
46
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.