Демографияның жаңа дәуірі: әлемде бала туу көрсеткіші төмендеп барады
Әлем халқының өсу қарқыны біртіндеп баяулап келеді. Қазақстанда да туу көрсеткіші төмендей бастады.
Әлемдегі ахуал
Ресейлік демограф Елена Чурилова әлемде туу көрсеткішінің төмендеуін демографиялық өтпелі кезеңмен, өмір сүру ұзақтығының артуымен және контрацепцияның тиімді әдістерінің кең таралуымен байланыстырады. RT-ге берген сұхбатында ол қоғамда алдымен өлім-жітім азайып, кейін туу көрсеткіші біртіндеп төмендейтінін айтады. Алайда әзірге адамзаттың жойылып кету қаупі бар деуге негіз жоқ. Сарапшының пікірінше, әлем халқы болашақта қазіргі деңгейден төмен көрсеткіште тұрақтауы мүмкін.
Демографиялық инерция алдағы біраз уақыт бала туу көрсеткішін белгілі бір деңгейде ұстап тұрады. Себебі әлемде жастар мен бала туу жасындағы әйелдер әлі де көп.
Тарихқа көз жүгіртсек, өлім-жітім азайып, туу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталған кезеңде халық саны өте жылдам өсті. 1950 жылы әлем халқы 2,5 млрд адам болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 8 млрд-қа жетті. Қазір әлем халқының өсу қарқыны баяулағаны айқын аңғарылады.
Қазақстандағы жағдай
Қазақстанда да соңғы уақытта бала туу көрсеткіші төмендеп барады. 2021 жылы елде тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш тіркеліп, 445 875 бала дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 005-ке төмендеген. Төрт жыл ішінде 111 мыңға, яғни 24,9 пайызға азайған. Бала туу көрсеткіші жекелеген өңірлерде емес, елдің барлық аймағында төмендеп отыр.
Егер 2025 жылғы көрсеткішті демографиялық өсімнің шарықтау шегі болған 2021 жылмен емес, 2015 жылмен салыстырсақ, құлдырау соншалықты дабыл қағарлықтай емес – шамамен 16 пайыз. Қазіргі төмендеу ішінара 2020–2021 жылдардағы шамадан тыс жоғары көрсеткіштен кейінгі кері шегініс болып отыр.
Демограф Шынар Төлешова бұл кезеңді пандемия кезіндегі baby boom деп түсіндіреді.
– Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарындағы туу көрсеткішінің шарықтау шегі 2021 жыл болды. 2020 жыл да туу көрсеткіші өскен жыл ретінде ерекшеленеді. Бұл жылдарды жалпы карантиндік baby boom деп атаймыз. Яғни рекордтық туу дәл осы жылдары болды. Әдетте baby boom бір-екі жылға ғана созылады. Осы кезеңнен кейін көбіне бала туу көрсеткішінің төмендеуі байқалады, - дейді маман.
Фото: Midjourney
10:11
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.